25.01.2024, 17:52
Оқылды: 116

Әскери салада бағыт-бағдар беріп келеді

Ұлттық ұлан әскер қатарына отан алдында борышын өтеуге келген әр азаматқа психологиялық тұрғыдан көмек беру үшін, әскери психологтар қызмет атқарады. Бүгінгі мақаламызда бұл салаға өмірінің он бес жылдай уақытын арнаған Қазақстан Республикасы Ұлтты ұланы Оралда орналасқан 5517 әскери бөлімінің әскери психологы капитан Айнұр Халилова туралы сөз қозғаймыз.

image-24-01-24-11-42

Кейіпкеріміз Айнұр Закарияқызы Ресей Федерациясының Саратов облысы Александр-Гай елді мекенінде 1983 жылы 11 қарашада дүниеге келген. Әкесі Закария көптеген жерде қызмет етіп отбасын адал еңбекпен асыраған ардақты әке. Ал анасы Унзира жеке кәсіппен айналысып қана қоймай, ұлы мен қызын мәпелеп өсірген асыл ана.

image-24-01-24-11-42 (1)

Ал біздің кейіпкеріміз осы бақытты отбасының кенжесі, ерке қызы болып өскен. Мектеп қабырғасында жүргенде кейіпкеріміз көптеген жетістікке жетіп, оқу үлгерімі де жақсы болған. Сабақпен қатар өнер мен спортты бірге алып жүрген кейіпкеріміз үстел теннисі және би өнерімен айналысқан. Бастауыш сыныптан бастап бала Айнұр өзінің болашақ мамандығын ойластыра бастаған екен. Мектеп қабырғасында оқып жүргенде-ақ, кейіпкеріміз психолог маманы боламын деп нақты шешім қабылдаған. Он бір жылдық мектепті аяқтағанна кейін, өзінің болашақ мамамандығы мен оқу орны туралы көп ойланбапты. Арманы мен мақсаты бір болған, Айнұр өзі көздеген мамандыққа оқуға Батыс Қазақстан облысындағы Махамбет Өтемісұлы атындағы университетке психолог мамандығына оқуға түскен. Кейіпкеріміз мектеп кезінен бастап, кітап оқуды ұнатқан. Соның ішінде атақты Дэйл Кернеги, Зигмунд Фрейд сынды, психология саласының майталмандарын оқып, өзіне керек білімді жинап бастаған. Психолог мамандығында оқып жүргенде-ақ болашақтағы жұмыс орны туралы көп ойланады. Назарын әскери психология саласына аудара бастайды. Бұл ойдың пайда болуының жалғыз бір себебі бар. Кейіпкеріміз жоғарғы оқу орнында оқып жүргенде, үйінің жанында полиция бөлімшесі болған екен.

- Күн сайын таңғы уақытта оқуға қарай бет алғанымда, үйімнің жанында тұрған полиция бөлімшесінің алдынан өтетінмін. Сол кезде бөлімшеге кіріп-шығып жүрген қызметкерлерді көріп, өзімде осы салада жұмыс істесем ғой, иығыма пагон тағып жүрсем деген ойлар мені өзіне қатты баулитын деп, – жастық шағына көз жүгіртіп, күліп есіне алды Айнұр.

image-24-01-24-11-43

Махамбет Өтемісұлы атындағы жоғарғы оқу орнын бітіріп қолына армандаған дипломы түскен соң, мамандығы бойынша жұмысқа тұрады. Ең алғашында шағын орталықтарда психолог маманы болып жұмыс істейді. Арада біраз уақыт өтіп, құқық қорғау саласында өзінің бағын сынап көргісі келген кейіпкеріміз Оралда орналасқан барлық құқық қорғау органына жұмысқа тұру жөнінде өтініш қалдырады. Дәл осы сәттің бірінде Оралдағы Ұлттық ұланның 5517 әскери бөлімінде әскери психолог қызметі бос тұрады. Әскери бөлімнің кадр бөлімшесінің қызметкерлері, өтініш қалдырған Айнұрға байланысқа шығып, әскери бөлімге психолог маманы қажет екенін хабарлайды. Ол еш ойланбастан дипломын алып, әскери бөлім табалдырығын аттайды. Алғашында қарапайым қызметкер болып қызмет атқарған кейіпкері араға жарты жылдай уақыт салып, әскери бөлім сарбаздарымен бірге әскери ант қабылдап Ұлттық ұланның әскери қызметшісі аттанады. Жалпы 2010 жылы әскери бөлім табалдырығын аттаған Айнұр он төрт жыл ішінде капитан шеніне дейін жетіп отыр. Кейіпкер өзінің алғашқы офицерлік шеніне 2016 жылдың желтоқсан айында қол жеткізген. Қызметте жүрген он төрт жыл ішінде көптеген әскери қызметкерге психологиялық-моральдық тұрғыда қолдау көрсетіп, қол ұшын созып, жас сарбаздарға көмегін беріп, оларға әскери салада бағыт-бағдар беріп, дұрыс жолға салып жүр.

image-24-01-24-11-43 (1)

- Әскери салаға келген сәттен бастап, әскери психология ұғымына терең ене бастадым. Алғашында әскери терминдерді жаттап әскери саланың қыр-сырын меңгердім. Әрине, адам баласының жұмыс орнындағы негізгі әсер етуші ортасы ол ұжымы екені анық. Мен де өзімнің әріптестерімнің арқасында әскери қызметке бірден сіңісіп кеттім. Әскери қызметте өткізген он төрт жыл ішінде әскерге шақыртылған жас сарбаздармен қоса, сержанттар және  офицерлермен де жұмыс жасағанмын. Алайда менің әскери саладағы негізгі жұмысым әскерге келген жас сарбаздарға психологиялық тұрғыда демеу беру. Себебі әскери салада, әскери қызметкерлердің психологиялық-моральдық жағдайы өте маңызды екені бәрімізге мәлім. Қызметте ең алдымен әскерге келген жас сарбаздардың психологиялық-моральдық жағдайын тексеремін, олардың қылығын зерттеймін, әскери өмірге деген көзқарасын сұрап ғана қоймай, бір айлық адаптациядан өткіземін. Жас сарбаздарға алғашқы психологиялық көмек көрсеткен соң, сарбаздардың психологиялық жағдайын арттыру мақсатында, арнайы трениң, психологиялық ойындар ұйымдастырып жас сарбаздарды тек дамытып қана қоймай, оларға жақсы көңіл күй сыйлауға тырысамыз. Сонымен қатар әскердегі әр қызметкерді психологиялық тұрғыда дамыту мақсатында, әскери психолог ретінде арнайы кездесулер, тақырыптық сағаттар ұйымдастырамын. Әскери психологтың көзімен қарасам, қазіргі таңда әскерге келген сарбаздардың психологиялық жағдайы өте жақсы, отанға деген ыстық ықыласы жоғары, жалпы айтқанда әскерге келетін жас сарбаздардың сексен пайызы отан алдындағы борышын өтеймін деп талпынып келеді. Иә, әрине бізде әлі қалған жиырма пайыз да бар. Бұл сарбаздар көп жағдайды қауіпті топқа жатады. Қауіпті топқа жататын сарбаздар мен жеке жұмыс жасап, оларды психологиялық тұрғыда дамытуға бар күш жігерімізді саламыз. Жұмыс барысында Бауыржан Момышұлы қолданған әдістерін қолданамын. Себебі әскери сала қызметкері болған шағымнан бастап көбінесе Бауыржан атамыздың шығармаларын оқып, өзім де сол дара тұлғаның салып кеткен дара жолымен тәрбиелеуге тырысамын. Сол себепті Бауыржан Момышұлын  әскери саладағы жетекшім деп білемін деп, – кейіпкеріміз өзінің өмірлік жетекшісі мен әскери қызметте атқаратын жұмысын баяндап берді.

Әйел заты нәзік болады емес пе? Бүгінгі таңда өз отбасының кенжетайы еркесі болған кейіпкерімізді, болмысы жағынан нәзік болса да, Әлия мен Мәншүк апаларымыз секілді батыл әрі қайсар қазақтың қызы ретінде көруге болады. Әрине қыз баласы үшін әскери сала қиын болса да Айнұрдың қызметке деген адалдылығы, әскерге келген сарбаздарға және көптеген жас офицерге үлгі болып келеді. Кейіпкеріміз аяулы жар, ал мәпелеп өсіріп отырған қызына үлгілі ана.

Бақдәулет Манарбек,

лейтенант

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале