13.12.2023, 11:15
Оқылды: 0

Академик Алтай Тайжановтың парасат-пайымы

«Көл жағасыз, ел ағасыз болмайды» дейді ескіден қалған есті сөз. Иә, ел ағасы дегенде, әркімге аға болатын жасы үлкенді емес, елге сыйлы, аузы дуалы, ел үшін еңбек етіп, ісімен, ғылымымен, ұстаздық жолымен, ұлт руханиятына қосқан үлесімен тұлғаланып тұрған қоғамдағы сыйлы азаматтарды айтамыз. Алдымызда, көш басында жүрген жақсы ағамыз туралы бірер пікір айту парыз. Ілияс Жансүгіров ақын да «Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерді» демей ме?! Бүгінгі кейіпкеріміз – Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетіндегі қоғамдық-гуманитарлық пәндер кафедрасының профессоры, философия ғылымдарының докторы, ҚР ӘҒА академигі Алтай Тайжанов.

a8f5a199-b0d1-4c65-bc97-3def139c175b

Ол – кеңестік  ғылыми мектептің жоғары деңгейлі талаптарының барлық кезеңінен өткен ғалым-ұстаз, оқытушылық жұмысы мен ғылыми қызметін қатар алып жүрген ғалым-философ ретінде республикамыз бен алыс-жақын шетелдерге де танымал жан. Ғылыми еңбектерінің айтарлықтай бөлігі ойшыл жазушы Мұхтар Әуезов шығармашылығының дүниетанымдық аспектілерін зерттеуге арналған. Өйткені 1995 жылы «Мұхтар Әуезов шығармашылығының дүниетанымдық өзектері» тақырыбында философия мен қоғамдық ой тарихы мамандығы бойынша докторлық диссертациясын қорғап шыққан еді. Бүгінде жеке 17, ұжымдық 2 монографияның, 8 оқу-әдістемелік құралдың, арнаулы курстардың, бағдарламалардың және 700-ден астам ғылыми-танымдық, оқу-әдістемелік мақаланың ауторы. Бұлардың негізгі зерттеу мазмұнын қоғамдық-философиялық ой тарихы, білім берудің этномәдени аспектілері, қоғамымыздың әлеуметтік-саяси және рухани, этномәдени салаларындағы мәселелер құрайды.

А. Тайжанов – орыс  тілінде оқитын студенттерге арналған «Этнопедагогика» оқулығының авторы, сондай-ақ Қазақстан Республикасында алғаш рет этнопедагогика кафедрасын ашқан адам. Оның ғылыми-педагогикалық шығармашылығының ауқымы  кең. Мәселен, оның Қожа Ахмет Яссауи, әл-Фараби, Асан қайғы, Ж. Баласағұн, Бекет ата, Махамбет, Ш. Уәлиханов, Ы. Алтынсарин, Абай, Р. Тагор, Қ. Сәтпаев, Қ. Жұмалиев және басқа да біртуар жандардың өмірлерінің бұрын беймәлім болып келген жақтарын жан-жақты ашып талдаған ғылыми мақалалары мен монографияларының тәлім-тағылымдық мәні зор. Кейбір елеулі ғылыми еңбектерін атап өтсек, «Педагогические взгляды Мухтара Ауэзова» (Алматы, «Рауан», 1990); «Этнопедагогика» (оқу құралы, Ақтөбе, 1992); «Мұхтар Әуезов – ойшыл, ғалым, ұстаз» (Алматы, «Ғылым», 1998); «Билер тағылымы және бүгінгі күн» (Ақтөбе, 2000); «Тағылымды танымдар» (Орал, 2007); «Этномәдени білім мен тәрбие» (Ақтөбе, 2009); «Мұхтар Әуезов дүниетанымы» (Алматы, 2017); «Парыз бен  пайым» (Алматы, 2017); «Құдайберген Жұбанов және қазақ руханияты» (Ақтөбе, 2019).

Профессор А. Тайжанов қазіргі қазақ қоғамындағы және қазақ ұлтының жан дүниесіндегі болып жатқан дүниетанымдық өзгерістерді философиялық тұрғыдан талдап, қоғам дамуының жүрек соғысын бағамдап отырады. ХХІ ғасырдағы жаһандану мәселесі, Тайжановша айтсақ, ғаламдану үдерісі ғалымды бейжай қалдырмайды. Ғаламданудың тілі – ағылшынша, діні – протестанттық, ақшасы – доллар. Ғалым: «Өзіндік айшығы, өзіндік бедері мен белгісі жоқ ел әлемге танылмайды, әркімнің жетегінде кетеді» деп тұжырымдап, қазақ жұртының рухани тамырын нықтауды ұсынады. Ал рухани тамырдың бойында жүгіретін қан – білім мен ұлттық тәрбие. Білім саласындағы нәтижесіз реформаларды ақыл-ой сүзгісінен өткізеді. Әлемдік стандарт дегенге еліктеп, жоғары оқу орындары Болония конвенциясына дендеп енгенде «Не ұттық?» деген сұраққа жауап іздейді. Шыны керек, өз ғалым-ұстаздарымыздың еңбегін бағаламай, шетелдік ғалымдарды қомақты қаржыға дәріс оқуға шақыру үрдісі бар. Еліміздегі ғылым докторы, профессорларымыз 350-400 мың теңге айлық алса, шетелдік ғалым үшін Ғылым және жоғары білім министрлігі бір айлық еңбекақысына 4000 АҚШ долларын (1 840 000 теңге) ұсынып отыр. Өз жақсымызды ескермей, біреудің жасығына тамсану емес пе?! Ғалым осындай құбылыстардың кемшілігі мен артықшылығын саралай келе: «Білім беру ісі – ұлттық рух пен мәдениет дамуының ең іргетасы. Білім беру ісі ұлттың өмір сүруі үшін де, халық тағдыры үшін де аса қажетті шарт» деп түйіндейді. Сонымен қатар ғалым мәдениет пен өркениеттің аражігін анықтап береді. Яғни мәдениет – бір ғана ұлттың дін, мораль, ақыл-ой, эстетика жиынтығы. Ал өркениет болса, түрлі әдіс-тәсілдер және адамның ерік-жігері арқылы жүзеге асатын құбылыстар жиынтығы. Осы тұрғыдан алғанда, «Дәстүрсіз, бірақ өркениетті Америка бізге мәдениеттіліктің үлгісі бола алмайды» деп түйіндейді. Қазіргі таңда Еуропаға еліктеп, АҚШ-ты армандап, өз қағынан жеріп жүрген жастарға ғалымның айтар ойы  жетерлік. Профессордың пайымдауынша, «Елдің елдігі оның саналық сапасында, жас ұрпақ бойында ұлттық сананы қалыптастырмайынша өркениет жоқ. Өркениет біліммен, білікпен, таным-тәрбиемен келеді, ұлттық сана осы жолда қалыптасады».

Ғалым ғаламдасуға түркілік таным мен тағылым тұрғысынан баға береді. Ғаламдасу – жалпы әлемдік саяси, экономикалық, мәдени және ақпараттық тұтастық құрылымының үрдісі. Әрине, ғаламдасудан ешбір ұлт шет қала алмайды. Ғалымның ерекше тұжырымының бірі – ғаламдасуға тек қазақшылықты емес, түрікшілікті қарсы қоюды ұсынуы, түрікшілдіктің алыстағы мұраты – Тұран деп дәлелдеуі. Түрікшілдік ғалымның айтуынша, түбі бір түркілердің бірін-бірі жатсынбауы, бауырмалдық һәм туыстық тұрғыда ғаламдасуы. Ал тұраншылдық – түркілердің бірігу идеясы. Бұл тұрғыда үстіміздегі жылдың 3 қарашасында Астана қаласында оздырылған Түркі мемлекеттері ұйымының мерейтойлық Х саммиті және министрлер кеңесінің Қазақстанда, түркі атажұртында өтуінің символдық мәні бар және ғалым идеясының өміршеңдігінің дәлелі. Сол күні қабылданған Астана актісі мен декларациясына байланысты Қазақстанның Сыртқы істер министрі «Бұл көрнекті құжаттар біздің көшбасшыларымыздың түркі халықтарының ортақ тарихына, тіліне, мәдениетіне, дәстүрлері мен құндылықтарына негізделген жарқын болашаққа деген бірлескен көзқарасын айғақтайды» деді.

Профессор А. Тайжановтың тұжырымдарына сүйенсек, түркітектес халықтардың бір-бірін түсінуге, жақындасуға жасаған қадамдары да құптауға тұрарлық. Жалпы түркітектес халықтардың болашағын ойлағанда, алдымен, олардың тарихи сабақтастықтарын, тілдік, этнографиялық, типтік ұқсастығын, бір-біріне деген ізгі ниеттілігін қарастыра, әрі байланыстыра зерттегеніміз жөн.

Ғалымның айтып жүрген басты ұстанымының бірі – білім беру жүйесіндегі этномәдени құндылықтар білім беру мен тәрбиенің өзекті арнасына айналуы керек. Сондықтан «Этномәдени білім мен тәрбие» еңбегінде осы салаға қатысты жұртшылықты білім философиясынан, этникалық білім мен тәрбие берудің міндеттері мен мақсаттарынан, ұлттық мәдениет пен ұлттық білімнің ерекшеліктерінен жан-жақты хабардар етеді. Үш бөлімнен тұратын бағыт-бағдар көрсетеді: Қазақстан Республикасында этномәдени білім мен тәрбие берудің өзекті мәселелері; Қазақ болмысы және Абайтану. Көп жылғы педагогикалық тәжірибелеріне сүйене отырып, ұлттық ұстанымды, ұлттық рух пен намысты, ұлттық тағылым мен танымды қалыптастыратын басты құралдардың бірі – жастарға этномәдени тұрғыдан білім, тәлім-тәрбие беру екендігін негіздейді. Ал «Қазақ болмысына» қатысты мәселе білім беретін орындарда бұрын-соңды айналымда болмауымен, өзінің сонылығымен құнды дер едік. Тәжірибелі профессор-педагог қазақ болмысының мазмұнын ашу үшін ежелгі қазақтардың дүниетанымындағы қоғамдық болмыс, тұрмыс және сана бірлігінен (синкреттілік) бастап, материалдық мәдениет (тән азығы), рухани мәдениет (жан азығы), шежіре, дәстүр, салт-сана, ойын-сауық, ел билеу, ел басқару, билер болмысы, сөз мәдениеті, сана болмысы мен рухани құндылықтар әлемін түгел қамтиды.

Абай туралы қазақ қауымы тұтас құлағдар. Әрісі Әлихан Бөкейханов пен Мұхтар Әуезовтен бастап күні бүгінге дейін дана Абай туралы әлі жазылып та, айтылып та келеді. Автордың Абайтануының олардан басты ерекшелігі – Абайды танытудың қазіргі заман сұранысына лайықталған бағдарламаларын беруінде. Автор кезінде үстемдік құрған идеология мен көзқарастың салдарынан Абайды тануымыздың шеңбері оның ақындығының айналасы болып қалғанын ескерте отырып, ойшыл шығармашылығын жан-жақты ашып көрсетуге ұмтылыс жасайды. Сондықтан ол Абай шығармашылығын қазақ топырағында қалыптасқан ғақлиятты ой кешу үрдістерінің жалғасы есебінде қарастырады. Осы ұстаным негізінде Абай дүниетанымына, оның рухани көздеріне жаңаша көзқарас қажет деп түсінген автор оның саяси-әлеуметтік, діни-адамгершілік мұраттарын, әсемдік әлемін, педагогикалық және психологиялық көзқарастарын жаңаша ашады. Бұрынғы Абайтанушылар назарына ілікпей келген «Абай мұрасы білім жүйесінде», «Абай шығармашылығы – этномәдени тәлім-тәрбие арқауы», «Абайдың жеке тарихи тұлғалармен байланыстары» (Сократтан бастап қазақ зиялыларына дейін), «Қазақстан халқының ұлттық-мәдени дамуы мен қайта өрлеуінің кейбір мәселелері және Абай» сияқты тақырыптарды енгізген. Сөйтіп, Абайтанудың мазмұн-ауқымы саяси, әлеуметтік, рухани, мәдени және тарихи тұрғыдан  байыған.

«Тәуелсіз елдің білімі қандай болуы керек?» деген стратегиялық мәндегі сұрақтарға жауап іздеп, жастарға этномәдени білім мен тәрбие беру арқылы ұлттық болмыстарын қалыптастыру, ұлттық рухтарын ояту, намыстарын тіктеу, патриоттық тәрбие беру, жас ұрпаққа «Отан» деген ұлы ұғымның Атақоныс, Атажұрт, Атамекен екенін ұқтыру бағытында ерен еңбек етіп жүрген академик ағамызға шығармашылық табыс тілейміз.

 

Мұрат Сабыр,

филология  ғылымдарының докторы,

профессор

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале