16.10.2023, 14:30
Оқылды: 58

Ауыл – ел бесігі: БҚО-да 13,3 млрд теңгеге 60 жоба жүзеге асып жатыр

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Батыс Қазақстан облысында жалпы құны 13,3 млрд теңге болатын 60 жоба жүзеге асып жатыр, деп хабарлайды Kazinform.

23dc48ea-af7a-4a50-bf6d-1a1e1b83197d

БҚО қаржы басқармасының басшысы Нұрлан Есенғалиевтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, бұл жобалар 109,5 мың адам (барлық ауыл тұрғындарының 34,9 пайызы) тұратын 34 перспективті ауылда қолға алынды.

Нұрлан Мұхитұлының сөзіне қарағанда, соның ішінде көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында 29 жоба (7,8 млрд) аясында 9,3 шақырым жол құрылысы мен 90 шақырым жолды күрделі жөндеу жоспарланды.

Күні бүгін 3 жоба аяқталып, 16 шақырым жол ретке келтірілді.

Өңірде ауыл халқының тұрмыс сапасын арттыру мақсатында әлеуметтік салаға да айрықша көңіл бөлініп келеді. Мұнда 5,4 млрд теңгеге 28 жобаны жүзеге асыру көзделген.

Атап айтқанда, 2022 жылдан ауыспалы 9 мектеп пен 1 қосымша білім беру орталығын күрделі жөндеу жүргізіліп, соның алтауында жұмыс өз мәресіне жетті.

Денсаулық сақтау саласында Жәнібек ауданы Талов, Казталов ауданы Қараоба ауылдарында дәрігерлік амбулатория күрделі жөндеуден өткізілді.

Тағы төртеуінде жұмыс жалғасуда, Теректі ауданы Теректі ауданында аудандық емхана салынып жатыр.

Мәдениет саласында 3 ауылдық мәдениет үйін күрделі жөндеу және жеті ғимаратты жаңадан салу жоспарланған.

Соның ішінде Ақжайық ауданы Мерген ауылында мәдениет үйі күрделі жөнделді.

Абаттандыру және газбен қамту саласында 0,1 млрд теңгеге Ақжайық ауданында Чапаев және Тайпақ ауылдарының көшелерін жарықтандыру аяқталды.

Тағы бір ауылда әлеуметтік нысандар газға қосылмақшы.

«Осылардың ішінде ірі жобаларға тоқталар болсақ, алдымен Теректі ауданы Теректі ауылындағы аудандық емхана ғимараты ауызға ілігеді. Сондай-ақ Бөкей ордасы Бисен ауылында 300 орындық мәдениет үйі еңселі ғимаратқа айналмақшы. Бәйтерек ауданы Щапов, Казталов ауданы Қайыңды, Жаңақала ауданы Қырқопа ауылдарында да осындай мәдениет үйлері салынуда» деді Н.Есенғалиев.

Айта кетейік, 2019-2022 жылдары Батыс Қазақстанда аталмыш бағдарлама аясында 19,5 млрд теңге бөлініп, 144 жоба жүзеге асырылып, 179,6 мың адам (ауыл тұрғындарының 57,3 пайызы) тұратын 54 перспективті ауыл қамтылды.

Ғайсағали Сейтақ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале