Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Қоғамдық маңызы бар нарықта баға белгілеу қағидаларына өзгерістер енгізу туралы бұйрық жобасын әзірледі. Құжатта әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарын өндірушілерді қолдаудың жаңа тетігі көзделген. Ол электр энергиясының құнын төмендету арқылы өндіріс шығынын азайтуға арналады.

Бұйрық жобасына сәйкес, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарын өндірушілерге электр энергиясын қолданыстағы босату тарифінің 20 пайызына дейінгі төмен бағамен сатып алу мүмкіндігін беру ұсынылады. Бұл тетік әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауары бағасын тұрақтандыру жөнінде орталық мемлекеттік органмен немесе жергілікті атқарушы органмен меморандум жасалған жағдайда қолданылады. Жеңілдетілген тариф тек аталған өнімді өндіруге тікелей жұмсалатын электр энергиясының көлеміне ғана қолданылады.
Жаңа норма нан, ұн, сүт өнімі, жұмыртқа, қант, ет және заңнамада белгіленген әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарының өзге де түрін өндіретін кәсіпорындарға қатысты. Электр энергиясына жұмсалатын шығынның төмендеуі өндіріс шығынын қысқартып, өнімнің босату бағасын тұрақты деңгейде ұстауға да мүмкіндік береді.
«Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2017 жылғы 1 ақпандағы № 36 «Қоғамдық маңызы бар нарықтарда баға белгілеу қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына өзгеріс енгізу туралы» бұйрық жобасы жария талқылау үшін «Ашық НҚА» порталында орналастырылды.