Алматыда аллергия жылдағыдан ерте басталды. Бұл туралы Республикалық аллергологиялық орталық жетекшісі, аллерголог дәрігер Арай Батырбаева ӨКҚ алаңында өткен брифингте мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Сурет: istockphoto.com
Былтыр 14 жасқа дейінгі балалар арасында шамамен 4,7 мың аллергиялық ринит пен 3 мыңнан аса бронх демікпесі тіркелген. Жасөспірімдер арасында көрсеткіш төмен болса, ересектерде керісінше демікпе жиі кездеседі. Мамандар аллергияны бақылаусыз жіберсе, уақыт өте келе асқынып кететінін айтады.
Алматыда көктемде ағаш тозаңы (қайың, қандыағаш, терек), жаздың басында астық тұқымдас шөптер, жаздың соңы мен күзде арамшөп, әсіресе, жусан мен амброзия қауіпті. Ең күрделі кезең - сәуір-мамыр, маусым-шілде, тамыз-қыркүйек аралығы, бұл кезде ауру асқынады.
"Кейінгі жылдары тозаңдану маусымы ерте басталады. Бұл климат өзгеруіне байланысты. Ең ауыр кезең - жаздың соңы мен күздің басы", - деп түсіндірді дәрігер.
Мамандар азаматтарды желді күндері, әсіресе, таңертең сыртта көп жүрмеуге шақырды. Үйге келген соң жуынып, киім ауыстырып, мұрынды шаю керек. Үй ішінде терезені жауып, бөлмені ылғалдандырып, ауатазартқыш қолданған абзал.