1.03.2017, 10:31
Оқылды: 70

Азиада – Олимпиадаға дайындық алаңы

ҚР Орталық коммуникациялар қызметінде Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің  төрағасы Елсияр Қанағатов  Қазақстан спортшыларының VIII қысқы Азия ойындарындағы нәтижелерінің қорытындысы жайлы айтты.

 

–Биылғы Азия ойындары Жапонияның Саппоро мен Хоккайдо аралында орналасқан Обихиро қаласында өтті. Оған жер-жүзінің отыздан астам елінің спортшылары қатысты, – деп бастады сөзін Елсияр Баймұхамедұлы.

Одан әрі комитет төрағасы спорттың 11 түрінен 64 медаль жиынтығы сарапқа салынған Ойындарда отандастарымыздың сәтті өнер көрсеткенін, жарыста Қазақстан спортшылары 9 алтын, 11 күміс және 12 қола медальді жеңіп алғанын айтты. Оның айтуынша, бұған дейін спортшыларымыз бес Азия ойындарына қатысып, барлығы 69 алтын, 51 күміс және 44 қола жүлде иеленген болатын. Ал 2011 жылы Астана мен Алматыда өткен сында саңлақтарымыз 32 алтын, 21 күміс және 17 қола медальді місе тұтты. Биылғы Азиадада Қазақстан құрамасы тағы да алдына Жапония, Оңтүстік Корея мен Қытайды жіберіп, төртінші орынды қанағат тұтты.

–Күншығыс елінде біздің спортшыларымыз қысқы спорты жақсы дамыған Жапония, Корея және Қытайдың қыз-жігіттерімен иық теңестіріп бәсекелесті. Олар Азиадада барлық жарыстарға қатысты. Әсіресе, биатлон, могул, хоккей мен шаңғы жарысында  чемпион атанған спортшыларға ризамыз. Солардың арқасында көк байрағымыз тоғыз рет  желбіреп, әнұранымыз ойналды. Мысалы, Галина Вишневскаяның бір өзі биатлонда төрт рет құрмет тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Ал Ян Савицкий болса үш рет алтын жүлдені алып, екі рет күміс медальмен күптелді. Дарья Усанова да қалпақпен ұрып алатын қарсылас еместігін көрсетті. Сол сияқты могулда Юлия Галышева, шаңғыда Ринат Мухин, Елена Коломинаның, конькимен жарысуда Денис Кузиннің еңбегін атап өту керек, – деді ол.

Жалпы, Елсияр Қанағатовтың айтуынша, Азиадаға біздің кейбір мықты деген спортшыларымыз қатыса алмаған. Олар әлемнің түкпір-түкпірінде өтіп жатқан халықаралық турнирлер мен әлем чемпионаттарына қатысып жатыр. Кейбіреуі келесі жылы Оңтүстік Кореяда өтетін Қысқы Олимпадаға дайындалуда. Дегенмен, қысқы спортты серік еткен қыз-жігіттеріміз еліміздің намысын қолдан бермеуге тырысып, Жапониядан жүлденің түр-түрін арқалап әкелді. Енді олар Үкіметтің тиісті қаулысымен ақшалай сыйақы алып, марапатталады.

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале