1.07.2022, 14:31
Оқылды: 246

Азық-түлік бағасына апта сайын талдау жүргізілуде

- Өндірушілер мен сауда желілері арасында өңірімізде өндірілетін азық-түлік өнімдерін сауда желілерінде өндіруші бағасына үстемені 15%-дан асырмай сату туралы меморандумдар жасау тапсырылды. Басқосудың  нәтижесі бойынша азық-түлік бағасын ұстап тұруға бағытталған ортақ, үйлесімді жұмыстың  бірлескен бағыттарын анықтауды ұсынамын, – деді жиынды ашқан Арман Өтеғұлов. 

WhatsApp Image 2022-06-30 at 13.14.24

Кеңесте сөз алған облыстық прокуратураның қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының аға прокуроры Айбек Асылбеков Бас прокуратураның тапсырмасымен құзырлы мемлекеттік құрылымдармен бірге облыс орталығындағы сауда орындарына жүргізілген тексеру  қорытындысымен таныстырды. Соның ішінде «Мирлан», «Ел ырысы», «Алтын алма» базарлары аумағындағы азық-түлік сататын 300-ден астам сату орны тексерілген. Мысалға, «Алтын алма» базарынан өрт қауіпсіздігі заңдылықтарын бұзудың 15 фактісін, «Мирлан» базарынан осындай 10 заңбұзушылықты анықтаған.  «Ел ырысында» 22 заңбұзушылық фактісі бар. Сонымен қатар тексеріс барысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бөлшек саудадағы бағасының қымбаттауы нақтыланды. Мысалға, қанттың шекті бағасы 307 теңге болса, «Алтын алма» базарында ол 600 теңгеден, «Мирланда» 550 теңгеден сатылуда. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бөлшек сауда бағасының өсуі көңіл көншітпейді. «Мұндай келеңсіздік барлық әлеуметтік тауар бағасына тән. Көтерме және бөлшек саудада сатылған тауарларға шот-фактуралардың болмауы да қалыптасқан жағдайды шиеленістіреді. Тауар айналымы ашық болмағандықтан бағаны қалыптастырудың негізділігіне көз жеткізу қиын. Осының нәтижесінде тұтынушыларға сөредегі тауарлар  бағасы екі есеге қымбатқа түседі», – деді аға прокурор.
Облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы жыл басынан бүгінгі күнге дейін жергілікті тауар өндірушілер өндіретін азық-түлік түрлері бағасына талдау жүргізіп келеді. Аталмыш басқарма басшысының міндетін атқарушы Жанна Бекқалиеваның баяндауынша, талдау нәтижелері әлеуметтік маңызы бар тауарлардың басым көпшілігінің үстемесі 15%-дан аспайды, тек өзге азық-түлік түрлеріне қосылатын үстеме баға 23%-ға дейін жеткен.
-    Бағаны тұрақтандыру бойынша сауда желілеріне 15 пайыздан аспайтын үстемеақымен тауарларды сату бойынша үш жақты меморандум жасау ұсынылған. «Халыққа тиімді болуы үшін бөлшек сауда желілері тарапынан жергілікті тауар өндірушілердің тауарларын делдалсыз, тікелей жеткізу жолдарын қарастырып, үстемеақыны 5-7%-ға дейін төмендету шараларын қарастыру қажет. Бүгінде  «Лидер» сауда желісімен келісімшартқа қол қойылды. Ал «Анвар» және «Дина»  сауда желілері меморандумға қол қою жөніндегі ұсынысты қарастыруда.  «Алтындар» сауда желісі мұндай мәміле жасаудан  бас тартты. Сауда желілерін әлеуметтік жауапкершілік танытып, жергілікті тауар өндірушілерді қолдауға шақырамын, – деді Жанна Бекқалиева.
Басқарма мамандары нарықтағы әлеуметтік маңызды азық-түлік түрлері бағасына апта сайын талдау жүргізуде. Мониторинг нәтижесі көрсеткендей, картоп пен пияздың бағасында өсім бар. Әсіресе, «Алтындарда» картоптың келісі 320 теңгеге, пияз 328-339 теңгеге дейін шарықтаған. «Лидерде» картоптың бағасы – 319 теңге, «Анварда» сәбіздің келісі – 369 теңгеден, «Лидерде» 345 теңгеден сатылуда. Қырықабаттың келісі «Дина» сауда желісінде 259 теңгеден, «Алтындарда» 253 теңгеден ұсынылуда. Алайда осы тауарлардың көтерме саудадағы бағасы өте төмен. Мысалға, картоптың келісі 160-170 теңге, пияз 220-230 теңге тұрады. Облыс әкімінің бірінші орынбасары дүкендердегі бағаның көтерме бағадан  неге бақандай 100 теңгеге айырмасы барын және оны төмендету үшін атқарушы құрылым қандай қадамдар жасауы керек деген сұрақ тастады ортаға. Ж.Бекқалиева көтерме саудагерлер басқа көтерме саудагерлерге қайта сатып, содан кейін ғана бөлшек сауда желілеріне жететінін айтты.
БҚО тұрақтандыру қоры комиссиясының мүшесі Айгүл Туркина «Лидер», «Дина» және «Анвар» сауда желілерінің жергілікті еместігін, олардың  басқа қалаларда тіркелгенін айтты. «Соған байланысты тауарлар Атырау мен Ақтөбеден келеді. Бұл баға айырмашылығының бірден-бір себебі – осы», –  деді ол.
Сондай-ақ қалалық мәслихат депутаты Айгүл Серікқызы кейбір ірі сауда дүкендерінде отандық өнімдердің KZ, әлеуметтік тауарлар белгілері көрсетілмегенін сынап, кемшіліктерді түзетуді ұсынды. «Дүкендерге кіргенде барлық елдерді біріктіретін ортақ сауда орны секілді әсер қалдырады. Елімізде емес, бөтен елде жүргендей сезімде боласыз», – деді ол.
Кеңеске жиналғандардың ой-пікірлерінен нарықта бағаны әркім өзі белгілейді, сауда орындарындағы бөлшек саудадағы азық-түлік түрлері бағасына шектеу қою қиын деп ұғындық. Өйткені кәсіпкерлікті мемлекеттік құзырлы құрылымдар тексере алмайды, мораторий әлі күшінде. Сауда орындары көтерме сауда орталықтарынан алынған тауарларға үстемені 15%-дан асырмау керек деген талаптың ескерілмейтіні өкінішті. Орал қаласы бойынша бағаға мониторинг жүргізетін қалалық әкімдіктің кәсіпкерлік бөлімі бағаны өсіруге қатысты тұрғындардан түскен алты өтінішті тіркеген, үш дүкенге қатысты тергеу жұмыстары аяқталған. Бұл бөлімде бағаны бақылайтын жалғыз маманның қызметінен нәтиже күту бекершілік десті жиынға қатысушылар. Ал БҚО бойынша агенттіктің бәсекелестікті қорғау және дамыту жөніндегі департаменті басшысының орынбасары Жақсат Мұратов бағаны ауыздықтау, оларды тексеру департамент құзырына кірмейтінін мәлімдеді.
А.Өтеғұлов кәсіпкерлерді қолдауға мемлекет тарапынан қаржы бөлініп, жылыжайларға коммуникациялар тартылғанын, нысан құрылысының құны субсидияланып отырғанын атап өтті. Бірақ бизнес халыққа неге бетін бұрмайды? Баға неге қымбат? «Ауыл тұрғындары еттің келісін 1950 теңгеден ұсынады, ал қалада 2800 теңгеден сатылуда. Бағалар қалай аспандаған? Әрине, баюға жол ашық, бірақ мұндай жолмен емес. Шындығында, түйткілдер көп, атқарушы билік өз қызметін атқара алмай жатыр», – деп биліктің лажсыздығын аңғартқандай болды облыс басшысының бірінші орынбасары.
Облыс орталығында 15 әлеуметтік дүкен жұмыс істейді. Бірақ сол сауда орындарындағы азық-түлік сапасы сын көтермейді. «Өнімдер неге сапасыз әрі қымбат? Мұны кім қадағалайды?», – деді «AMANAT» партиясының мүшесі Афиза Семғалиева. Қоғамдық кеңес мүшесі Біржан Кухаев жергілікті билік баға саясатын тым сылбыр жүргізіп отырғанын айтты. «Қоғамдық кеңес мүшесі әрі ел азаматы ретінде биліктің, нақты айтқанда тиісті басқармалардың баға саясатына қатысты жұмыстарына көңіл толмайды. Сауда департаменті құрылды. Ширақ қимыл көріп отырғаным жоқ. Үкімет басшысы Әлихан Смайылов бағаны тежеуге жұмыстарын күшейтуді тапсырып отыр. Бұл тапсырманы Премьер-министр маған да емес, халыққа да емес, осы жергілікті билікке беріп отыр. Халықтан түсетін арыз-шағыммен қалалық кәсіпкерлік бөлімінде тек бір маман айналысады. Кадрды қысқарту дегенде осылай істеуге бола ма? Сондықтан маманмен, техникамен қамтамасыз ету жағын қарастыру керек деп білемін»,  – деді Біржан Кухаев.
Басқосуда бау-бақша өсірушілер өкілі саяжайларға апаратын жолдарды асфальттауды, электр қуатын жүргізуді және сол арқылы тұрғындарға көкөніс өсіріп, оны саяжайларда сатуға мүмкіндік беруді сұрады. Мұны тығырықтан шығудың жолы ретінде ұсынды. Осы орайда Арман Кәрімұлы Орал қаласы әкімінің орынбасары Асхат Құлбаевқа тұрғындардың азық-түлікті өндіруші бағасымен сатып алуы үшін қалада ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін өткізуді, саяжайшылардың жеміс-жидекті сатуларына жағдай жасауды тапсырды. Кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілікті түсініп жұмыс істеулері керек екендігін ескертті. Баға тұрақтылығы бойынша тиісті сала мамандарына бірқатар тапсырма берді. Сондай-ақ бағаға қатысты кәсіпкерлер палатасында сауда желілерінің, сауда өкілдерінің қатысуымен ашық диалог өткізілетінін ескертті.
Гүлбаршын  Әжігереева,
Суретке түсірген: Гүлмира Сәрсенғалиева
zhaikpress.kz
Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале