19.02.2022, 17:40
Оқылды: 202

Әлеуметтік әмиян арқылы азық-түлікті төмен бағамен сатудың жаңа тетіктері енгізіледі - Әлібек Қуантыров

ҚР әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру бойынша жедел іс-қимыл жоспарын орындау мәселелері жөніндегі кеңес барысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешені жобасын дайындау барысы туралы баяндады.

2bbb059e53e6b26ed46c482ddbc42188

Әлібек Қуантыровтың айтуынша, министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, 2022-2024 жылдарға арналған инфляцияны бақылау және төмендету бойынша шаралар кешені жобасын әзірледі. Ол жедел және ортамерзімдік сипаттағы 66 іс-шараны қамтитын 5 бағыттан тұрады. Осы шараларды іске асырудың мақсаты инфляцияны 2022 жылы 4-6% дәлізде, ал 2024 жылы 4-5% деңгейінде ұстап тұру.

«Өнім өндіру көлемін ұлғайту» шаралар кешенінің бірінші бағыты оңтүстік өңірлерде ерте пісетін көкөніс алаңын 1,2 мың гектарға кеңейту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспарын қабылдау, көктемгі егіс және егін жинау жұмысына жеңілдікті кредит беруді 70 млрд теңгеден 140 млрд теңгеге дейін арттыру, сондай-ақ ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптегі импортты алмастыратын инвестициялық жобаларды іске асыру жөніндегі шараларды қамтиды.

«Сақтау, логистика және көлік» екінші бағыты картоп пен көкөністерді сақтау бойынша инвестициялық жобаларды іске асыруды, ТШО ресурстарынан ішкі нарыққа сұйытылған мұнай газын қосымша бөлу мәселесін пысықтауды, тұрақтандыру қорларының жүктемесін қамтамасыз етуді көздейді. Сондай-ақ, мұнай өнімдерін сақтау көлемі ұлғайтылып, ӘМАТ (әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары) шикізатын, дайын өнімін және көкөніс өнімдерін сатып алудың қосымша көлемі қалыптастырылады.

«Тауарлардың бөлшек саудасы» бағыты бойынша ӘМАТ сатушылары үшін жалдау ақысын төмендету, «айналым схемасын» қаржыландыру көлемін және тұрақтандыру қорын қалыптастыруды 140 млрд теңгеге дейін жеткізу, ірі өндірушілер мен сауда желілері арасында ӘМАТ бағаларын төмендету және қолдау туралы келісім жасасу, халықтың әлеуметтік осал тобы үшін маркетплейстерде онлайн әлеуметтік дүкендерді енгізу болжанып отыр.

«Баға белгілеуді бақылау, монополияға қарсы және сыртқы сауданы реттеу» төртінші бағыты шеңберінде ӘМАТ, ЖЖМ, көмір, электр энергиясы, дәрілік препарат бағасының өсуін тежеу жоспарлануда. Бұл ретте ӘМАТ-қа сауда үстемесінің 15% сақталуын бақылауды жүзеге асыру жөніндегі заңнамалық функцияны толыққанды іске асыру қамтамасыз етіледі.

«Жүйелі шаралар» ЖЖМ нарығындағы өнімсіз делдалдардың санын азайтуды көздейді. Халықтың әлеуметтік осал тобын қолдау үшін коммуналдық төлем төлеу кезінде оларды жеке топқа бөлу практикасы енгізіліп, тауарлық газдың бөлшек сауда бағасы сараланады. Сондай-ақ азаматтардың әлеуметтік әмиянына әлеуметтік жәрдемақылар мен төлемдерді есептеудің және әлеуметтік әмиян арқылы әлеуметтік көмек алушыларға ӘМАТ-ты жеңілдікті/төмендетілген бағамен сатудың жаңа тетіктері енгізіледі.

«Инфляция мен оның компоненттерін нысаналы деңгейде ұстап тұру; тауар тапшылығына жол бермеу; бағаны біртіндеп тұрақтандыруға және бизнес ахуалды жақсартуға ықпал ету; негізгі азық-түлік және азық-түлік емес тауар бойынша экономиканың өзіндік жеткілікті болуын қамтамасыз ету мақсаты қойылып отыр», - деді министр.

Фотосурет: eldala.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале