30.11.2021, 9:32
Оқылды: 78

Бағырлайдың бағы жанса екен...

Бұрын Жайықта су мол болған кездері Бағырлай кемерінен асатын. Өткен  жылы «жанды  судың» тартылуына байланысты су арнасының төменгі  3, 4 бөлігіне су бармады. Соңғы жылдардағы қуаңшылықтан шаршаған мал баққан ағайынды су тапшылығы есеңгіретіп жіберді.  Малға су таппай тентіреген тайпақтық шаруалар арнаға су жіберуді сұрап, дабыл қақты.

4a618f39-7f26-48b2-a3ce-876f0ac9788b (1)

– Шаруа қожалығын 1997 жылы аштым. Әуе­лі бақша егумен айналыстық. Бағырлайда су мол болды. Кеңестік заманда «Краснояр» кеңшарына қарасты жерлерге кәріс бағбандар бақша егетін. Олар арнаның жағасындағы жарамды жерді жүйек-жүйек етіп қазып, келесі жылы тастай салатын. Егіс алқабын  жыл сайын ауыстыратын бақшашыларға тыйым болмағаны әлі күнге қайран қалдырады. Сондай  егістік   жерінің бір телімін жалға алдым. Бастамада  бақшадан мол өнім жинап жүрдік. Тапқан табысымызды техника сатып алуға жұмсадық. «ЗИЛ» көлігін тіркемесімен алып, техника паркін жасақтауға  мән-маңыз бергенбіз. Бес-алты жыл бұрын Бағырлайдың суы азая бастады.  2016 жылдан бастап бақша егуді тоқтаттық. Былтырдан бері каналдың түбі тақырланып, мүлдем кеуіп қалды. Оның үстіне биыл су келмеді. Жауын-шашын жоқ, қар аз. Өткен жылы құдық қазған едік, оның да деңгейі түсіп барады. Ауылда тереңдігі 30 метрге дейін құдық қазатын жігіттер бар. Бірақ сол тереңдіктен де судың шығатын түрі жоқ. Кей көршілеріміз 400 мың теңгеге  қаздырған құдықтарынан су іше алмай отыр. Біз де жеті құдық қаздырып, оның бесеуі бітеліп қалды. Бағырлайға су шы­ғару мәселесі шешілмесе, малымызды қалай өсіреміз?! Жайықта да сол түйткілді мәселе. Тайпақ ауылында үй артындағы Жайықтың тұсынан қарап қоямыз: өзеннің суы тартылып, аралдардың аумақтары ұлғайып барады. Қазіргі кездегі ең басты мәселе – су. Сондықтан шаруа баққан ағайынның жанайқайын жоғарыдағылар естіп, бұл мәселені шешер деген нәзік үмітіміз бар,  – деді тайпақтық шаруа Марат Есқалиев.

«Самал» шаруа қожалығының өкілі Баян Мұхамбетованың әңгімесіне құлақ түрсек, Бағырлайдың басынан бағы тайғанына 5-6 жыл болған. Арнадағы балық біткен жоққа айналды. Еуропа мен Азия құрлықтарынан әрі-бері сапырылысып ұшып, көктемде арна бойын құс базарына айналдыратын құстар да бұл мекенді тәрк еткен. «Тұмса табиғат мүйісінің сәні кете бастағанда, шыдамай аудан әкіміне бардым. Ол кезде аудан әкімі Абай Иманғалиев еді. Марқұм 2 литрлік баклашкадағы  сасық, көгеріп кеткен Бағырлайдың суын көріп, мәселені шешеміз деп жұбатқандай болды. Содан шыдай алмай,  облыс орталығындағы «Қазсушар» мекемесінің сол уақыттағы басшысы Қазбек Кенжеғалиевке де Бағырлайдың суын көрсетіп, мән-жайды айттым. 2017 жылы аздап қозғалыс болып, арнаға су берілді. Содан бері қарай арнаға жөнді су берілмеді. Сушылар биыл судың 35 пайызы келді дейді, оны мүлдем сезінбедік. Жұбайым қырдағы  малға суды Тайпақтағы үйден тасып жүр. Емін-еркін, суды қанып ішпеген соң, малға обал емес пе? Төрт түлік ұстаған соң, сусыз арам қатыруға болмайды. Бірақ арнада су болмаған соң, тұяқты мал тұрмай, су іздеп батпаққа батады. Орал-Атырау күре жолын кесіп, әрі Жайыққа асады. Жағдай осылай болса, мал басын азайтуға тура келеді, – деп күрсінді Баян Мұхамбетова.

Шаруалар неге наразы?

Шаруалар ұзындығы 80 шақырым болатын Бағырлай арнасының бірнеше көлшікке бөлініп кеткенін, төменгі жақтағы 30 шақырымдай бөлігіне су келмегенін айтады. Бірақ Дендермен шектесетін тұсындағы көпірге қақпа қойылғанына, атыраулық жағында су толып тұрғаны­на тамсанады. Атыраулықтар Жайықтан каналға суды сорғымен айдап алған. Кенезесі кепкен тайпақтық шаруалар аудан басшылығының қамсыздығына, осылай су айдап алу қарекетін жасамағанына наразы. Осы аумақтағы Бағырлай-4 бөлігінің қаңсып, қу тақырға айналғаны қынжылтады. Томпақ ауылы тұсындағы Бағырлай бойында «Мейірман» шаруа қожалығы ірі қара, уақ жандық өсіруде. Шаруашылықтың өкілі Әділғазы Жұмағазиев мал өсіруде қаншама қиындық алдарынан шықса да, ата кәсіпке деген адалдықтан айнымағандарын алға тартады. «Шаруашылық басшысы – Нұрғазы есімді ағамның бастауымен 12 жылдан бері мал бағамыз. Арнада су болмаған соң, құдық қазып, малды содан суарудамыз. Жайықтан суаруға жер шалғай. Қожалықтың жері арнаның еуропалық бетінде, жерімізге іргедегі Атырау облысы жағынан дендерлік қожалықтардың малы  кіріп, жерімізді жеп, жайылымдарымызды тапап бітірді. Ірі қара ғана емес, түйелер де көп, әйтеуір, мал біткенді бізге қарай айдап салады. Сырттан келген мал күре жол бойындағы әрі-бері ағылған көліктерге соғылып, апатты жағдайлар жиіледі. Бір жағынан су жоқ деп шырылдап жүрміз, екінші жағынан бағымсыз мал да берекетімізді алып барады.  Бағымсыз малға заң­ды шара қолдану керек.

Мынау Бағырлай 4 көктемнің алғашқы айлары... - копия

Билік басындағыларға осы мәселенің түйінін шешіп берсеңіздер дейміз. Одан басқа жоғарыдан келген суды құзырлы орындар бақылап-қадағаламайды.

Бақша егушілер  жаз бойы суды өз қалауларынша каналдан жырып алды. Судың бақшаға, далаға  рәсуа болып кетіп жатырғанына куә боп жүрміз. Арнаның толмауына мұның да айтарлықтай әсері бар. Үш жылдай болды, Бағырлай-4-ке су мүлдем келмеді. Анау жылдары Дөңгелек су айдыны­нан Бағырлайға су құйылатын тұсын тазартқанбыз. Қазір арна түбін қамыс-қопа басып кеткен. Анау жылы Бағырлайдың ішіне қойдың жүн-жұрқасын молынан салып, көлік жүретін жол жасағаны бар. Жалпы Бағырлай арнасының табанын тазалау керек», –   деді Әділғазы  Жұмағазиев.

Тайпақ ауылдық округінің аумағындағы Бағырлай су арнасының бойына 22 шаруа қожалық қоныс тепкен. Шаруашылықтарда 833 ірі қара, 4729 қой-ешкі, 20 шақты түйе өсірілуде. Шабдаржап, Томпақ ауылдарындағы өндірістік кооперативтердің 439 ірі қарасы өзен бойында бағылады.  Қос кооперативтің малы өткен жылдары арнаның түбінде қалған суды ішіп келсе, биыл ол су да кеуіп біткен. Шабдаржап пен Томпақтың тұрғындары малын суаруға су таппай отыр. Сондықтан амалсыздан ауылдардағы ауыз су құбырларынан төрт түлік малды суаруға мәжбүр.

«Бағымдағы табынды суару үшін Орал-Атырау күре жолын күніне төрт мәрте әрлі-берлі кесіп өтеміз. Таңмен жолдың арғы жағындағы жайылымға шығатын ірі қараны түстен кейін Жайыққа айдаймыз. Өзен бойындағы тал-теректерді жейтін малды қайырып үлгермейсің. Малымыз орман-тоғайды да құртуға айналды», – дейді шабдаржаптық кооперативтің жетекшісі Болат  Ғабдуалиев.

Кіші өзен қайтса жанданады?

Обалы не керек, Ақжайық ауданының әкімдігі шаруалардың жанайқайына түсіністік танытқан. Бірақ кәнігі мамандардың көмегіне бірден жүгінбей, өзім білемдікке салынып, біраз уақыт жоғалтқандары өкінішті.  Аудан басшылары Томпақ ауылы тұсынан Жайық өзенінен Бағырлайға тікелей су құбырын тартып, су айдауды  жоспарлаған. Алайда ондай жоба жасақтала қоймады. Өйткені екі арада күре жол, жол жанынан тартылған электр желілері, газ құбырлары бар. Ондай стратегиялық нысандардың  мекемелерінен  су құбырын тартуға рұқсат алу  оңай емес. Әрі ондай жобаның құны қымбатқа шығар еді. Осылайша уақыт жоғалтқан басшылыққа істің мәнісін білетін азаматтар Бағырлайдың табиғи арнасы бар екенін, суды сонымен айдау қажеттігін айтқан. Облыс орталығындағы су шаруашылығы саласының  мамандары арнаны суға толтырудың ақжайықтық нұсқасын құптамай, өз нұсқаларын ұсынған. Бұл нұсқа бойынша Атамекен ауылы тұсындағы Бағырлай мен Жайық өзені арасының ең жақын тұсынан ескі арнаға су айдайтын қуатты қалқымалы сорғы қоятын жоба жасақталуы керек. Аудан әкімі Қалияр Айтмағамбетовтың айтуына қарағанда, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалану басқармасы  осы жобаны жасақтау қамына кіріскен. Ал аудандағылар екі шақырымдық жерге жарық желісін тартады. Секундына 1,6 текше метр су айдайтын сорғы Бағырлайды судан көлкітіп  қояды  деседі.

– Ауданның бюджеті мұндай қомақты қаржыны қажет ететін жобаны бір өзі көтере алмайды. Сондықтан облыс әкімдігінен қолдау сұрап отырмыз. Қазіргі кезде Атамекен ауы­лынан Жайық өзеніне дейін электр желісін тарту үшін жобалық құжаттар жасақталуда. Электр желісі 2022 жылы жеткізілуі тиіс. Жайыққа су мол келгенде, Атамекен ауылының тұсындағы ескі арнамен Бағырлайға су еш кедергісіз құйылады. Ал қазір кіші өзенді тек Тайпақ арнасы ғана суландыруда, оның өзі де мардымсыз. Жақында Экология министрі облысқа іссапармен келгенде, Жайықтан Көшімге секундына 12 текше метр су айдайтын 8 сорғы қоюға қаржы бөлінгені айтылды.  Яғни Жайық өзенінен Көшім арнасына, арасындағы үш су қоймасына (Киров, Бітік, Дөң­гелек) қоса су айдау арқылы 300 шақырымдағы Бағырлайға су жеткізіледі. Бұрын арнаға су қалдық қағидаты бойынша құйылатын. Әрі Бағырлай-4 бөлігіне судың жетуі қиын еді. Енді бұған қоса су айдаудың жаңа жобасымен Бағырлайдың аяғына су жеткізіледі. Бұрын Жайықта су болған кезде, су өзі жетіп баратын,  – деді аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов Тайпақта өткен тұрғындарды қабылдау  барысында.

Бір сөзбен айтқанда, арна бойын жайлаған малды ауылдар осы Бағырлайдың бағын ашатын жобаға үміт артуда. Бұл жобаға уақтылы қаржы бөлініп, іске асып жатса, Тайпақ жұрты күнкөріс көзі – малынан айырылмайды, ешқайда үдере көшпейді. Ел-жұртты ауыл шаруашылығы тауарларымен, табиғи ет пен құрт-маймен қамтып отырған шаруалардың мал-жанын түгел қинап отырған Бағырлайды сумен толтыру жайы ұзын арқан, кең тұсауға салынбаса екен дейміз.

Шынболат Ермағамбетов,

«Қазсушар» РМК облыстық филиалының бас инженер-гидротехнигі:

– Соңғы жылдардағы қуаңшылық Ақжайық ауданына ғана емес, бүкіл облысқа қиындық тудырды. 2019 жылы Жайықтың деңгейі – 2,4  метр болса, былтыр 3,07, биыл 3,58 метрге көтерілді. Жайықтың суымен толығатын арналардың толуы үшін судың деңгейі кем дегенде 6 метрге дейін көтерілуі керек. Өзеннен  600 млн текше метр су алуға рұқсат бар. Бірақ биыл соның тек 250 млн текше метрі ғана Жайық-Көшім суару-суландыру жүйесіне жіберілді. Жайықтың өзінде су аз. Алынған су көлемінің 30 пайызы, яғни 74 млн текше метрі Бағырлайды толықтыратын Тайпақ күретамыр каналына бөлінді. Бірақ ол судың Тайпаққа жететін түрі жоқ. Себебі жолшыбай 199 бекеттен су алынады. Қалғаны бау-бақшаға құйылса, көктемде азын-аулақ көлтабандарға су жіберілді.  Бағырлай-4 қоймасына су берейік десек, Жайықтан түсіп жатқан су көлемі – секундына бір ғана текше метр. Ал жан-жаққа таратып отырған су – 6 текше метр. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, су орташа деңгейде болғанда, Жайықтан секундына 10-15 текше метр түсуші еді. Яғни су көлемі 10-15 есе азайды. Жайық-Көшім суландыру жүйесінің бойында төрт су қоймасы бар, Бағырлай солардың бірі – Дөңгелектен нәр алады. Ал мұнда судың 30%-ы ғана қалды. Осы қойманы сумен толтырар Бітіктің де табаны көрінуге жақын.

Қазір Бітік су қоймасы 6,3 пайызға ғана толтырулы. Жобалық көлемі 106,7 млн текше метр болса, нақты көлемі 6,72 млн текше метр. Сондықтан Бағырлайды  суға  тол­тыратын  жаңа   жоба жасақталуы керек.

Гүлбаршын  Әжігереева,

zhaikpress.kz

[email protected]

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале