26.06.2020, 12:14
Оқылды: 163

Бағы жанбаған «БатысМаркаЛамб»

Республикамызда дәуір сұранысына сай жаңа өндіріс ошақтарының саны жылдан-жылға көбейіп келеді. Бұл нысандар сол өңірдің мақтанышына айналып, халықтың берекесін шалқытуда. Әйткенмен, мемлекеттен миллиардтаған қаржы бөлінген өндіріс орындарының бірте-бірте қарқыны төмендеп, артынша мүлдем тоқтап қалғандары да бар. Солардың бірі – аудан орталығының тұсынан салынған «БатысМарқаЛамб» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ет өңдеу комбинаты.

48056C70-202D-4B8C-B775-FC63A89E5D7C

Осыдан 5 жыл бұрын...

2015 жылдың сәуір айы. Аудан орталығының бірқатар жұмыссыз тұрғындары су жаңа ет өңдеу комбинатына қызметке қабылданып, қуаныштары қойнына сыймай жүр. Олардың ішінде екі қолға бір күрек таба алмай, әбден титыққан жандар да, жоғары жалақыға қызығып, жылы орнын тастап келгендер де бар. Кешен басшылары бастапқыда 50-60 адамды жұмыспен қамтыса, уақыт өте келе қызметкерлердің санын 200-ге дейін арттырамыз деп уәдені үйіп-төгіп жатыр.

Ауысымына 1400 басқа дейін ұсақ мал соятын автоматтандырылған комбинат жұмысын бастасымен, жан-жақтан ауылдық жерде бұрын-соңды болып көрмеген теңдессіз нысанның жұмысына көрмекке қонақтар ағылды. Малды ағайынға да зор қолдау, уақ жандығын тиеп, Орал, Атырау тасып, жол азабын тартпайды. Өз ауданымыздан басқа Бөкей орда, Жаңақала, Қазталов, Жәнібек, Зеленов аудандарының шаруа қожалықтары, тіпті ақтөбелік иеліктер де қой төлдерін осы комбинатқа саудалады. Қайран күндер-ай десеңізші...

Тек батыс өңірінде ғана емес, бүкіл Қазақстанда зор маңызға ие бұл кешен құрылысын «ҚазАгроФинанс» АҚ қаржыландырды. Жобаның жалпы құны – 2,4 млрд теңге. Италияндық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген өндіріс өзінің жобалық қуаттылығына біртіндеп көшкен соң жылына 8000 тонна ет өндіретін болады деген болжам болатын.  Оның басым бөлігі Ресей, Италия, Германияға, сондай-ақ басқа елдерге экспортталады деп көпшілікке жарияланды да. Кәсіпорынның айтулы бір ерекшелігі оның қалдықсыз жұмыс жасайтыны еді. Марқаның етінен бөлек сүйегі ұнтақталып, қан-жын түгелімен пайдаға асырылды, техникалық май шығарылады, т.б.

Әрине, басында бұл болжамдардың бірқатары жүзеге асты да. Комбинат 100-ден астам қызметкерді жұмысқа алып, толық қарқынымен кіріспесе де, күніне 600-700 марқа сойып, етін экспортқа шығара бастады. Тек 2016 жылдың өзінде 13033 бас сойылып, 267,6 тонна ет өндірілген. Сол жылы Ресей Федерациясына 65,2 тонна ет шығарылыпты. Ал 2017 жылы Ресей мен Иран Республикасына 185 тонна ет экспортталғаны комбинаттың ертеңінің жарқын екендігіне сенім ұялата бастады. Бірақ кешен басында қыз-қыз қайнаған бұл тірліктің бәрі бір күнде сап тиылды.

Содан бері 3 жылдың жүзі болды. Кезінде ауласы қойға толып, жұмысшылар әрлі-берлі шапқылаған кешенде бүгін тек күзетші ғана қалған.

9652275D-6981-4E84-B7DC-58EE733D374E

Комбинаттың қарызы шаш-етектен

– Етті-майлы, етті-жүнді қойға қатысты орасан мүмкіндігі бар біздің атырабымызда Қазақстанда баламасы жоқ комбинат ашылған кезде бөркімізді аспанға лақтырып, қуанғанымыз рас», – деп бастады басы даудан арылмаған «БатысМарқаЛамбқа» қатысты әңгімесін аудан әкімінің орынбасары Асқар Абуғалиев. - Қай жағынан алсаңыз да, комбинаттың толыққанды қуатына мінуіне барлық мүмкіндік жасалды. Жұмыс күші, шикізат, облыс, аудан әкімдігі тарапынан қолдау дейсіз бе?! Комбинатқа иелік ететін «БатысМарқаламб» ЖШС үшін 6600 шаршы метр аумақты алатын орынның Чапаевтан таңдалуының өзі ұтыс еді. Сайрап жатқан күрежол келер уақытта комбинаттың жоспары бойынша бордақылау алаңы салынғанда, сойыстық малды жеткізуде Атырау, Ақтөбе, Маңғыстаумен байланысты нығайтудың мықты кепілі болды.

Асқар Батырханұлының айтуынша, алғашқы айларда облысымыз бойынша ірі шаруа қожалықтары мен тұрғындардағы қой түлігінің жай-жапсарына талдаулар сараланып, Ресейдегі шаруашылықтармен байланыс орнатылды. Аумаққа электр желісін тарту, көгілдір отын құбырын жеткізу мезгілінде орындалып, оған 2014 жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында қажетті 72,2 млн. теңге мемлекеттен субсидия бөлініпті. Болашағы жарқын боп көрінгенімен, комбинат жұмысының тұралап қалуының себебін аудан әкімінің орынбасары серіктестіктің айналымға қаражатының жетіспеуінен деп түсіндірді. Комбинат құрылысын жоспарлау барысында да кеткен кемшіліктер жетерлік, қазірдің өзінде өндіріс қалдықтарын шығаратын бөлігі істен шыққан.

Комбинат бүгінде қарызға белшесінен батып отыр. Маңдай терімен атқарған қызметінің еңбекақысын сұраған қызметкер, иелігіндегі уақ жандығын «ақшасын еті өткен соң қайтарып береміз» деген уәдеге сеніп тапсырған кәсіпкер облыстық, аудандық сотқа жүгінсе де, алажағын әлі күнге ала алмай жүр. Аудандық соттан алған деректерге сүйенсек, 2017 жылы шаруа қожалықтарынан малдың құнын қайтаруға 2 талап-арыз түссе, 2018 жылы жалақы және зейнетақы төлемдері аударылмаған 3 адам сотқа жүгінген. Ал былтыр аудандық сот «БатысМарқаЛамб» ЖШС-ның 2 млн. 727 мың 720 теңге еңбекақысын өтеуін сұраған азамат Б-ның өтінішін қанағаттандыруға шешім қабылдапты.

Сот  шешім қабылдағанымен, тиісті қаражатты өндіріп алудың  өзі біраз қиындық тудыратыны анық. Тек ауданның өзінде 5 шаруашылыққа серіктестік басшылығы 13 млн. 482 мың 834 теңге бережақ. Атап айтсақ, өндіріс кешенінің мойнында Ақжол ауылдық округіндегі «Абу» шаруа қожалығына 2 млн. 149 мың 264, жамбылдық «Елжан» қожалығына 1 млн. 586 мың 880, тайпақтық «Эрик» иелігіне 1 млн. 586 мың 880, жаңабұлақтық «Аймекенге» 1 млн. 556 мың 890,  «Жамиға» шаруа қожалығына 7 млн. 124 мың 600 теңге 2016 жылдан бері қарыз болып ілініп тұр. Асқар Батырханұлы осыған дейін кешеннің жалақы, шикізат бойынша бережақтарын мүмкіндігінше қайтару бойынша бірқатар жұмыстардың атқарылғанын айта келіп, алдағы уақытта оның қызметін жолға қоюға қауқары жететін инвесторлардың іздестіріліп жатқанын жеткізді.

3D7B156A-1198-4FA1-81A2-4F2F3F296A52

Піс, қазаным, бес жыл

Жаңабұлақ ауылдық округіне қарасты «Аймекен» шаруа қожалығының жетекшісі Жақсыбек Құсайыновпен сұхбаттасқанбыз. Ол осы комбинатқа екі мәрте марқа тиеп жеткізіпті. Алғашқысын тапсырғанында, ақша әп-сәтте есепшотқа түсіпті. Не бары 3-ақ күн күткен. Екінші әкелген қозыларының құны 3 млн. теңгеден жоғары бағаланыпты. «Бұл 2017 жылы болған жағдай. Әрине, шаруалар үшін ыңғайлы. Ұзақ жолда мал тасу біраз әуреге түсіретіні рас. Бірінші тапсырған малымызға тиесілі қаражатты көп кешеуілдетпеген соң, сеніп қалып, қазір сан соғып отырған жайымыз бар», – дейді Ж.Құсайынов.

Жұрт алдындағы қарыздың қашан қайтарылатынын білмек ниетпен хабарласқан комбинаттың уақытша меңгерушісі қызметін бүгінге дейін атқарып, өзге өкілге енді ғана тапсырған Руслан Темірболат Нұр-Сұлтан қаласындағы басшылықтың сотқа нысанның бережақтарын 5 жыл ішінде бөліп қайтару бойынша өтініш жолдағанын айтады. Бұл өтініш бойынша сот отырысы 15 шілдеге белгіленген. Ал енді ойлап қараңызшы, күннен-күнге құлдыраған теңге бағамымен алар болсақ, бұл бережақтардың ертең-ақ құны болмай қалары анық. Өтініш қанағаттандырылатын болса, ақ адал, маңдай терімен өсірген малының өтемін өндіремін деп жүрген иеліктердің салы суға кетпегенде, қайтсін. «Онсыз да алажағымызды қайтара алмай, кеткен  малдың орнын толтыра алмай отырғанда, тағы 5 жылға созса, қайтеміз», – дейді шаруа иелері.

7594B3B2-1E46-4B95-A1B6-9445CE7D1C2C

Р.S. Қарызға белшесінен

«БатысМарқаЛамбтың»  бүгінгі жағдай осындай. Шартараптан ағылған ақпаратқа үңілсек, марқа қозының жоғары сортты өнімінің өтімділігін дүниежүзілік тәжірибе толық дәлелдеп берді. Оған комбинаттың 2 жылдан аз-ақ асқан тірлігінің өзі дәлел. Демек, оның барлық бережақтарын мойнына алып, жұмысын өркендететін жақсы инвестордың табылуын айт. Ал нарық – үйіміздің дәл іргесінде, ірі сатып алушы елдер де «ет сатамын» десең, елең етіп-ақ тұр.  Күні кеше облысымыздағы ірі кешендердің бірі «БатысКроунға» ірі инвестор табылып, біраз уақыт тұралап қалған нысанға жан бітті. Қазақстанда жоқ өндіріс орнына  қамқор болар осындай бизнесмен бізге де бұйырса екен деген тілектің көпшілігіміздің көкейімізде тұрғаны аян...

Әлия Шарапиева

Ақжайық ауданы

Суреттерді түсірген Азамат Қанапия

 zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале