«TEATR ALL» IV халықаралық театр фестивалінің ашылу салтанатында ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевтың құттықтау хаты оқылды, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.

Фото: madenietaqparat
Құттықтауда Меруерт Өтекешованың ұлттық мәдениет пен қазақ театр өнерінің дамуына сіңірген көпжылдық еңбегі аталып өтті.
Кеш барысында Меруерт Өтекешова шығармашылық жолы, өнердегі ұстаздары және М. Әуезов атындағы театрда 50 жылдан астам еңбек еткен кезең туралы өз естеліктерін айтты.
Фестивальде Ғабит Мүсірепов пен Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек» этно-фольклорлық мюзиклі сахналанды. Қойылымның режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров.
Көпшілік Мұхтар Әуезов атындағы Ұлттық драма театры музейінің қорынан арнайы дайындалған «Сұлулық пен сырлы өнердің символы» көрмесін тамашалады.
«TEATR ALL» IV халықаралық театр фестивалі 7 қазанға дейін жалғасады. Өнер мерекесіне Өзбекстан, Қырғызстан және Әзербайжаннан келген театр ұжымдары, сондай-ақ Астана мен еліміздің өңірлеріндегі жетекші театрлар қатысып жатыр.

Фестиваль театр өнерін дамытуға, сала мамандарының шығармашылық байланысын арттыруға, тәжірибе алмасуға және халықаралық мәдени әріптестікті нығайтуға бағытталған.