19.08.2022, 17:15
Оқылды: 630

Ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға жеңілдікпен баспана алу мүмкіндігі бар

«Ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар» санаты бойынша баспана кезегінде тұрған Орал қаласының тұрғындарына жеңілдетілген шарттармен жеке пәтер алу мүмкіндігі пайда болды. Ол үшін әкімдік тізіміндегі кезекті күтудің қажеті жоқ. Олар жеке баспанаға қол жеткізу үшін бастапқы жарнасыз, жеңілдетілген несие ала алады. Несие бойынша сыйақы мөлшерлемесі жылдық – 5%, ең жоғары сома – 15 млн теңге.

WhatsApp Image 2022-08-19 at 17.39.38

Тұрғын үй мәселесін шешудің бұл әдісін «Отбасы Банк» корпоративтік өнім бағдарламасы аясында ұсынып отыр. Қолжетімді несиеге қажетті қаражатты Орал қаласының әкімдігі бөлуде. Тиісті келісімге бүгін шаһар басшысы Миржан Сатқанов пен «Отбасы банкі» облыстық филиалының директоры Аида Ипатова қол қойды.

– Жеңілдікпен несие алатын үміткерлердің тізімін әкімдік құрды. Біз өз тарапымыздан олардың төлем қабілеттілігін тексеріп, заем береміз. Үміткерлердің арасында балалар жаттықтырушылары, мұғалімдер, ауысыммен жұмыс істейтін қызметкерлердің бар екені белгілі болды. Олардың көбісі отбасылы. Қолжетімді шарттармен несие алу арқылы үміткерлер отбасыларымен бірге қазір тұрып жатқан «Жастар» үйінен жеке пәтерлерге көшетін болады. Ал жеке баспана дегеніміз – болашаққа деген сенімділік пен әлеуметтік тұрақтылық. Бағдарламаны бастау үшін әкімдік бірінші транш бөліп отыр, оның көмегімен жақын арада бірнеше отбасы баспаналы болмақ. Жеңілдетілген несиелендіруге барлығы 500 млн теңгеге жуық қаржы бөлу жоспарлануда, оның 50 млн теңгесі несиелендірудің бірінші кезеңіне жіберілмек. Болашақта бұл игі бастама өзінің жалғасын табады деп сенеміз. Айта кетейін, несиелер кейінгі транштардың түсуіне қарай беріледі, –деп түсіндірді «Отбасы банк» АҚ облыстық филиалының директоры Аида Ипатова.

Қазіргі таңда «ата-ана қамқорлығынсыз қалған жетім балалар» санаты бойынша 1 907 адам Орал қаласы әкімдігінің тұрғын үй кезегінде тұр. Енді олар әкімдік пен Отбасы банкімен бірлескен келісімі арқылы жеңілдетілген несие ала алады.

Ол үшін Орал қаласында кемінде бір жылдық тұрақты тіркеуі бар балалар үйінің түлектері өтініш бере алады. Олардың соңғы бес жылда атына тіркелген баспанасы болмауы тиіс. Өтініш берген сәтте олардың Орал қаласында, таңдаған қызмет саласындағы ресми жұмыс өтілі бір жылдан кем болмауы шарт. Сондай-ақ отбасы мүшесінің соңғы 6 айдағы табысы 6 ең төменгі күнкөріс мөлшерлемесінен немесе 216 108 теңгеден аспауы керек. Толық ақпаратты қаладағы «Отбасы банкінің» орталығынан және бөлімшелерінен алуға болады.

Орал қаласының әкімдігі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале