10.09.2021, 10:46
Оқылды: 239

Алғыс арқалаған азамат

Еліміздегі атқарушы биліктің орта буыны бүгінгі аудан әкімде-рінің бойында бастамашылдық танытудан гөрі, орындаушылық тәртіп басым секілді. Әрине,  бұл үшін оларға кінә тағудың ешқандай реті де, жөні де жоқ. Өйткені жоғары атқарушы құрылымдардың күнделікті талаптары мен тапсырмаларының өзі осылай істеуге еріксіз мәжбүрлесе керек. Соған қарамастан өздері басқарып отырған өңір экономикасын түрлендіру мен әртараптандыруға көңіл бөлетін әрі оны жүзеге асыру үшін жоғарыдан нұсқау күтпей, дара шешім қабылдай алатын орта билік өкілдері де жоқ емес. Солардың бірі, тіпті бірі емес-ау бірегейі облыстың солтүстік батыс бөлігінде орналасқан Тасқала ауданының әкімі Алдияр Халелов десек, қателесе қоймаспыз.

аа

Мәселенің мәнісі мынада. Екінші мыңжылдықтың алғашқы тұсында Мемлекет басшысы тарапынан ел экономикасын әртараптандыру жөнінде мәселе қозғалып, оны, ең алдымен, ауыл шаруашылығынан бастау керектігі айтылған еді. Түптей келгенде, мұның өзі – негізгі  шаруашылыққа қоса бұрын беттесіп көрмеген, дәстүрлі емес кәсіптерді қоса дамыту деген сөз. Айталық, Орал өңірі жағдайында бұрын егін егіп, мал бағу ісі басым бағыт алған болса, кейін газконденсат секілді стратегиялық шикізат көздерін игеру ісі де өңір экономикасының жетекші салаларының біріне айнала бастады.

Осындай жауапты шақта журналистік іссапармен облыстың шығыс бөлігіндегі Шыңғырлау топырағына табаным тиіп еді. Республикалық газеттің атынан барған меншікті тілшіні жаңадан тағайындалған аудан әкімі  А.Халелов қабылдап, қолға алынған істердің жай-күйімен таныстырды. Бұдан  көңілге түйгенім, оның аудан экономикасын әртараптандыруға басым сипат беріп отырғаны еді. Бұл өз кезегінде таза шикізаттық сектордан әзір өнімге, яғни өнімді өндіруден оны өңдеуге бет бұру деген сөз болып шығады. Сол жолы Алдияр Сансызбайұлы арнайы көкөніс сақтау қоймасын салу, құс фермасын тұрғызу және тоңазыту қондырғысын орнату жөніндегі іс-қимыл жоспарларын айтып өткен еді. Кейін оның бәрі де ойдағыдай іске асқанына куә болдым. Кешегі бір күндері онымен Тасқала ауданының әкімі қызметінде тағы да бір кездесіп жолығудың сәті түсті.

- Қалай, Әлеке! Шыңғырлауда тындырған жобаларыңызды Тасқалада жалғастырған шығарсыз, – дедім мен оған шынайы ақ адал көңілден.

– Оған сөз бар ма, Тәке, – деді ол кідірместен.

– Ауданда соңғы екі-үш жыл ішінде етті мал шаруашылығын өркендету мен астық дайындау мәселелеріне қоса, құс пен тоған шаруашылығын дамытудың және әзір өнім шығаратын цехтар құрудың кең ауқымды бағдарламасы жүзеге асырылуда. Танысам десеңіз, жүріңіз бірге аралайық, – деді ол сөз тиегін қысқаша қайырып.

«Жақсыны көрмек үшін» дегендей, аудан басшысының бұл тілегін аяқсыз қалдыру еш мүмкін емес еді. Егер көзбен көргенімізді айтсақ, қаз, тауық, үйрек секілді үй құстары түрлерін өсіру ісіне ауданның қарапайым тұрғындары мен табысы аз көп балалы отбасылардың тартылғанын байқадық. Бұл жоба «Отбасылық бизнес» деген атауға ие. «Театр киім ілгіштен басталса» тұрғындардың құс өсіруге деген қадамы оның балапандарын қолжетімді бағамен сатып алудан басталыпты.

Бұл үшін шаруа қожалығының жетекшісі Ерлан Нетқазиевпен және жеке кәсіпкер Ізбасар Кенжеғалиевпен келіссөздер жүргізілген. Сауда-саттықтың мұндай түрі екі жаққа да тиімді болып отыр. Яғни тұрғындар құс балапандарын сатып алу үшін өзге жаққа алаңдамайды. Бұрын олар оны облыс орталығынан және көршілес Ресейдің Озинки ауданынан тасымалдаған болса, енді шарттасқан тарап оны үйлеріне әкеліп береді. Бұл тәсіл сатушылар үшін де ыңғайлы. Яғни бұдан ұтылмайды. Осындай жолмен жүз мыңға жуық балапан сатылған.
А.Халеловтың айтуынша, құс шаруашылығын өркендетіп, соған сәйкес құс фермасын құру аудан экономикасын әртараптандырудың басты бір көрінісі болмақ.  Сондай-ақ Тасқала жерінде тоған шаруашылығын дамытудың іс-
қимыл жоспары жасалып, барлық  ауылда бөгеттер салынып суға толтырылған. Бұл іске ішкі инвестициялық қаражат есебінен 55 миллион теңге жұмсалған. Бұған өткен жылы жіберілген он бес мың шабақ бүгінде өсіп, әрқайсысының салмағы 1,5 килограмм құрап отыр екен. Бұл ретте Ақтау ауылының маңайындағы тоғанның әсем көрінісін тамашалау үшін арнайы тоқтайтын жолаушылар да аз емес. Бұл жердегі бұлақ көзінің айналасы да абаттандырылған. Алдағы уақытта ішкі туризмді дамытудың бір мүмкіндігі Ақтау ауылының іргесінде тұрғандай көрінеді.

Шекаралас өңірде қолға алынған қанатқақты жобаның бірі – ұжымдық бау-бақша шаруашылығы. Оны дамыту үшін жергілікті атқарушы билік өкілдері оған қажетті жер алқаптарын жыртып әзірлеп берген. Бау-бақшаны суару мәселесінде де проблема жоқ. Деркөл өзенінің арнасы бәріне де жетеді. Мұндағы өсірілетін басты көкөніс – картоп. Бұған қажетті тұқымның голландиялық түрі де тұрғындарға жеткізіліп берілген. Тек аздап белді бекем буып еңбектене білсе, алдағы қыста тасқалалықтардың дастарқаны екінші нан атанған картоптан үзілмейтіні анық. Өзің еңбектеніп өсірген өнімнің дәмі қашан да тіл үйіріп тұрады емес пе?!  Әрі картопты базар мен дүкеннен сатып алмайсың. Оның экологиялық тұрғыдан таза өнім екені де көңілге үлкен медеу.

Биыл республикамыздың кейбір өңірлерінде бір килограмм картоптың бағасы 700 теңгеге дейін өсіп кеткенін ескерсек, Тасқалада ұжымдық бау-бақша өндірісінің тиімділігі мен пайдасы ұшан-теңіз екені айқындала түседі. Алғашқы жылдың өзінде бау-бақша егуге 53 еңбек ұжымы мен жүзге жуық отбасы тартылған болса, уақыт өткен сайын оның саны өсіп келеді.

– Бүгінгі күні тұрғындардың бағасы қолжетімді азық-түлік өнімдерімен қам-
ту ісі өте өзекті болып отыр. Қолға алынған жобалардың барлығы оның бағасын көтермеу және аталған азық-түлік тапшылығын болдырмау мақсатын көздейді. Екіншіден, осы арқылы еңбек тәрбиесін де оңтайлы жолға қоя аламыз, – дейді бұл жөнінде Тасқала ауданының әкімі Алдияр Халелов.

Бүгінгі әңгімеміздің басты нысанасына айналып отырған шекаралық өңірде тәлім мен тағылым алуға тұратындай жақсы бастамалар көп.  Соның бәрінің дем берушісі әрі тікелей  йымдастырушысы мен ұйтқысы аудан басшысы Алдияр Халелов болып отыр. Осындай жақсы бастаманың бірі – Тасқала  топырағында құрылған ауылдық өндірістік кооперативтер (АӨК).

Өмірдің өз талабынан туындаған іс Үкіметтен субсидия алу жолымен шешімін тауыпты. Оны ауданға қарасты ауылдар арасында тұңғыш рет енгізген әрі қазіргі күні жүз пайыз тиімділікпен жұмыс жүргізіп отырған Шежін АӨК-ның тәжірибесіне сүйенсек, жеке малдарын баққызғаны үшін ауыл тұрғындары бақташыға ақша төлемейді. Бұл АӨК-ның есебінен өтеледі. Әрі бақташының зейнет-ақы жинақтаушы қоры да әр ай сайын осындай жолмен аударылып тұрады.

Тағы бір тиімділігі – аналық мал ұстайтын отбасылар үшін де қаржылай көмек беріледі. Ауданда бес мың бас  ірі қараны бордақылауға арналған кешен іске қосылған. Жеке тұрғындар сиырларын шағылыстан өткізу үшін АӨК арқылы аталған кешеннен аталық малды тегін алады. Тұрғындар үшін мұның да пайдасы өте мол. Бір бұқаның бағасы 350 мың теңгенің о жақ, бұ жағында болып отырған жағдайда оны сатып алуға тұрғындардың құлқы соқпас еді.

Алдияр Халелов Шыңғырлау және Бөрлі аудандарын басқарған кезде қандай айшықты қолтаңбасын қалдырды? Шынтуайтына келгенде, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Шыңғырлау ауданының жай-күйі өте мүшкіл еді. Халықтың көгілдір отынмен және таза ауыз сумен қамтылу деңгейі мүлдем көңіл көншітпейтін. Аутожол қатынасы да өте нашар, ойқыл-шойқыл болғандықтан да, оның азабын тұрғындар біраз тартып еді.

Сонымен бірге тұрғын үй коммуналдық шаруашылығының жай-күйі де ешқандай сын көтермейтін. Осындай жағдайлар Шыңғырлау ауданында жаппай жабайы урбанизацияның етек алуына, тұрғындардың облыс орталығына және кеншілер қа-ласы Ақсайға қарай қоныс аударуына әкеліп соқтырды. А.Халелов бес жыл ішінде осы олқылықтардың орнын толтыру үшін үлкен еңбек сіңірді десек,  бұған ешкім талас туғыза алмайды.

Өзін іскер басшы, шебер ұйымдастырушы ретінде көрсете білген А.Халеловтың 2016 жылы ротациялық тәсілмен инновациялық өңір Бөрлі ауданына ауыстырылғаны да жазылмаған заңдылықтай көрінеді. Мұнда кейіпкеріміз жер қойнауын пайдаланып жүрген шетелдік компаниялардың ресурстары мен қаражатын жергілікті халықтың талап-тілектерін өтеуге бағыттай білді.

Кез келген жоба, ең алдымен, жобалық-сметалық  құжаттарды әзірлеуден басталатынын екінің бірі біле бермеуі мүмкін. А.Халеловтың оны алдын ала әзірлеуге ұдайы көңіл аударуы қаржы көзінің құйылуына негіз қалады. Қандай қала болмасын, бұл, ең алдымен, өте күрделі инженерлік жүйе болып табылады. Оның ішкі астарлары мен иірімін түсінбесең,  жарты жолда қалдым деп есептей беріңіз. Алдияр Сансызбайұлының бұл сыннан да сүрінбей өткені – өзге бір әңгіменің сыбағасы.

Бүгінгі күні аудан және облыс әкімдерінің қызметін рейтингтік бағалау жүйесінде инвестиция тарту және оның тартымдылығын туғыза білу қабілеті алғашқы орында тұрады. Бұл жағынан да Алдияр Халеловтың мәртебесі биік, мерейі үстем. Мысалы, соңғы бір-екі жылдың ішінде Тасқала ауданының экономикасын көтеруге 3,5 миллиард теңгеден астам қаражат тартылыпты. Аталған инвестициялық сома мал бордақылау кешені мен әзір өнім шығаратын цех тұрғызуға, жол-көлік сервисі мен супермаркеттер желісін жасақтауға жұмсалған.

Өткен жиырмасыншы ғасырдағы тоқсаныншы жылдардың бас кезінде қаламы қарымды қаламгер, сол кездегі «Социалистік Қазақстан» газетінің Орал облысындағы меншікті тілшісі Боранғали Ырзабаев «Жұрт Шәпиді неге мақтайды?» деген мақала жазып,  шаруашылық басшысы Шәпи Қабделовтың адамгершілік қасиеттерін жан-жақты жарқыратып жазып көрсетіп еді. Содан ұққанымыз,  жұрттың Шәпиді мақтайтын себебі, ең алдымен, оның халықтың жағдайын туғызуға тырысатыны екен. Сол айтқандай,  бүгінгі күні ел-жұрт Алдияр Халеловке алғысын айтып, ризашылығын білдіріп жүрсе, мұның өзі де оның халыққа деген жанашырлығы мол екенінің бір дәлелі болмақ.

Темір Құсайын,

zhaikpress.kz

Жақсының жақсылығын айт...

 

Любовь ШМАРИНА,

Бәйтерек ауданының тұрғыны:

- Алдияр  Сансызбайұлымен бірнеше жыл  бойы бүгінгі Бәйтерек ауданында қатар қызмет атқардым. Сонда көзім анық жеткен жәйт, оның тапсырылған іске қай кезде де үлкен жауапкершілікпен қарай білетіні. Әрі оны аяғына дейін мұқият тындырып шығатыны. Бұған көптеген мысал келтіруге болады. Тек соның біреуіне тоқтала кетейін. Дариян ауылында Нобельдік сыйлықтың лауреаты Михаил Шолоховтың мемориалдық музей үйі бар. Оған біраз жылдан бері күрделі жөндеу жүргізілмей, ажары қашып тұратын. Тікелей осы істің басы-қасында болған әріптесіміз жөндеу жұмысының сапалы аяқталуына сүбелі үлесін қоса білді. Оның бойындағы тағы бір жақсы қасиеттің бірі еш нәрсеге енжар, селқос қарай алмайды. Оқыс оқиға орын ала қалған жағдайда шұғыл іске кірісіп кетеді. Айталық, бұдан біраз жыл бұрын қақаған қыс кезінде аяқ астынан аудандағы бір орта мектептің жылу жүйесі істен шықты. Осы төтенше жағдаймен парапар суыт оқиға А.Халеловтың шұғыл іс-қимыл танытуының арқасында көп кешікпей реттеліп еді.

Бақытжан САПАРОВ, 

Шыңғырлау ауданының тұрғыны:

– Халқымызда «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» деген нақыл сөз бар. Міне, осы қағиданы Алдияр өзіне басты бағдар етіп алған секілді. Өйткені ол ауданға келген күннен бастап, ақсақалдармен ақылдасып атқарылатын әлеуметтік-тұрмыстық мәселелердің шешімін бірге іздестіруге көңіл қойды. Бір  сөзбен айтқанда, әлеуметшіл, ел-жұртқа жаны ашитын басшы бола білді. Оның сөзі мен ісінің арасында ешқандай айырмашылық болған емес. Қадыр ақынның «Жұмыс десе, жанын берген жігіттің, жаман адам болуы өзі мүмкін бе» деген өлең шумақтары бар ғой. Алдияр – Қадекең айтқандай, өте жұмыскер, жұмыс десе, өзін-өзі аямайтын азамат.  Сондықтан  да ол аудан жұртшылығының алдында үлкен сый мен құрметке бөлене білді.

Әділхан ҚҰЛЕКЕШЕВ, 

Бөрлі ауданының тұрғыны:

–  Алдияр – жақсылық  пен өрелі өзгерістерге жаны құштар азамат. Оның бойындағы жігер мен қуат халықтың игілігіне жұмсалып келеді. А.Халелов ауданға әкім болған жылдарда аудан экономикасы өсіп,  Ақсай қаласы жайнап жарқырай түсті. Кез келген өңірдің өркендеуінің басты көрінісінің бірі – тақтайдай  тегіс аутожол десек, бұл тұрғыда да оның қалдырған қолтаңбасы құс жолындай сайрап жатыр.

Әнуар АҒАЕВ, 

Бөрлі ауданының тұрғыны:

– А.Халелов үшін тұрғындар мүддесі қашан да жоғары тұрады. Ол – өз  Отаны мен ел-жұртының алдындағы азаматтық парызын терең түсінетін әрі оны өтеу үшін уақытпен санаспай, батыл іс-қимыл таныта алатын парасат иесі. Егер маған өз елінің шынайы патриоты әрі жанашыры деп кімді айтар едіңіз деген сұрақ қойыла қалса, мен ойланбастан Алдияр Сансызбайұлының аты-жөнін айтар едім. Ол – күрделі сыни сәттерде тез оңтайлы шешім қабылдап, соған сәйкес халықты тез жұмылдыру қабілетіне ие. Мысалы, оның осындай қасиеті Қарашығанақ кенішінің түбінде орналасқан Березовка мен Бестау ауылының тұрғындарын өзге экологиялық ахуалы оң аймаққа көшіру кезінде айқын көрінді.

Ганмирлан Тұрғаналиев,

Тасқала аудандық әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры:

-  Ауданымыздың әкімі тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық деңгейін көтеру үшін бюджеттен тыс қаражат көздерін іздестіріп таба білетінін талай рет дәлелдеп жүр. Ол – бұған  дейін де Шыңғырлау және Бөрлі аудандарын абыроймен басқарып, біздің Тасқалаға мол тәжірибе жинақтап келген басшы. Айтайын дегенім, Алдияр Сансызбайұлы аудан экономикасы мен оның әлеуметтік саласын көтеру жөніндегі сан алуан жобаларды жүзеге асырумен бірге қарапайым тұрғындардың мұң-мұқтаждарына да ұдайы көңіл аударады. Тұрмыс мәдениеті, елді мекендерді көркейту мен абаттандыру, жинақылық пен тазалықтың сақталуы деген мәселелерді аудан басшысы екінші кезекке ысыра салмайды. Оның бұл ұстанымы тұрғындардан қолдау тауып, Тасқала топырағы күн санап түрлене түсуде.

Жанар ЖҰМАЛИЕВА,

Тасқала ауданындағы Сәтбаев атындағы жалпы орта білім беретін мектептің директоры:

–  Аудан әкімі білім беру саласының өкілдерімен ұдайы кездесіп, олардың алдында тұрған мәселелердің шешімін іздестіруге де уақыт таба біледі. Соңғы бір-екі жылдың аралығында аудандағы жалпы орта білім беретін оқу орындарының ғимараттарына күрделі жөндеулер жүргізілді. Оның қатарында біздің Сәтбаев мектебі де бар. Сөйтіп,  1988 жылы ашылған, алайда сол уақыттан бері күрделі жөндеу көрмеген мектеп ғимараты жаңғырып шыға келді. Ұстаздар мен оқушылардың қуанышында шек болмады. Жөндеу жұмысының жүру барысын Алдияр Сансызбайұлы тікелей өзі қадағалап, оның сапалы атқарылуына жол ашты деуге болады. Сонымен бірге А.Халелов мектептің маңайын абаттандыру мен көгалдандыру ісіне де үлкен қолдау көрсетті. Сондықтан да аудан басшысына айтар алғысымыз шексіз.

Деректер мен дәйектер

Бірлік ауылында минералды су шығаратын цех іске қосылды. Оның жалпы құны – 405 миллион теңге. Цех конвейерінен сағатына екі мың бөтелке су шығарылады. Әзір өнім дайындайтын кәсіпорын инвестициялық қаражат есе-бінен бой көтерді. Мұндағы басты құрылтайшы «Феррум-Контракт» компаниясы болып отыр. Инвестициялық жоба 17 жергілікті  тұрғынның жұмысқа  алынуына  септігін  тигізеді.

 

Тасқала – облыс  аудандары арасында «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасына тұңғыш рет қатысқан өңір. Соған сәйкес екі жыл ішінде республикалық бюджеттен 2 миллиард 932 миллион теңге қаражат тартылды. Осылайша аталған бағдарлама аясында 8  жоба іске асып,  5 мектеп пен мәдениет үйінің ғимаратына және аудан орталығындағы 35 көшеге  күрделі жөндеулер жүргізілді. Бұл осы бағыттағы көше жолы құрылысы ауқымының сексен бес пайызын құрайды.

 

Тасқала ауданында 320 адамға арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілуде. Бұл 14 спорт түрін дамытуға толық мүмкіндік береді. Сонымен бірге аудан орталығында 500 адамға арналған мешіт ғимаратының құрылысы бой көтеріп келеді.

 

Аудан орталығында жасақталған «Ардагерлер саябағы» аға ұрпақ өкілдерінің жиі келіп демалатын орнына айналды. Мұнда Семей атом полигонында және Чернобыль атом электр стансасында зардап шеккендер мен Ауған соғысында қаза тапқандарға арналған ескерткіш орнатылды.

 

Ауданда қоғамдық бау-бақша шаруашылығын дамытуға жиырма гектар жер бөлініп берілген. Мұнда негізінен картоп және өзге де көкөніс түрлері өсірілуде. Сондай-ақ «Шевченко» және «Тасқала-Аққу» ЖШС 2,5 гектар жерге жеміс пен қылқан жапырақты ағаштарды егу үшін тұқымбақ салу жұмыстарын аяқтады.

 

Ресеймен шекаралас өңірде аудан әкімі Алдияр Халеловтың бастамасына сәйкес «Отбасылық бизнес» жобасы қолға алынды. Бұған қатысушылар құс және тоған шаруашылығын дамытуға ден қойып отыр.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале