2025 жылы Жол активтері сапасының ұлттық орталығының жұмыстар мен материалдардың сапасына сараптама жүргізуді ұйымдастыру қағидаларына автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау және жөндеу объектілерін пайдалануға беру кезінде Сапа орталығының анықталған ескертулері толық жойылмайынша объектіні қабылдауға тыйым салатын норма енгізілді. Алғашқы нәтижелер бұл талаптың тиімділігін көрсетті.

Норманы қолданудың бірінші жылының қорытындылары жол құрылысы сапасының артқанын және мердігер ұйымдардың жауапкершілігі күшейгенін байқатады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша мердігерлер анықталған ақауларды жойып, өз қаражаты есебінен 1 млрд теңге көлеміндегі жұмыстарды қайта орындады. Салыстырмалы түрде алғанда, бұл көрсеткіш 2023 жылы 4,1 млрд теңгені, ал 2024 жылы 3,9 млрд теңгені құраған. Бұл ретте анықталған ақаулар облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын жаңарту жобаларында тіркелді.
Қайта орындалған жұмыстар көлемінің едәуір қысқаруы жол құрылысы барысында талапқа сәйкессіздіктер мен ақаулар санының азайғанын көрсетеді. Мердігер ұйымдар технологиялық талаптарды сақтауға және орындалатын жұмыстардың сапасына көбірек көңіл бөле бастады, өйткені анықталған ескертулер жойылмайынша объектіні пайдалануға беру мүмкін емес.
Қолданыстағы қағидалар автомобиль жолдарын салудың, реконструкциялаудың және жөндеудің барлық кезеңінде сапа сараптамасын жүргізуді көздейді. Бұл ретте Жол активтері сапасының ұлттық орталығы анықтаған барлық ескертулер толық жойылғаннан кейін ғана объектіні қабылдауға жол беріледі.
Осылайша, аталған норма жойылмаған ақаулары бар жолдарды пайдалануға беруге жол бермейді және мердігер ұйымдарға қолданыстағы шарттық міндеттемелер шеңберінде анықталған бұзушылықтарды жою бойынша тікелей жауапкершілік жүктейді.
Дереккөз: Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі