10.07.2026, 16:15
Оқылды: 16

Күй анасының мұрасы – ұлтқа ортақ құндылық

Жақында Қазақстанның халық әртісі, күй анасы Дина Нұрпейісованің туғанына 165 жыл толуына орай өңірімізде  кең көлемде мәдени-сазды іс-шаралар өтті.

дина3

Мерейтой қарсаңында алдымен шаһардағы Назарбаев даңғылы бойында орналасқан даңқты күйшілер Құрманғазы мен Дина ескерт­кіштеріне гүл шоқтары қойылды. Тұлға рухына тағзым етілген осы іс-шараға облыстағы түрлі басқарма мен мәдени ошақтардың басшылары, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері қатысты. Сондай-ақ еліміздің түкпір-түкпірінен келген ғалымдар мен музыка майталмандары болды. Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Қуанышбек Мұханғалиев ескерткіш алдында сөз сөйлеп, халқымыздың күй шежіресін бүгінгіге мирас етіп қалдырған қос алып тұлға жөнінде  пікірін айтты.

– Ақ Жайық өңірінде жыл басынан бері бірқатар тарихи тұлғалардың мерейтойлары аталып өтілуде. Бөкей хандығының құрылғанына 225, Мұхит Мерәліұлының 185 жылдығымен басталған ауқымды атаулы даталар бүгінде Дина Нұрпейісованің 165 жылдығымен жалғасын табуда. Күйшінің шығармаларын арқау еткен республикалық, облыстық күйшілер байқауы жыл сайын дәстүрлі ұйымдастыр-лып келеді. Сонымен қоса, Орал қаласында және тұлғаның туған топырағы Жаңақала ауданында тағылымды іс-шаралар өтпек. Осынау іс-шаралардың төрінен Дина Нұрпейісованің жиені Бағила әжені көріп отырғанымызға бек қуаныштымыз. Асылдың сынығы, бізге әркез ақылшы болып, ақ батасын арнап жүретін ақжаулықты анамызға амандық тілейміз! –  деді Қуанышбек Жанболатұлы.

дина7

Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген өнер қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Күйшілер одағының мүшесі, Қазақ ұлттық өнер университетінің про­фессоры Айтжан Тоқтаған күй анасының қазақтың домбыра өнерінде  ерекше із қалдырғанын айтты. Оның сөзінше, Дина Нұрпейісованің күй тарту кезіндегі суырыпсалмалық қабілеті – бұған дейінгі өнер өкілдерінде кездеспейтін ерекше қасиет. Ескерткішке гүл шоғын қою мәртебесі өңірге арнайы келген меймандарға ұсынылды. Нақтырақ айтсақ, Айтжан Тоқтаған мен ҚР Халық күйшісі, «Құрмет» орденінің иегері Ермек Қазиев, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, филология ғылымының кандидаты, ақын Маржан Ершу мен Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгі иегері, зерттеуші, Жаңақала ауданының Д. Нұрпейісова атындағы ЖОББМ директоры Гүлбар Шуақбаева қос тұлғаның ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.

дина8

Күй анасының 165 жылдық мерейтойы қаламыздағы Достық үйінде «Күй-мұра» республикалық конференциясына ұласты. Бұл алқалы жиынға облыс әкімі Нариман Төреғалиев қатысып, Дина Нұрпейісованің өмірі мен шығармашылығын халық арасында кеңінен насихаттап, оның рухани мұрасын кейінгі ұрпаққа жеткізу басты борышымыз екенін тілге тиек етті. Өңір басшысы сөзінде ел Президенті бастамашы болып, кейін барша қазақ жұрты қолдаған жаңа Конституцияның күшіне енуімен құттықтады.

Бұл – еліміз үшін айрықша тарихи оқиға. Осы айтулы сәтте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халқымызға арнайы үндеу жариялап, тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарихи дәуірі басталғанын атап өткен болатын. Президентіміз Парламент палаталарының бірлескен отырысында сөйлеген сөзінде домбыраның ұлттық мәдениетті сақтаудағы мәніне ерекше тоқталды. Шілде айының бірінші жексенбісі ұлттық домбыра күні! Қастерлі мейраммен ұштасып келген бүгінгі Дина әжеміздің мерейтойы республикалық деңгейде тойлануда. Домбыраның қос іше­інде халқымыздың бүкіл тарихы мен тағдыры, қуанышы мен қайғысы, рухы мен болмысы жатыр. Ұлттық домбыра күні қарсаңында Ақ Жайық өлкесінде өткізіліп жатқан алқалы жиынның орны ерекше. Себебі бұл басқосу қазақтың дәстүрлі күй өнерінің арқауын үзбей, оны жаңа белеске көтерген бірегей тұлға, күй анасы Дина Нұрпейісованің 165 жылдық мерейтойына арналып отыр. Дина анамыз ұлы күйші Құрманғазы Сағырбайұлы қалыптастырған күйшілік мектептің тағылымын жалғап, өзінің қайталанбас орындаушылық шеберлігімен және төл туындыларымен ұлттық мәдениетіміздің мерейін асырды, – деді облыс әкімі құттықтауында.

дина6

Бұл іс-шарада Ақ Жайық өңіріне арнайы келген меймандар баяндама жасады. Философия ғылымдарының докторы, ғалым, зерттеуші, Қазақ ұлттық өнер университетінің оқытушысы Айтолқын Тоқтаған Дина Нұрпейісованің өмірін, шығармашылық және рухани мұрасын алғаш болып академик Ахмет Жұбанов зерттегенін сөзіне өзек етті. Ал музыкатанушы Ғафура Бисенова Дина әжемізбен көзі тірісінде сұхбаттасып, оның орындаушылық ерекшеліктері, қағыс жүйесі мен күйшілік мектебі туралы құнды дерек қалдырған. Кейінгі зерттеулерде Сәуле Өтеғалиева, Пердебек Шегебаев сынды музыкатанушылар күйшінің стильдік орындаушылық және музыкалық ерекшеліктерін талдаса, Ақселеу Сейдімбек, Сәуірбек Бақбергенов, Жұмекен Нәжімеденов, Латифулла Қапашов секілді әдебиеттанушылар, жазушы-журналистер тұлға мұрасының тарихи-мәдени маңыздылығын зерттеген.

Дина Нұрпейісованің  мұрасын жинақтап, нотаға түсіру және орындаушылық өнерін тәжірибеге енгізуде күйші, профессор Қаршыға Ахмедияровтың еңбегі зор. Оның құрастыруымен 1991 жылы Дина әжеміздің «Әсем қоңыр» деп аталатын күй жинағы жарық көрді. Осының нәтижесінде күйшінің туындылары ғылыми айналымға, оқу бағдарламалары мен концерттік репертуарларға кеңінен енді. Бүгінде жаңа архив және ауызша деректердің жариялануы Дина өнеріне тың тұжырым жасауға мүмкіндік беруде. Күйшінің өмірі мен өнері бірнеше тарихи дәуірді қамтығандықтан оның шығармашылық жолын немересі Балжан Жорабайқызының ұсынуымен шартты түрде Нарын, Астрахан және Алматы кезеңдерімен бөліп қарастыруға болады. Бұл күйші өнерінің әртүрлі тарихи ортада қалыптасып, жалғасуы мен даму сатыларын көрсетеді. Дина әжеміздің өмірі мен өнері қазақ халқының күрделі кезеңдерімен тұспа-тұс келді. Нақтырақ айтсақ, патшалық Ресейдің соңғы жылдары, 1916 жылы болған ұлтазаттық көтеріліс, ұжымдастыру, ашаршылық, қуғын-сүргін және екінші дүниежүзілік соғыс оның тағдыры мен өнеріне ықпал етті. Кеңестік кезеңде дәстүрлі мәдениет өкілдерінің өнер жолы белгілі бір идеологиялық талаптарға сай жүргізілді. Дина Кеңес билігі орнағанға дейін елге танылған күйші болды. Оның жастайынан күйтартыстарға қатысуы өнердегі батыл мінезі мен кәсіби деңгейін дәлелдейді. Тарихи деректерде, Құрманғазы Сағырбайұлы Дина ұзатылар шақта оның қайын жұртына күйшілік өнеріне кедергі жасамауына, бойындағы талантын тұншықтырмауды айтты, – деді ғалым А. Тоқтаған.

Ақын Маржан Ершу 25 жасында түсінде  Дина Нұрпейісовані көргенін жеткізді. Айтуынша, оның осы түсі «Дина» атты көлемді поэма және мистикалық музыкалық драма жазуға себепші болған. Естеріңізде болса, былтыр Х. Бөкеева атындағы  облыстық қазақ драма театрында ақының «Дина» драмаса сахналанып, көптің ықыласына ие болды.

дина

– Түсімде Дина әже ұзын бойлы, қара сұр өңді, басында ақжаулығы бар, дауысы өктем әрі бұйырып сөйледі. Ол «Мен Дина Нұрпейісовамін. Маған Маржан Ершу қажет. Сен неге мені ізде-мейсің? Менің үйім сегізінші март көшесінде» деп айтты. Мен сол сәтте шошып ояндым. Бұл оқиға тамыз айының орта тұсында болған еді. Осы күннен кейін келер сегізінші наурызда не болар екен деп алаңдаумен өттім. Біреуге сыр айтайын десем, бұл ақын қиялиланып барады деген сөзге қалам ба деп қысылдым. Арада біраз жыл өткен соң, шығармашылығымда сілкініс болды. 2007 жылы Дина әжеміз туралы поэма жаздым. Сол жылы ақын Фариза Оңғарсыновамен Астанада жолығып қалдық. Ол менің күйші жөнінде поэма жазғанымды естіп, таңғалған  екен. Себебі жас ақынның көбісі махаббатты жырлап жүрген тұс. Ақын апама көрген түсімді айтқанымда, ол: «Әруақты кісі ғой, сені желеп-жебеп жүргені шығар. Ештеңеден қорықпа! Өлеңге жасандылық қоспа» деп еді. Содан кейін «Дина» деп аталатын қазақ және түрік тілдеріндегі кітап шығардым. Оның ішінде тұлға туралы көптеген дерек бар, – деді ақын.

Белгілі домбырашы-ұстаз, күйші және ҚР Мәдениет саласының үздігі, ҚР Күйшілер одағының БҚО филиалының төрағасы Асқар Кенжеғалиев адам күйді екі тәсілмен меңгеретінін баяндады. Оның бірі нота арқылы болса, ал екіншісі – құймақұлақтық дәстүр.

– Күйді тек нота арқылы үйрену оның бастапқы сипатының өзгеруіне әкелуі мүмкін. Орындаушы шығарманы техникалық жағынан меңгергенімен, дәстүрлі мақамы мен орындаушылық шеберлік деңгейін төмендетуі ықтимал. Дина күйлерін орындаған кезде бұл мәселелер өте өзекті. Себебі оның шығармаларында Батыс Қазақстандағы күй мектебіне тән орындаушылық шеберлік бар. Қазіргі кезде күй үйрету барысында тыңдау әдісін қайта жандандыру маңызды. Болашақ домбырашылар алдымен Дина күйін тыңдап, содан кейін шығарма нотасын үйренгені абзал, – деді кәсіби домбырашы.

Жаңақала ауданындағы Д. Нұрпейісова атындағы мектептің директоры, зерттеуші, ұстаз Гүлбар Шуақбаева  Дина Нұрпейісованің өмірін және шығармашылығын оқу бағдарламасына енгізу туралы ұсынысын айтты. Сондай-ақ күй анасы 1938 жылы өлең сөздің дүлдүлі Жамбыл Жабаевпен жүздесіп, күй тартысқа, сөз тартысқа түскен. Қос алыптың кездесуіне жазушы Мұхтар Әуезов пен шәкірттері куә болған көрінеді. Өкініштісі, Жамбыл мен Динаның жолыққан осы тарихи сәт ешқандай баспа бетіне жарияланбаған. Гүлбар Тұрланқызы осындай тың мәліметтерді ілгеріде жасаған экспедициялық сапарда Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Жамбыл музейінен естігенін жеткізді.

– Алматыдағы Ықылас Дүкенұлы атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде Дина әжеміздің домбырасы сақтаулы. Бұрындары домбыраны ұсақ малдың ішегінен жасалатынын естіген шығармыз. Ал Дина Нұрпейісова  тартқан домбыра ішегі ащы жусанға жайылған ешкі ішегінен жасалған екен. Осы орайда, Алматыдағы аспаптар музейіндегі күй анасының домбырасына мен айтқан әдіс арқылы ішек дайындап, тарихи аспапқа қайта жан бітіргіміз келеді. Бұл ұсынысты алғашында Дина Нұрпейісованің жиені Бағила әжеміз айтып, маған аманат етіп қалдырған. Қазірде ешкі ішегінен жасалған домбыра ішегі дайын. Ішек кептіріліп, есіліп, ұршықтан өткізіліп тұр. Егер келісім берілсе, оны тарихи домбыраға тағып, бұрап, қайта қалпына келтірсе дейміз, – деді мектеп директоры Гүлбар Шуақбаева.

Іс-шарада облыс әкімі Дина Нұрпейісованің жиені Бағила Қоңырқызына амандық тілеп, иығына камзол жауып, ақжаулық сыйлады. Мазмұнды баяндама жасаған қонақтарға да гүл шоқтарын ұсынды. Іс-шарада Айтолқын Тоқтағанның «Дина Нұрпейісова күйлерінің рухани әлемі» кітабының лентасы қиылды. Жаңақала ауданының әкімі Алпамыс Көшкінбаев Жайық жұртшылығы атынан Айтолқын Айтжанқызына алғысхат пен естелік сыйлық табыстады. Іс-шара мерекелік кешке ұласып, Дина Нұрпейісованің күйлері орындалды. Күй күмбірлеген кештің шымылдығы жабылар тұста Бағила әже Дина анамыздың мерейтойы жоғары деңгейде өткенін айтып, ақ батасын берді.

*  *  *

Өнер мерекесі Жаңақала ауданына қарасты Көпжасар  ауылындағы Дина Нұрпейісова атындағы мектепте жалғасты. Іс-шара аясында меймандар мектептегі Дина Нұрпейісова мұражайын аралап, ондағы тарихи жәдігерлермен танысты. Одан кейін «Әсем қоңыр» республикалық күйшілер байқауы басталды. Еліміздің әр өңірінен келген үміткерлер екі кезеңнен тұратын дүбірлі додада бақ сынады. Байқауға Астана мен Алматы қалаларынан арнайы келген өнер майталмандары қазылық етті. І кезеңде қатысушылар Динаның «Бұлбұл», «Меңдіқара», «Жігер» сынды күрделі шығармаларын және қазылар алқасы бекіткен 12 күйдің бірін орындады. Ал ІІ кезеңде үміткерлер өздері таңдаған Дина Нұрпейісованің міндетті үш күйін және алдын ала берілген Құрманғазы Сағырбайұлы, Мәмен Ерғалиұлы, Оқап Қабиғожин туындыларының бірін қазылар алқасының сұрауы бойынша жоғары шеберлікпен нақышына келтіре орындады.

Күй құдіретін жете түсініп, жүлделі ІІІ орынды (150 мың  теңге) Сырым Шонбаев (Жамбыл облысы), Айша Жанайдарқызы (Орал) және Наргиза Қасымова (Орал) өзара бөлісті. Ал ІІ орынның (200 мың теңге) биігінен көрінгендер қатарында Райымбек Тарихов (Орал), Дана Дидар (Астана) және Қымбат Ғабдуллина (Астана) болды. Дүбірлі додада І дәрежелі диплом мен 300 мың теңгенің ақшалай сертификатын қанжығасына байлаған қос мықты – Қызылорда облысынан келген Бекнұр Әбдижәли мен Алматы қаласының намысын қорғаған Жұлдызай Кенгесбаева көрерменнің ерекше ықыласына бөленді. Өнер бәйгесінің бас жүлдесін Орал қаласының тумасы, дүлдүл домбырашы Әділет Жолдығали жеңіп алып, 500 мың теңгелік сыйақыны иеленді.

Күй байқауында Айтжан Тоқтаған бастаған қазылар алқасына да құрмет көрсетілді. Астана мен Алматы қалаларынан келген өнер майталмандарына аудан әкімінің арнайы алғысхаты табысталды. Осылайша ұлы өнерді ұлықтаған тағы бір кеш тарих қойнауына енді.

Нұрым Ғұмар,

«Орал өңірі»

Әйгерім Төлепова,

Жаңақала ауданы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале