Кейінгі жылдары «Ауыл» партиясы белсенділігімен көзге түсіп келеді. Ірі саяси ұйымның жоба-жоспары көп. Атының өзі көзге жылы ұшырайтын партия белсенділері игі бастамалар төңірегінен табылып жүр. «Ауыл» партиясы БҚО филиалының аппарат басшысы Ғайса Қапақов партияның өңірдегі қосынының қадамы, алдағы саяси науқанға дайындық мәселесі туралы сауалдарымызға жауап берді.

– Ғайса Хамидоллаұлы, «Ауыл» партиясының Батыс Қазақстан облыстық филиалының қазіргі мүшелік құрамы туралы айтып өтсеңіз. Филиал қатарында қанша адам бар? Мүшелердің орташа жасы қандай? Жалпы құрамдағы жастардың үлесі қанша пайызды құрайды?
– «Ауыл» партиясының Батыс Қазақстан облысы бойынша құрамында 6 мыңнан астам мүше бар. Былтыр бір жылдың ішінде 2100 адам электронды өтінім арқылы тіркелді. Партияға қабылданып жатқандардың 60 пайызы – жастар. Негізгі үлесі 40 пайыздан асады.
– Сайлау жүйесіндегі соңғы өзгерістер партия жұмысына қалай әсер етуде? Партия кандидаттарын іріктеуде қандай талаптарға басымдық беріледі? Әйелдер мен жастардың саяси белсенділігін арттыру үшін қандай жұмыстар жүргізілуде? Саяси бәсекелестіктің күшеюі партияларға қандай талаптар жүктейді?
– Кейінгі жылдары еліміздің сайлау жүйесінде жүзеге асырылған реформалар саяси партиялардың қызметіне жаңа серпін берді. Сайлау үдерісінің ашықтығы артып, саяси бәсекелестік күшейді. Бұл партиялардан халықпен тығыз байланыс орнатып, қоғам сұранысына сай нақты ұсыныстар мен тиімді шешімдерді талап етеді.
Біздің партия әртүрлі бағытта бірнеше жүздеген ұсыныс пен шешім қабылдады. Мысалы, су шаруашылығын дамытуға байланысты жаңа Кодекс іске қосылуына мұрындық болды. Мал шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу мен экспортты дамыту, егіншілік және бау-бақша шаруашылығы саласы бойынша құқықтық мәселелерді реттеу, ауыл шаруашылығы техникаларын жасауға мемлекеттік қолдау, ақбөкендердің санын реттеу, ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлерінің мәртебесін арттыру мәселелеріне көңіл бөліп келеді. Ауыл әйелдерінің кәсіпкерлігі, жергілікті аймақтағы ипотека, фермерлердің өнімдерін сатып алу жүйесін құру, ауыл жастарын жұмыспен қамту туралы бастамаларды да көтеріп жүр. Жас мамандарды ауылдық жерде үймен қамтамасыз ету, ауыл мектептерінің білім сапасы деңгейін арттыру, мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа тарту, медицина мамандарының тапшылығы, айта берсек, көптеген мәселені қаузаймыз.
Осыған байланысты партия кандидаттарын іріктеген кезде олардың кәсіби біліктілігіне, қоғамдағы беделіне, жауапкершілігіне және халықпен жұмыс тәжірибесіне ерекше мән беріледі. Сонымен қатар өңірдің өзекті мәселелерін жақсы білетін, партия бағдарламасын жүзеге асыруға қабілетті азаматтарға басымдық беріледі.
Партия әйелдер мен жастардың саяси белсенділігін арттыруға ерекше көңіл бөледі. Осы бағытта партия жанындағы Ана, бала және отбасы мәселелері жөніндегі комиссия мен «Ауыл ажары» әйелдер қозғалысы жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Аталған құрылымдар арқылы әйелдердің қоғамдық-саяси өмірге араласуға мүмкіндік беруге, отбасы институтын нығайтуға және жастардың көшбасшылық әлеуетін дамытуға бағытталған түрлі жобалар мен іс-шаралар ұйымдастырылады. Партия ұйымдастыруымен «Ауыл ойындары», «Батаменен ел көгерер» байқауы, «Ауыл нақыштары» фотобайқауы, «Кітап – өмір өзегі» алыс ауылдарға кітап сыйлау акциясы, «Таза Қазақстан», «Мен – донормын!» акцияларын атап айтсақ болады.
Жалпы бүгінгі саяси бәсекелестік партиялардың жұмысына жоғары талап қояды. Сондықтан біздің басты мақсатымыз – азаматтардың сенімін ақтап, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты жобалар мен бастамаларды жүзеге асыру арқылы қоғам дамуына өз үлесімізді қосу.
– Елде ауқымды саяси реформалар жүзеге асырылып жатыр. Соның ішінде қос палаталы Парламенттің орнына бірпалаталы Құрылтайдың құрылуы қоғамда қызу талқылануда. Осы өзгерістер аясында «Ауыл» партиясы алдағы саяси науқанға қаншалықты дайын? Жергілікті мәслихаттар мен Құрылтай құрамына кандидаттар ұсыну бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформалар мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға, азаматтардың шешім қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған. Осы өзгерістер аясында қоғамдық-саяси институттардың рөлі артып, саяси партияларға жаңа міндеттер жүктелуде. «Ауыл» партиясы бұл үдерістерге белсенді қатысып, алдағы саяси науқанға жүйелі түрде дайындық жүргізуде.
Бүгінде партия өңірлердегі ұйымдық құрылымдарын күшейтіп, кадрлық резервті қалыптастыру жұмысын жалғастыруда. Жергілікті мәслихаттар мен Құрылтай құрамына ұсынылатын кандидаттарды іріктеу кезінде олардың кәсіби біліктілігіне, қоғамдағы беделіне, ел мен жер тағдырына жауапкершілікпен қарай білуіне және халықпен жұмыс тәжірибесіне басымдық беріледі.
Бүгінгі таңда 170-тен астам резервтегі кадрды дайындадық, енді оларды әртүрлі жұмысқа тартып, біліктілігі мен қабілеттілігін тексерудеміз. Олардың арасында белсенді жастарды, әйелдерді, еңбек адамдары мен ауылдық жерлердегі беделді азаматтарды қоғамдық-саяси қызметке тартуға басымдық берудеміз.
Біздің басты мақсатымыз – қоғам сеніміне ие болатын, ел мүддесін қорғай алатын және ауылдық аумақтардың дамуына нақты үлес қосатын білікті азаматтарды ұсыну. Сондықтан партия алдағы саяси науқанға дайындық жұмыстарын жоспарлы түрде жүргізіп, барлық деңгейдегі сайланбалы құрылымдарда халық мүддесін лайықты қорғайтын өкілдердің болуына күш салуда.
– Биыл Орал қаласында «AUYL INVEST FEST. Қой шаруашылығы 2.0» фестивалі өтті. Бұл іс-шараның негізгі мақсаты қандай болды? Фестиваль аясында қандай нәтижелерге қол жеткізілді және біздің өңірдегі ауыл шаруашылығын дамытуға берер пайдасы қандай деп ойлайсыз? Басқа да тың жобалар жоспарланып отыр ма?
– Орал қаласында өткен «AUYL INVEST FEST. Қой шаруашылығы 2.0» фестивалінің басты мақсаты – қой шаруашылығы саласындағы заманауи технологияларды, озық тәжірибелерді және инвестициялық мүмкіндіктерді насихаттау, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өндірушілері, ғалымдар мен инвесторлар арасында тиімді байланыс орнату болды. Бұл іс-шара Мемлекет басшысының агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі тапсырмаларын іске асыруға және ауыл экономикасының әлеуетін арттыруға бағытталды.
Фестивальдың ерекшелігі – оған шетелдік сарапшылардың қатысуы болды. Олар қой шаруашылығын дамыту, асыл тұқымды мал өсіру, өнімділікті арттыру, мал өнімдерін өңдеу және экспорттау бағыттарындағы халықаралық тәжірибелерімен бөлісті. Бұл өз кезегінде жергілікті шаруалардың жаңа технологиялар мен тиімді басқару модельдері туралы білімін арттырып, саланың бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге жол ашты.
Батыс Қазақстан облысы мал шаруашылығын дамытуға қолайлы өңірлердің бірі болғандықтан, фестиваль нәтижелері қой шаруашылығының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, ауыл тұрғындарының табысын көбейтуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға оң ықпал етеді деп есептейміз. Бұған мысал «Бірлік» шаруа қожалығындағы оң өзгерістер. Болашақта жаңа технологияны қолданып, қой санын 40 мыңға жеткізу жоспарлануда. Бұл бағытта нақты қадамдар басталып та кетті.
Алдағы уақытта да партия ауыл кәсіпкерлерін қолдау, аграрлық бизнесті дамыту, ауыл жастарының кәсіпкерлік бастамаларын ынталандыру және инновациялық жобаларды насихаттау бағытындағы іс-шараларды жалғастырады. Өйткені ауылдың өркендеуі – елдің тұрақты дамуының негізгі кепілі.
– Бүгіндері «Ауыл» партиясының БҚО филиалы өңірдегі қандай өзекті мәселелерді көтеріп жүр? Әсіресе ауыл шаруашылығы саласында шешімін күткен қандай түйткілдер бар деп санайсыздар?
– Бүгінде «Ауыл» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының басты назарындағы мәселелердің бірі – ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартып, ауылдардан көші-қонды азайту. Ол үшін ең алдымен тұрақты жұмыс орындарын ашу, ауыл кәсіпкерлігін дамыту және халықтың табысын арттыру маңызды деп санаймыз. Өйткені ауылда еңбек етуге және табыс табуға мүмкіндік болған жағдайда тұрғындар туған жерінде тұрақтап қалады.
Осы бағытта партия бастамасымен «Ауыл тұрғындарының табысын арттыру» атты форум ұйымдастырылды. Форумға облыстың барлық ауылдық округ әкімдері, кәсіпкерлер, шаруа қожалықтарының жетекшілері мен сала мамандары қатысты. Іс-шара барысында ауыл тұрғындарының табысын көбейтудің тиімді жолдары, шағын кәсіпкерлікті дамыту, кооперация құру, мемлекеттік қолдау тетіктерін пайдалану мәселелері кеңінен талқыланды.
Сонымен қатар цифрлық сауатты арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Бүгінде көптеген мемлекеттік қызметтер мен қолдау құралдары цифрлық форматқа көшкендіктен, ауыл тұрғындарына заманауи технологияларды меңгерту маңызды. Форум аясында тәжірибелі спикерлер мен табысты кәсіпкерлер тәжірибелерімен бөлісіп, ауыл жағдайында да табысты бизнес жүргізудің нақты мысалдарын көрсетті.
Біздің мақсатымыз – ауыл халқының табысын арттыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға және жастардың ауылда қалып, еңбек етуіне мүмкіндік беретін тиімді тетіктерді қалыптастыру. Бұл ауылдық аумақтардың тұрақты дамуына және өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін нығайтуға ықпал етеді.
– Шекара маңындағы ауылдардың әлеуметтік-экономикалық жағдайы – қоғам назарындағы маңызды мәселелердің бірі. Осы бағытта партия тарапынан облыс әкімдігіне, уәкілетті мемлекеттік құрылымдарға және салалық министрліктерге қандай ұсыныстар енгізілді? Оларды шешудің қандай тетіктерін ұсындыңыздар?
– Шекара маңындағы ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуы – «Ауыл» партиясының тұрақты назарындағы мәселелердің бірі. Бұл елді мекендерде халық санының азаюы, жастардың көшіп кетуі, жұмыс орындарының тапшылығы, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымның жеткіліксіздігі сияқты түйткілдер алаңдатып тұрғаны рас. Сондықтан партия өңір тұрғындарымен кездесулер барысында көтерілген ұсыныстарды жинақтап, салалық министрліктер мен уәкілетті мемлекеттік құрылымдарға жолдап келеді.
Біздің облыста 12 ауданның 8-і шекаралық аудан болып келеді. Сондықтан біздің негізгі ұсыныстарымыздың қатарында шекара маңындағы ауылдарға арнайы мемлекеттік қолдау тетіктерін енгізу, кәсіпкерлікті дамытуға арналған жеңілдетілген несие бағдарламаларын кеңейту, жаңа жұмыс орындарын ашу және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу кәсіпорындарын көбейту мәселелері бар. Сонымен қатар жол, байланыс, интернет, ауыз су және денсаулық сақтау нысандарының қолжетімділігін арттыру қажеттігін де үнемі көтеріп келеміз.
Біздің пайымдауымызша, шекара маңындағы ауылдарды сақтап қалудың ең тиімді жолы – тұрғындарға тұрақты табыс көзін қалыптастырып, өмір сүруге қолайлы жағдай жасау. Қазіргі кезде партия ұсынысымен жаңа заң жобасы дайындалуда. Ол қабылданған жағдайда шекара маңындағы ауылдардың дамуына жаңа серпіліс береді деп сенеміз.
– «Ауыл» партиясы шаруа қожалықтарымен және кәсіпкерлер қауымымен тығыз байланыс орнатқан саяси ұйым ретінде белгілі. Мал және егін шаруашылығын дамыту бағытында шаруалар мен кәсіпкерлер тарапынан қандай бастамалар жиі көтеріледі? Партия олардың ұсыныс-пікірлерін мемлекеттік құрылымдарға жеткізу және шешімін табуға ықпал ету бағытында қандай жұмыстар жүргізіп келеді?
– «Ауыл» партиясы шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлердің ұсыныстарын тұрақты түрде жинақтап, оларды мемлекеттік құрылымдарға жеткізу бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Тек соңғы бір жарым жылда Мәжілістің төрт депутаты келіп, қаланы және алты ауданды аралады. Тұрғындармен кездесулер барысында шаруалар көбіне жайылым және шабындық жерлердің тапшылығы, су мәселесі, жеңілдетілген қаржыландыруға қолжетімділік, өнімді өткізу нарығын кеңейту сияқты өзекті мәселелерді көтереді.
Осы бағытта Мәжіліс депутаттарының қатысуымен балық шаруашылығын дамытуға арналған үлкен кездесу ұйымдастырылды. Қой шаруашылығын дамыту жөніндегі форумның қорытындысы дайындалып, Премьер-министрге жеткізілді. Құс шаруашылығы жөнінде де ұсыныстар енгізілуде.
– Ғайса Хамидоллаұлы, сіз мемлекеттік қызметте жауапты лауазымдар атқарып әрі облыстық аумақтық сайлау комиссиясына біраз жыл төраға болдыңыз. Осы мол тәжірибеңізді партияның беделін арттыруға, өңірдегі жұмысын жандандыруға және сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыруға қалай пайдаланып келесіз? Саясаттағы және мемлекеттік қызметтегі тәжірибеңізден қандай маңызды сабақ алдыңыз? Алдағы бірнеше жылда «Ауыл» партиясының өңірдегі қызметінен қандай нәтижелер күтесіз?
– Мемлекеттік қызметте және сайлау жүйесінде жинақтаған тәжірибем маған ең алдымен халықпен ашық диалог орнатудың, заң талаптарын сақтаудың және әрбір шешімнің жауапкершілігін сезінудің маңызын ұғындырды. Бүгінде осы тәжірибені «Ауыл» партиясының өңірдегі жұмысын жүйелеуге, қоғамдық институттармен өзара байланысты нығайтуға және партияның сайлауалды бағдарламасында көзделген міндеттерді іске асыруға пайдаланып келемін.
Әрине, тәжірибе жеткілікті. Ең бастысы, халықты тыңдай білу, екісөзді болмау, нақты істер атқару маңызды. Тұрғындармен тығыз байланыста болғанда ғана ел ішінде партияның беделі нығая түседі. Әрине, бір мезетте шешімін табуы қиын күрмеулі мәселе көп. Бірақ оның шешу жолдарын ашық айтып, дұрыс түсіндіре білсең, халық дұрыс қабылдайды. Ең абзалы, көптің көтерген мәселесін тез шешу керек, сөзбұйдаға салмау қажет.
Қазіргі заман – командалық уақыт. Партия төңірегіне адал ниетті, сөздің емес, істің адамдарын топтастыра білсек, партияның жұмысының оң нәтижесін көруге болады.
Нұртай Алтайұлы,
«Орал өңірі»