Казталов ауданында жастарды қолдауға бағытталған «Жастар керуені» жобасы өз жұмысын бастады. Жоба аясындағы кездесу Жалпақтал ауылдық кітапханасында ұйымдастырылып, оған Жалпақтал, Жаңажол, Бостандық, Көктерек, Талдыапан және Талдықұдық ауылдық округтерінің жастары қатысты.

Іс-шараның негізгі мақсаты – ауыл жастарына мемлекеттік қолдау тетіктерін кеңінен таныстыру, олардың кәсіпкерлік, білім алу, жұмысқа орналасу және құқықтық сауаттылық бағытындағы мүмкіндіктері туралы ақпарат беру.
Кездесу барысында жастарға мемлекеттік бағдарламалар, кәсіп бастауға арналған қолдау шаралары, оқыту және кәсіби даму мүмкіндіктері жөнінде жан-жақты мәлімет ұсынылды. Сонымен қатар жастар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, сала мамандарынан нақты кеңестер алды.

Кездесуге сондай-ақ төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары мен жеке кәсіпкер қатысып, жастармен өз тәжірибелерімен бөлісті. Төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері өрт қауіпсіздігі, судағы қауіпсіздік ережелері және төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізсе, жеке кәсіпкер кәсіп бастау жолдары, бизнесті дамытудағы алғашқы қадамдар мен мемлекеттік қолдау мүмкіндіктері туралы әңгімелеп, жастарды еңбекқорлық пен кәсіпкерлікке үндеді. Полиция қызметкерлері құқықтық тәртіп, интернет қауіпсіздігі және алаяқтықтың алдын алу тақырыптарында түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Шараның ерекше бөлігінің бірі – қатысушылар арасында ұйымдастырылған «Білімділер бәйгесі» интеллектуалдық сайысы болды. Танымдық ойын барысында жастар түрлі бағыттағы сұрақтарға жауап беріп, білімдері мен логикалық ойлау қабілеттерін сынады. Қызықты әрі тартысты өткен сайыс қатысушылардың белсенділігін арттырып, жеңімпаздар арнайы сыйлықтармен марапатталды.

Осындай кездесулер ауыл жастарының белсенділігін арттырып, олардың жаңа мүмкіндіктерді пайдалануына жол ашумен қатар, тәжірибе алмасуға және өзара пікірлесуге тиімді алаң қалыптастыруда. «Жастар керуені» жобасы алдағы уақытта да ауданның өзге ауылдық округтерінде жалғасын табады.
Ернәсіл Рысқалиев,
Казталов ауданы