10.07.2026, 16:00
Оқылды: 9

Қайсар жан

Тағдыр кей адамды сынайды. Бірақ сыннан сүрінбей өткен жан ғана өзгеге шамшырақ бола алады. Жәнібек ауданының Ақоба ауылынан шыққан Ринат Қалмияров– сондай азаматтардың бірі.

6f5bf64a-36de-4e3f-a52a-dccf08b0db97

Бір кездері бозкілемде қарсылас шақ келтірмеген балуан – бүгінде бочча спортында ел мерейін асырып жүрген шемпион. Оның өмір жолы қайсарлықтың, төзімнің және туған жерге деген адалдықтың жарқын үлгісі.

Ринаттың спорттағы сапары өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының ауыр кезеңінде басталды. Ақоба ауылында алғашқы күрес әліппесін меңгерген талапты жас кейін Орал қаласындағы педагогикалық колледждің спорт факультетінде білім алып, Батыс Қазақстан педагогикалық университетінде оқуын жалғастырды. Туған жеріне оралған соң ауылында жаттықтырушы болып еңбек етіп, қазақ күресінің дамуына өлшеусіз үлес қосты.

667c163f-f237-4886-9f0c-b9296ac24e2f

Жас балуан ретінде аудандық, облыстық жарыстарда топ жарып, салмағы өзінен әлдеқайда ауыр қарсыластарын жеңіп, «Түйе палуан» атанған кездері де аз болған жоқ. Оның тәрбиесін көрген шәкірттері бүгінде аудан спортының өркендеуіне үлес қосып жүрген білікті мамандар мен елге қызмет етіп жүрген азаматтарға айналды. Алайда 2005 жылы ауыл тойында өткен шешуші белдесуде алған ауыр жарақат оның тағдырын күрт өзгертті. Үлкен спортпен қош айтысуға мәжбүр болды. Көп адам мұндай соққыдан кейін өмірге өкпелеуі мүмкін еді. Бірақ Ринат Қалмияров тағдырға емес, өзіне сенуді таңдады.

Арбаға таңылса да, рухын ешкімге еңкейтпеді. Кәсіп бастап, «Қайрат» шаруа қожалығын құрды. Туған ауылындағы спорттық іс-шаралардың тұрақты демеушісіне айналды. Ат спортының дамуына қолдау көрсетіп, жас маманға жылқыларын сеніп тапсырды. Жас балуандарға құны 400 мың теңге болатын жаңа бозкілем сыйлап, бала күнгі арманын өзгелердің қуанышына айналдырды. Бірақ Ринаттың жеңіс жолы мұнымен аяқталған жоқ. Өмірдің жаңа белесінде ол бочча спортын жанына серік етті. Осындай спорт түрі бар екенін оған досы, Әскербек Нұрмұханов айтты. Ол алғашында келіспегенімен көп ұзамай бұл спортқа ғашық болды. Ерік-жігер мен табандылықтың арқасында аз уақыттың ішінде үлкен жетістікке жетіп, Қазақстан Республикасының шемпионы атанды. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының спорт шебері атағын иеленіп, тағдырдың адамды емес, адамның тағдырды жеңетінін дәлелдеді. Бұл – бір адамның ғана жеңісі емес.

fe20f7df-61d6-4e73-8565-17292eb547f9

Бұл – жігердің, сенімнің, қайсар рухтың жеңісі.

Күні кеше Мәншүк Мәметова атындағы халықаралық әуежайда Қазақстан шемпионы атанған Ринат Қалмияровты туған жердің азаматтары, ауылдастары, шәкірттері мен спорт жанашырлары зор құрметпен қарсы алды. Ақжарма тілектер айтылып, қазақы дәстүрмен иығына шапан жабылды. Бұл – шемпионға көрсетілген құрмет қана емес, қайсарлыққа деген тағзым еді.

Ринат Қалмияровтың өмір  жолы бүгінгі жастарға үлгі. Жеңіс тек медальмен өлшенбейді. Нағыз жеңіс – тағдырдың ең ауыр сынағына мойымай, қайтадан өз жолыңды тауып, өзгеге үміт сыйлай білу. Ринат мұны өзінің қайсарлығымен дәлелдеген азамат.

Орынбасар  Ғилымов, 

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале