22.06.2021, 9:09
Оқылды: 209

«Ар тазалығы – біздің басты ұстанымымыз»

Халықтың қорғаны саналатын полиция қызметкеріне артылған жүк ауыр. Осындай жауапты қызметкер болуды бала кезінен қалаған жанның бірі  – Жәрдем Ирменов. Әкесі Мағзом Ирменов те ұзақ жыл ішкі істер құрылымында еңбек еткен көрінеді. 

c6785552-2b53-493d-854e-e97f71f3b482

1989 жылы Тасқала ауданына қарасты Ақтау ауылында дүниеге келіп, ер жеткен Жәрдем Мағзомұлы  полиция болуға белін бекем буады. 2007 жылы мектеп бітірген соң асқақ арманының жетегімен Семей қаласындағы полиция қызметкерлеріне арналған орта арнаулы оқу орнына құжат жинайды. Алайда  отбасылық жағдайларға байланысты онда бара алмай қалады. Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университетін құқықтану мамандығы бойынша бітіріп шығады. Жас маман алғашқы еңбек жолын Бөкей ордасы ауданының әділет басқармасында жетекші маман болып бастайды. Кейін Орал қаласындағы сот актілерін орындау департаментінде  мемлекеттік сот орындаушы қызметін атқарады.

Артынан Тасқала ауданына қоныс аударып, 2019 жылы полиция бөліміне қызметке орналасады. ҚР ІІМ Б.Бисенов атындағы Қарағанды академиясында үш ай оқып, құқық қорғау қызметкері ретінде білімін шыңдайды. Қазір ол Тасқала аудандық полиция бөлімінде полиция лейтенанты шенінде анықтаушы болып қызмет етіп жүр. Жұбайы Әсел екеуі екі қыз, бір ұл тәрбиелеп отыр.

– Менің әкем Мағзом Исмағұлұлы көп жыл бойы ішкі істер құрылымдарында қызмет етіп, учаскелік инспектор болды. 2003 жылы денсаулығына байланысты қызметінен кетуге тура келді. Мен оқушы кезден әкемнің жолын қуып, полиция қызметкері болғым келетін. Тәртіп сақшысы болатынымды естігенде, әкем бұл саланың   ауыр қызмет екенін ескертті. Күн демей, түн демей қызметте жүруге тура келетіндіктен, жұбайымның түсіністікпен қарауы да маңызды екенін айтты. Менің нақты шешім қабылдағанымды білген соң, қарсы келмеді. Өзім бұл салаға келгеніме өкінбеймін. Болашақта балаларым да осы жолды таңдаса, қарсы болмаймын, - деді Жәрдем.

Ол былтыр ауданда өткен «Жыл үздіктері» байқауында «Үздік полиция қызметкері» атанған. Әріптестері арасында сыйлы азаматтың сөз саптауы да өзгелерден ерекше байқалады.

– Жалпы, аудандағы криминалдық жағдай тұрақты. Жылдан-жылға қылмыс азайып келеді. Ауыл тұрғындары тарапынан  полиция қызметкерлеріне деген құрмет байқалады. Қазір халықтың құқықтық сауаты артуда. Құқықтарын қорғай біледі, заңға сүйенеді. Әр полиция қызметкерінің өз бағыты бойынша атқаратын қызметінің қиындығы да, қызығы да бар. Мәселен, анықтаушы өкілеттігі шегінде қылмыстық қудалауды жүзеге асырады. Қылмыстық істерді жүргізеді. Әр қылмысқа орай тергеу оңай емес. Оның ар жағында адамдардың тағдыры тұр. Олардың  қылмысқа бару себебі де әр түрлі. Мен үшін ең қиыны, жол-көлік оқиғасын тергеу дер едім. Өйткені болған жайтты «қайтадан қалпына келтіріп», саралау қажет. Мәселенің ақ-қарасын анықтау керек. Кейде екі тарап өзара дауласып, бірі «бұлай жүрдім» десе, екіншісі «жоқ, былай болды» деп, әділдік талап етеді. Сол кезде кінәліні анықтау қиын, бірақ мүлт кетуге болмайды. Ондайда әрбір сантиметр зор рөл атқарады. Сондықтан шыдам мен сабырға, білім мен тәжірибеге сүйенген жөн. Қазір мемлекет тарапынан да ішкі істер құрылымдарының қызметкерлеріне талап күшейді. Арың таза болу, қандай қиындық, кедергі болса да шыдау полиция қызмкеткерінің басты ұстанымы болуы шарт дер едім. Олар ең бірінші, білімді болуы, заңмен жұмыс істеуі керек. Азаматтардың конституциялық құқығы бұзылмауы шарт. Істі объективті тергеу үшін тек заңға сүйенеді. Тәртіп сақшысының бойында адалдық пен кәсібилік қатар жүру керек деп санаймын. Екіншіден, қызмет ауыр, жауапты болғандықтан, барлық жайтқа психологиялық тұрғыдан дайын болу керек. Талапты да жігерлі болғаны жөн. Үшіншіден, дені сау болып, спортпен үнемі шұғылданып отыру қажет. Біз әріптестерімізбен, күнде болмағанмен, аптасына үш рет уақыт бөліп, футбол ойнаймыз. Қыста да  дене шынықтырудан қол үзбеуге тырысамыз, - дейді полиция лейтенанты.

Кейіпкеріміз  өз сөзінде ішкі істер құрылымдарының қызметкерлеріне мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалатынын атап өтті. Оның сөзінше, ауданға қызметке келген полицейлерді баспанамен қамту да оң шешім тапқан.

«Жастарды құқық қорғау қызметіне шақырамын. Қиын болғанмен, жауапты қызмет. Жас маманға тәжірибелі тәлімгер бағыт-бағдар беріп, бір жыл бойы қамқорлығына алады. Маған тергеуші, полиция капитаны Ғалым Дүйсеғалиев тәлімгер болды. Әп дегеннен бәрін меңгеру, үйрену мүмкін емес. Сондықтан  әр қызметкер өзінің саласы бойынша бағыттап, жөн сілтеді. Мұндағы қызмет бір-бірімен ұштасып жатыр. Яғни жас маманды тезге салып, қатарға қосуда барлық қызметкердің еңбегі зор», - дейді Жәрдем Мағзомұлы.

 

Айна Имашева,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале