9.03.2021, 9:35
Оқылды: 171

«Ана – жүректің нұры»

8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында Зашаған кентіндегі «Шабыт» балалар шығармашылығы орталығында дәл осындай атаумен тамаша іс-шара өтті.

316CB4D3-83CC-44E9-B782-0D77FF9FD6E2

Қыздар тәрбиесіндегі ананың алатын орны мен қызының бас ұстазы екенін ұғындыруды, ұлттық төл мәдениетіміз бен өнерімізді қастерлеп, салт-дәстүрді дәріптеуге баулуды мақсат еткен басқосуға қаракөз қарындастарымыз бен көпбалалы аналар қатысты.

– Бүгінгі шара қыздарымыздың анаға деген мейірімділігі мен сыйластығын арттыруды, ізгілік пен инабаттылыққа тәрбиелеуді көздейді. Халқымыздың салт-дәстүрін жаңғырту мақсатында жуырда «Бұрымды ару» байқауын ұйымдастырған болатынбыз. Бүгін сол бұрымдыларымызды аналарымен бірге марапаттап, көпшілікке үлгі ретінде таныстыруды жөн көрдік. Сонымен бірге пандемия кезінде үйден тұмша тігіп, тегін таратқан, волонтерлік жұмыстарға атсалысқан аналар да осы іс-шара барысында дәріптелетін болады, – деді мектептен тыс жұмыс орталығы директорының орынбасары, облыстық мәслихаттың депутаты Шаттық Өтебалиева.

Мерекелік басқосуда «Бұрымды ару» байқауына қатысқан қыздар аналарымен бірге шаш өру мен шаш күтімі бойынша шеберліктің қыр-сырын көрсетті. Сонымен қатар орталықтағы үйірмелерге қатысатын балалардың қолөнер туындыларынан көрме ұйымдастырылып, «Шебердің қолы ортақ», «Ұршық иіру», «Білезік жасау» секілді байқаулар өткізілді.

Іс-шара соңында бала тәрбиесімен қатар, қоғамдық жұмыстарға да белсенді атсалысып жүрген аналар облыстық ішкі саясат басқармасының және қала әкімінің алғысхаттарымен марапатталды. Сонымен қатар басқосудың өтуіне атсалысқан «Тұғырым» қоғамдық бірлестігі барлық қатысушы аналарға арнайы сыйлықтар табыс етті.

Нұрбек Оразаев,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале