Жер аяғы кеңіп, ауыл малын жайлауға аттандырар уақытта және қысқы кезде мал қораға қарап, соғым науқаны басталған сәтте көше бойында тіркеме тіркеген көліктердің көп кездесетінін байқаған шығарсыз.

Бұрынғыдай атпен немесе қолға шыбыртқы алып, ой мен қырға жаяу мал айдап тасымалдаудың бейнеті бәсеңдегені де өтірік емес. Жеңіл көлігіңіздің құйрығына тіркемеңізді тіркеп, ет пісірім уақытта қалаған шаруашылыққа малыңызды тасымалдап, ойдай шаруаңызды ойланбай тыңдырып келесіз.

Өзінің дәуірі келген бұл тіркемелер бүгінде ауылдағы әр көшеден табылады. Тіпті ауданымыздың орталығы Жымпиты ауылында көлік тіркемелерін жасап шығаратын цех та бар. Айтпағымыз да – осы нысан жөнінде.

Ауылдағы жер үйлердің ортасында бәйтеректей биік шоқтықты ғимарат орналасқан. Әрине, көшесімен күнде жүріп өтсек те, ішіне бір кіріп шығуға жолымыз түсе қоймаған еді.
Таңертең редакциялық тапсырма бойынша айтқан нысанымыздың есігін аштық. Кірген сәттен-ақ шарқайрақтың дарылдаған дауысы мен жарқ-жұрқ еткен темір дәнекерлеу құрылғысының шоқтары қарсы алды. Балқыған металл түтіндерінің арасында қалың қолғап, қара маска киген адамдар. Бұл жерде жұмыс әлдеқашан ерте қызғаны көрініп тұр. Ішкі көрініс жұмыс емес – нағыз майдан деуге келеді. Еңбектің майданы. Майданның ішінен пластик дулығалы Асхат есімді еңбек жауынгеріне көрістік. Бізге керегі де осы кісі болатын.
Темірге жан бітірген шебер – Асхат Аралбаев. Жымпиты ауылының тұрғынының қолынан шыққан бұйымдар сапасы мен беріктігі арқылы көпшіліктің сеніміне ие болғалы қашан.
Асхаттың темір өңдеуге деген қызығушылығы 2015 жылдан бастау алады. Алғашқыда шағын көлемдегі тапсырыстарды орындап, тәжірибе жинаған ол уақыт өте келе кәсібін кеңейтіп, 2022 жылы ауыл ішінен жеке цехын ашады. Бүгінде «ЖК Ерназар» атауымен жұмыс істейтін шебер өз кәсібін тұрақты түрде дамытып келеді.
Қазіргі таңда оның цехының өнімдері тек Сырым ауданында ғана емес, Ақтөбе, Ақтау, Орал, Атырау қалалары мен олардың аудандарында да кеңінен қолданылуда. Осы уақытқа дейін Асхаттың қолынан 100-ден астам көлік тіркемесі шыққан.

Шебер тек тіркеме жасаумен ғана шектелмейді. Тапсырысқа қарай қақпа, қоршау, ангар, қора және темірден жасалатын түрлі бұйымдарды дайындайды. Әр тапсырысқа жауапкершілікпен қарап, сапаны басты орынға қоятындықтан, оның тұрақты тұтынушыларының қатары жыл сайын артып келеді.
Бір қызығы, Асхат Аралбаев бұл кәсіптің қыр-сырын арнайы оқу орнында меңгермеген. Ол темір ұсталығының барлық қырын өз бетінше ізденіп, тәжірибе арқылы игерген. Бүгінде шеберханасында үш адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Бұл – өз кәсібін дөңгелетіп қана қоймай, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуға да үлес қосып жүрген кәсіпкердің еңбегі.
Қоңдыкер Жеңісұлы,
Сырым ауданы