30.04.2021, 9:17
Оқылды: 70

«Атамекеніне» түлектердің қамқорлығы

Алмалы ауылдық округінің Атамекен ауылында ел игілігіне жақсы іс атқарылды. Ауыл жастары ұйымшылдық танытып, ауыл тұрғындарынан жиналған қаражатқа мектеп жанындағы жазғы спорт алаңын жөндеуден өткізді.

Атамекен тулектери

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген қазақпыз ғой, сондықтан бірден осы шаруаға мұрындық болған ауыл жастарының аты-жөндерін атап кетейік. Бүгінде әр ауылда, әр қалада жүрсе де, туған мекенге  келіп, аз уақыттың ішінде барлығын ұйымдастырған Бауыржан Масенов  бастаған Дастан Сейітбаев, Мерген Төлеуғалиев, Әділбек Төлеуов, Тарғын Шатанов, Амантай Зейнуллин, Мұрат Ізбасаров, Салауат Төлеуғалиевтерге ел-жұрт дән риза. Өз қалталарынан қаражат қоса жүріп, ауылдастарын да сауапты іске тартқандарына біз де куәміз, жанұямызбен көмектестік  те. Ауылдағы әр жанұядан 30 мың теңгеден жиналған қаржыға әл-ауқаты жоғары отбасылар қосымша үстеді. Қаражат беруге шамалары келмегендері үйінде бар құрылысқа қажет дүниелерді әкеліп беріп жатты. Ортақ істен ешкім де қалыс қалған жоқ.

Темір қоршауларды сатып алып, ауылға жеткізу, оны дәнекерлеу, ойын алаңына белгі сызықтар салу – бәрін де аты аталған жігіттер атқарды. Бүгінде қоршалған бір гектар жерге жас талдар сатып әкеліп, отырғызылды. Алдағы уақытта жайқалған теректерге айналып, ауыл ажарын аша түсері  анық. Бұл жерге бағаналар қойып, айналасын жарық шамдармен жарқыратып, жүз метр қашықтықтан электр тогын жеткізу жоспарда.

– Қоршалған спорт алаңымыздың бір бұрышынан кішкентайларға арнап «Бүлдіршіндер қалашығы» деген атаумен орын жасақтағымыз келеді. Мұның бәрі ертеңгі күннің еншісінде. Ауылдастарымыздың ауызбіршілігі мен ұйымшылдығы артып тұратын болса, оған да қол жеткіземіз деген ойдамын, - дейді ұйымдастырушылардың бірі Бауыржан Масенов.

Міне, күн жадырап, айнала шуаққа бөленгенде жерлестеріміз жөндеген спорт алаңында ауылдың балалары асыр салып доп теуіп, жүгіре жарысып ойнауда. Ата-аналар бұрын телефоннан басын алмаған балаларын енді осы жерден тауып жүр.

 

Аманкелді Жанайысов,

М.Өтемісов атындағы орта мектептің директоры

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале