13.07.2026, 12:30
Оқылды: 2

Алты ана – бір жүрек, алты сарбаз – ел тірегі

Ақтөбе қаласындағы Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының 6655 әскери бөлімінде өткен Әскери ант қабылдау рәсімі көпшілік үшін есте қаларлық ерекше көрініске айналды. Биылғы көктемгі шақырылыммен келген 360-қа жуық жас сарбаз Отанға адал қызмет етуге салтанатты түрде ант берсе, олардың арасында мектептен басталған достықты әскери өмірде де жалғастырған алты сыныптастың оқиғасы көпшіліктің ықыласын аударды.

WhatsApp Image 2026-07-13 at 11.48.07 (1)

Түркістан облысы Арыс ауданындағы Әліби Жангелдин атындағы жалпы орта мектептің түлектері – Дархан, Жасұлан, Бақдәулет Қайратұлы, Бақдәулет Әділбекұлы, Бекзат және Саят мектеп қабырғасында бірге білім алып, бірге ержеткен. Мектеп бітірген соң олар әскери борышты да бірге өтеуге уағдаласып, бүгінде Ұлттық ұлан сапында қатар қызметке кірісті.
Ант қабылдау рәсіміндегі ең әсерлі сәттердің бірі – алты сарбаздың аналарының ортақ қолдауы болды. Олар арнайы бірдей ақ жейде киіп келіп, онда «Алты ана – бір жүрек, алты сарбаз – ел тірегі» деген жүрекжарды сөзді жаздырған. Бұл көрініс салтанатты жиынға қатысушылардың ерекше ықыласына бөленді.
– Біздің ұлдарымыз бала күнінен бірге өсіп, бір сыныпта оқыды. Мектепті аяқтай салысымен әскерге бірге барамыз деп шешім қабылдады. Біз, ата-аналар, олардың бұл таңдауына қолдау көрсеттік. Міне, бүгін Ұлттық ұлан қатарында қасиетті Әскери ант қабылдап тұрғандарын көріп, ерекше толқып тұрмыз. Бұл – әрбір ана үшін зор мақтаныш, – дейді сарбаздардың бірінің анасы Ақбаян Сапарбекқызы.

WhatsApp Image 2026-07-13 at 11.48.07
Бір партадан басталған достық бүгінде әскери сапта жалғасып, жас ұрпаққа елдік пен бірліктің, адалдық пен сертке беріктіктің жарқын үлгісін көрсетіп отыр. Енді олар әскери даярлықтан өткен жас жауынгер емес, Қазақстанның тыныштығы мен қоғамдық қауіпсіздігін қорғауға ант берген Ұлттық ұлан сарбаздары.

ҚР ІІМ Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік
қолбасшылығының баспасөз қызметі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале