19.09.2023, 9:00
Оқылды: 89

Aудандар мен облыстық маңызы бар қала әкімдерінің сайлауы: үміткерлерге қандай талап қойылады?

Елімізде 5 қараша күні аудандар мен облыстық маңызы бар қала әкімдерінің сайлауы өтеді. Пилоттық режімде жүзеге асқалы жатқан саяси бәсекенің жай-жапсары туралы өткен бейсенбіде баспасөз мәслихаты өтті. Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының ғимаратында ұйымдастырылған жиынға облыстық сайлау комиссиясының мүшелері мен БАҚ өкілдері қатысты.

6628E813-B229-4250-8ADB-C08E4B7F6429

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында аудандар мен қалалардың әкімдері сайланатынын  мәлімдеген  болатын.

«Екі жылдан астам уақыттан бері азаматтар ауыл, ауылдық округ әкімдерін өз бетінше сайлайды. Осы уақыт ішінде ауылдық деңгейдегі әкімдердің төрттен үші сайланды. Енді алдымызда аудан мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерін сайлауды сынақтан өткізу керек», - деді ел Президенті.

Айта кетейік, ауыл әкімдерін сайлау 2021 жылдың 25 шілдесінен бастап ұйымдастырылып келеді. Ал бұл жолғы пилоттық режімдегі сайлау еліміздегі 45 аудан мен үш қалада бір мезетте өтпек.

Саяси науқанның барысы мен үміткерлерге қойылатын талаптар туралы облыстық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Арман Жиенғалиев баяндады.

– Сайлау Қаратөбе, Тасқала және Бөкей ордасы аудандарында өтіп, халық аудан әкімдерін өздері сайлайтын болады. Үміткерлерді тіркеу 15 қыркүйекте басталып, 5 қазанда аяқталады. Содан кейін сайлауалды үгіт-насихат басталады, ол 24 күнге созылады. Одан кейін тыныштық күні және кейін дауыс беру күні. Сайлау науқанына қаражат жергілікті бюджеттен бөлінеді. Еліміз бойынша өңірлер мәслихаттарының шешімімен 2,2 миллиард теңге бөлінді, – деді А. Жиенғалиев.

Маманның айтуынша, әкімге үміткерлер екі жолмен ұсынылады. Біріншісі – саяси партиялар арқылы. Бұл ретте саяси партия бір сайлау округінен бір ғана үміткерді ұсынуға құқылы. Екіншісі – дауыс беруге құқығы бар тиісті сайлау округі сайлаушыларының кемінде 1% қолдауымен өзін-өзі ұсыну жолымен жүзеге асырылады. Бұл ретте сайлауға кандидаттар тіркелмеген не ұсыну мерзімі аяқталған күнге бір кандидат ұсынылған жағдайда жоғары тұрған әкім тиісінше екі не бір кандидат ұсынуға  құқылы.

Талаптарға сәйкес, әкімдерді тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің халқы жалпыға бірдей, тең, тікелей сайлау құқығы  негізінде жасырын дауыс беру арқылы сайлайды. Әкім лауазымына мемлекеттік саяси лауазымдарға қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес келетін және 25 жастан кем емес Қазақстан азаматы сайлана алады. Сот іс-әрекетке қабілетсіз деп таныған, сондай-ақ сот үкімі бойынша бас бостандығынан айырылған азаматтардың сайлануға құқығы жоқ. Сондай-ақ заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген, алынбаған соттылығы бар немесе заңда белгіленген тәртіппен сыбайлас жемқорлық қылмыс пен сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық жасауда кінәсі бар адам әкімге кандидат бола  алмайды.

Тағы бір айта кететін мәселе – сайлауға қатысу үшін өзін-өзі ұсынған кандидаттар өз қаражаттарынан жергілікті атқарушы құрылымның шотына 350 мың теңге мөлшерінде жарна аударуы қажет. Бұл қаражат кандидат сайлауда жеңіске жетіп, аудан әкімі болып сайланған жағдайда немесе сайлаушылардың 5%-дан астам дауысын жинаса қайтарылады.

Гүлсезім Бияшева

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале