10.10.2023, 12:45
Оқылды: 0

«Ана тілі аруы» облыстық байқауы өтті

 

«Аналар бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» дейді дана халқымыз. Бұл сөздің мәнісі терең, ауқымы кең екені сөзссіз десек те, мен бұны ұлт тәрбиесінде, ұлттың тілі мен ділінің тәрбиесіне қатысты қолданғым келеді. Жуырда Қадыр Мырза Әлі өнер орталығының төрінде өңіріміздің мемлекеттік қызметтегі аруларымызды сынға салған дәстүрлі «Ана тілі аруы» байқауы өткізілді. Кешегі өткен ғазиз аналардың ізбасарлары ана тілімізді ардақтау, көпшілікке паш ету мақсатында облысымыздың түрлі ауданынан келген қыз-келіншектер сахнаға шығып өз білімдері мен біліктерін, бойындағы өнерін ортаға салды.

конкурс (1)

Шараны Мағжан Жұмабаевтың, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың, Ілияс Жансүгіровтің өлеңдерін «Ақ ниет гимназиясының шәкірттері Алия Балешова, Расул Рысқали, Аянат Нұрлан көркемдеп оқып ашып берсе, алғы сөзі Батыс Қазақстан облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Тілек Александрұлына берілді.

Тіл мен ана сөзі бірімен бірі бекер байланыспаса, тіркеспесе керек. Ана перзентін жарық дүниеге әкеліп, бағып-қағып өсірсе, ал оның тілі баланың санасында әлемді туғызады, зердесін ашады, ойы мен қиялын самғатады. Сондықтан да дана халқым «ана тілі» деп атауы бекерден бекер емес деген ойда бола келе байқаудың бірінші бөлігі «Бейне таныстырылым», екінші бөлігі «Топ жарған», Үшінші бөлігі «Базарлық», Ең соңғы төртінші бөлік «Мың бір мақал» деп аталды. Бірінші бөлім бойынша арулар өздері дайындаған бейне баяндарын тамашалатып, өздері жайлы хабар берді.

Екінші бөлігінде қатысушылар білім мен білік танытуға тырысты. Ұяшықтардан табылған сұрақтарға жауап берді.

Үшінші бөлігінде қатысушылар өнерлерін ортаға салып, көрерменін тәнті етті. Ал «Мың бір мақалда» қатысушылар мақалдың жалғасын тауып, ой ұшқырлығын, жылдамдықтарын көрсетті. Осының бәрін көріп тамашалағандардың қатарында отырып, әділ баға берген қазылар да болды. Қазылар алқасының төрағасы - ақын, Жұбантанушы, «ҚР білім беру ісінің үздігі», «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Ақжайық ауданының құрметті азаматы Үзілдік Елеубаева. Қазылар алқасының құрамында ақын, Жазушылар Одағының мүшесі, БҚИТУ-дің ғалым-ұстазы Талап Қуаныш, «Орал өңірі» газетінің тілшісі Гүлжамал Кенжеғалиева, облыстық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы, БҚИТУ қауымдастырылған профессоры Алтынбек Абдульманов бар.

конкурс (3)

Шарада Батыс Қазақстан инновациялық технологиялық университетінің жастары, студенттер Жандос Байбақты «Қазақ осы» әнін домбырамен шырқаса, «Анамның тілі» әнін Аэлита Сыдықова заманауй үлгіде орындап берді.

Байқаудың соңында қазылар алқасының шешімі бойынша І орынға Жәнібек ауданының Т.Жароков атындағы мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Бейбітгүл Ибатова, ІІ орынға Ақжайы қауданының Мерген ауылдық модельді кітапхана кітапханашысы Бибігүл Қожақова, Бәйтерек ауданы ауданының аудандық кітапхана кітапханашысы Динара Насырова, ІІІ орынға БҚО зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнаулы кітапхана кітапханашысы Балнұр Джумагалиева, Бөрлі ауданының аудандық демалу орталығының мәдени ұйымдастырушы Айгерім Берікова, Теректі ауданының Федоровка №1 мектебінің қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі - Гүлмаржан Искакова ие болды.

Үзілдік Елеубаева

«Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері,

Ақжайық ауданының құрметті азаматы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале