30.11.2021, 10:41
Оқылды: 31

Арзан картоп алдыңыз ба?

Сенбі күні «Ел ырысы» базарында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Онда облыстағы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен қоса, БҚО тұрақтандыру қоры көкөністерді арзан бағада саттыққа шығарды. 

13

–  «Aqjaiyq» ӘКК» АҚ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру үшін 1,2 млн теңге бөлді. Қазір жеткізушілермен келісімшарт жасалды. Бағаны тұрақтандыру қоры  жәрмеңкенің бірінші кезеңінде  картопты 137, пиязды  86  және  сәбізді 179 теңгеден саттыққа шығарып отыр.  Мұнда таңғы сағат 9-дан бастап тұрғындар көп жиналды. Келушілер  бір кассаның жеткіліксіз екенін айтқан соң,  екінші кассаның қызметін ұйымдастырдық. Келесі жәрмеңкеде мұндай кемшіліктерді ескеріп, келушілердің қолайлы  сауда жасауына  жағдай  жасаймыз. Бұл жәрмеңкеге 10 тонна картоп,  3 тоннадан пияз бен сәбіз әкелінді. Алғаш рет ұйымдастырып отырған соң,  көкөністердің қанша мөлшерде сатылатынын білмедік. Сондықтан бүгін тұрғындардың  сұранысын  көріп, біліп, келесіде көкөністерді артығымен жеткіземіз.  Көкөністерді Бәйтерек ауданындағы «Плотников» шаруа қожалығынан  төмен бағамен сатып алдық,  – деді «Aqjaiyq» ӘКК» АҚ-ның басқарушы директоры Мейірбек Нұркен.

Негізінен әлеуметтік маңызы бар 12 азық-түлік тауары бекітілген. Мейірбек Асқарұлының айтуынша, алдағы уақытта өтетін жәрмеңкенің  екінші кезеңінде I сортты ұн, шемекі май, қырыққабат  және басқа да тауарлар  төмен бағамен сатылмақ. Желтоқсан айындағы айтулы мерекелер қарсаңында  тағы да үлкен жәрмеңкелер  ұйымдастыру  жоспарланған.

12

– Менің елуден астам омартам бар.  Алайда бал арасының өнімін сататын жер жоқ. М. Ықсанов  және Жәңгір хан көшелерінде өтетін  жәрмеңкелерге халық көп келетін еді. «Ел ырысы» базарына келетіндер өте аз. Мұндағы  тұрған орнымызға ақша төлегенімізбен, табыс жоқтың қасы, – дейді «Уральский мед» ШҚ-ның жетекшісі Владимир Иванович.

Бағаны тұрақтандыру қоры ұсынған  ауыл шаруашылығы өнімдерін алуға келушілердің қарасы қалың болды. Тұрғындарды сөзге тартқанымызда, картоп бағасы арзан болғанмен, ұзын-сонар кезек шаршатқанын,  сәбіздің бағасы  дүкендегі қақымен бірдей екенін айтты. Айта кету керек, жәрмеңкені «Aqjaiyq» ӘКК» АҚ, облыстық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік индустриалдық-инновациялық даму басқармалары ұйымдастырды.

Айна Имашева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале