13.06.2024, 17:17
Оқылды: 78

Оралда «Ақжайық марафоны» қайта жандануы мүмкін

Былтыр облысымызда 26 спорт алаңы және 3 хоккей қорабшасы пайдалануға берілген. Биыл Бөкей ордасы, Бәйтерек, Бөрлі, Жаңақала және Сырым аудандарында жеті спорт алаңын салу жоспарланған. Ол туралы өңірлік комуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Жеңіс Нығметуллин мәлімдеді.

9AAC03AA-6658-4C47-9C5A-2177CD1FE7F2

– Мемлекет басшысының спорттық инфрақұрылымды нығайту жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында былтыр Ақжайық ауданына қарасты Чапаев және Тайпақ ауылдарында дене шынықтыру-сауықтыру кешені ел игілігіне берілді. Биыл тамыз айында Казталов және Тасқала аудандарының орталығында жаңа спорттық кешен тапсырылады, - деді Жеңіс Махамбетұлы.

Оралда ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ қаражаты есебінен жаңа заманға сай көпбейінді спорт кешенінің құрылыс жұмысы жүріп жатырЖыл соңына дейін ол кешеннің жұмысы аяқталады деген болжам бар. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі адамдардың спортпен шұғылдануына жағдай жасау мақсатында белгілі меценат Тимур Турловтың қолдауымен Орал қаласындағы «Жастар» стадионының жанынан дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталады. Одан бөлек жергілікті бюджет есебінен Жаңақала ауданы Жаңақазан ауылында салынып жатқан модульді спорт кешені қыркүйек-қазан айларында пайдалануға берілетінін де басқарма басшысы атап өтті. Сондай-ақ қазан айында КПО б.в. компаниясының әлеуметтік инвестициялық жобалары аясында Бәйтерек ауданы Дариян, Теректі ауданы Ақжайық ауылдарында дене шынықтыру сауықтыру кешенінің құрылысы басталады.

Жеңіс Нығметуллин өз сөзінде қаладағы П.Атоян атындағы стадион мен қалалық мәдениет және демалыс саябағындағы есу базасын қайта құруға және «Ақжайық» шағынауданында үстел теннисі орталығын салуға қажетті жобалық сметалық құжаттар дайындалып жатқанын да жеткізді. Сонымен қатар Қаратөбе ауданының балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің дене шынынықтыру-сауықтыру кешеніне күрделі жөндеу жұмысы жүргізіледі.

Бұқаралық және жоғары жетістіктер спорты

2024 жылдың І тоқсанында 35 457 адамның қатысуымен 720 спорттық іс-шара өткізілді. Әсіресе, спорттық шаралар ауылдық жерлерде көп өткен. Оған 23 152 тұрғын қатысқан.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы былтыр самбодан Әлем чемпионаты, допты хоккей, волейбол, баскетбол, муайтай, бодибилдинг, бокс, каратэ WKF, сурдо дзюдо, сурдо футзал, сурдо футбол сияқты спорт түрлерінен Қазақстан Республикасының чемпионатын, қоян-қолтық ұрыстан және садақ атудан ел кубогін, каратэ WKF және шахматтан халықаралық турнир, самбо күресі, көгалдағы хоккей, грек-рим күресі, садақ атудан, бокс, дзюдо, тоғызқұмалақтан республикалық турнир, байдарка мен каноэде есуден ҚР VI жазғы Спартакиадасы өткізген.

– Жыл басынан күні бүгінге дейін волейбол, каратэ кекушинкай, отырып ойнау волейболы сынды спорт түрлерінен ҚР чемпионаттарын, отырып ойнау волейболынан ҚР кубогын, бадминтон және каратэ-до кекушинкайдан 2 халықаралық турнир, бокс, самбо, спорттық бағдарлау және грек-рим күресінен 4 республикалық турнир өткізілді. Жыл соңына дейін де жоспарлы жарыстар өткізетін боламыз.

Былтыр облыста дене шынықтыру және спортпен тұрақты шұғылданушылардың саны 274 928 адамды құрады. Ол облыс халқының 39,6-ы. Биыл жыл соңына дейін ол көрсеткішті 41%-ға жеткізуды жоспарладық, - деді Жеңіс Нығметуллин.

Жоғары жетістіктер спортында да айтарлықтай көрсеткіш бар. 2023 жылы ресми республикалық және халықаралық жарыстарда әлем, Азия және ҚР чемпионаттарын облыс спортшылары 1554 медаль жеңіп алған. Оның 541алтын, 443 күміс, 570-і қола. 2024 жылдың 5 айында облыс спортшылары әлем, Азия және ел чемпионаттарынан 490 медаль жеңіп алған. Оның 149 алтын, 166 күміс, 175-і қола.

Биылғы жылдың мақтана айтар жеңістеріміздің бастысы шорт-трекші Алина Әжіғалиеваның жетісті. Ол юниорлар арасында Әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды.

Сонымен қатар байдарка және каноэ есуден Мария Бровкова Азия чемпионатында бір алтын және қола жүлде жеңіп алды. Боксшылармыз да жеңістерімен қуантты. Күні кеше Астанада өткен жастар арасында Азия чемпиондары Ақнар Ищанова, Өнер Сейілхан және Сабыржан Аққалықов жеңімпаз атанды. Әйелдер күресінен ересектер арасында Азия чемпионатында Анастасия Панасович қола жүде иеленді.

– Франция астанасы Париж қаласында ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындары өтеді. Осы дүбірлі жарыста байдарка және каноэ есуші Мария Бровкова ел намысын қорғайтын болады. Сонымен қатар садақшы Алина Ильясова мен жеңіл атлет Георгий Шейко төржылдықтың басты спорт бәсекесінің жолдамасына таласатын болады, - деді Жеңіс Махамбетұлы.

Брифинг соңында басқарма басшысы журналистер тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.

Алғашқысы «Ақжайық» футбол клубының қазіргі жағдайы жайында болды. Оған жауап қатқан Жеңіс Махамбетұлы футбол клубына қолдау тоқтамайтынын айтты.

– Оралда футболды жойып жіберу мақсатымыз жоқ. Балалар футболын дамытуға қашан да мүдделіміз, - деді Жеңіс Махамбетұлы.

Ал екі жылдан бері өтпей қалған «Ақжайық марафонын» жандандыру жөніндегі сауалға басқарма басшысы алдағы уақытта аталған спорттық шараны өткізу дәстүрін жандандыру жоспарда бар екенін айтты.

– «Ақжайық марафон» сияқты үлкен спорттық доданы өткізу көп қаржыны қажет етеді. Жарысты қайта бастау жөніндегі ұсыныс тиісте жерге жетті. Мақұлданатын болса, Оралдағы желаяқтар додасын өткізуді қайта қолға аламыз, - деп жауап қатты Жеңіс Нығметуллин.

Түгелбай Бисен

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале