7.09.2021, 9:38
Оқылды: 321

Бала ағзасында гельминтоздар неге көбейеді?

Соңғы жылдары балаларда қаны аздық, асқазан-ішек жолдарының ауруы мен ағзасында суши секілді шикі балықтардан тарайтын гельминттер жиі ұшырасады екен. Баланың ағзасында гельминтоздардың, яғни ішек құрттарының бар екенін қалай білуге болады? Оны емдеу жолдары қандай? Бүлдіршінді қалай тамақтандыру керек? Осы және бала денсаулығына қатысты өзге де сауал төңірегінде Орал қалалық №6 емхананың педиатры Лена Әдиетовамен тілдескен едік. 

simptomy-gelmintov

Оның айтуынша, соңғы кезде балалар суши, пицца секілді жартылай дайындалған тағамдарға әуестенген. Ал  аталмыш тағамдардың құрамында шикі балық бар. Соның салдарынан жеткіншектердің ағзасын ішек құрттары жиі «мекендей» бастаған. Өйткені балықта паразиттер мен дернәсілдердің түрлері тіршілік етеді. Олардың өн бойындағы құрттар ұзақ уақыт қайнатып пісіргенде немесе аударып-төңкеріп әбден қуырғанда ғана өледі. Жалпы, ішек құрттарының дернәсілдері ағзаға бірнеше жолмен енуі мүмкін. Соның бір себебі гигиена сақтамау. Балалар барлық затты ұстап көруге әуес?  Әдетте олар қолына түскен затты ауыздарына салып, дәмін татып та байқайды. Ал топырақта паразиттердің дернәсілдері жиі кездеседі. Олар ағзаға жуылмаған қол арқылы, сонымен қатар жумай жеген көкөністер арқылы енеді. Бұған қоса, ішек құрттары науқас адамнан да жұғады.  Егер отбасыңызда бір адамнан гельминтоздар анықталса, онда бір үйде тұратын адамдардың  90 пайызында ішек құрты болуы ықтимал.  Ішек құрттары үй жануарларынан да жұғады, олардың жұмыртқалары үй жануарларының жүндерінде кездеседі. Сол себепті асыранды ит-мысықтың гигиенасы мен гельминтке қарсы терапиясына жіті мән беру шарт.

– Баланың ағзасында ішек құрттары болса, онда ол жиі іші ауыратынын айтып шағымданады. Көздерінің асты көгереді. Бетіне немесе дененің басқа жерлеріне аллергиялық бөртпелер қаптауы мүмкін. Бала тез шаршап қалады, күшінің жоқтығын айтып шағымданады. Гельминттердің кейбір түрлерінен қан араласқан құрғақ жөтел пайда болады. Лимфа түйіндерінің үлкеюі де ішек құрттарының бар екенін білдіреді. Балаңыз түнде нашар ұйықтаса, көтен ішегін жиі қасып, жылай берсе, бұл – энтробиоз  белгілері болып табылады. Себебі гельминттер өз жұмыртқаларын тастау үшін түнгі уақытта құйрығының сыртына қарай жыбырлап шығады. Балаңыз үлкен дәретке отырғаннан кейін дәретін тексеріңіз. Ішек құрттары ішке енсе, оларды бала нәжісінен көру қиын емес, – дейді Лена Еламанқызы.

Кей жағдайларда ауру белгілері анық болмай, балаңызда не қызыңызда ішек құрттарының бар немесе жоқ екенін білу қиындық тудырады екен. Мұндай жағдайда міндетті түрде дәрігерге қаралу қажет. Дәрігер баланы тексеріп, ішек құрттарын анықтайтын бірнеше талдау түрлерін жасауға жібереді. Соның қорытындысы бойынша ем тағайындайды. Жалпы ішек-құрт ауруы паразитарлық ауруға жатады. Ішек-құрттарының ішінде адам ағзасында көбінесе аскаридалар (ұзындығы 20-25 см аскаридоз ауруын шақырады) және острицалар (3-7 мм) кездесетін көрінеді. Ағзаға түскен құрттар сол ағза есебінен өмір сүреді. Ондағы ақуыз, микроэлементтер мен дәрумендер арқылы қоректенеді. Осының салдарынан ағзада зат алмасу жұмысы бұзылып дәрумендер тапшылығы болып қаны аздыққа алып келеді. Құрттардың негізгі қауіптілігі олар аллергия шақырып, иммунитетті төмендетеді екен.

Ішек-құрт аурулары, әсіресе, өсіп келе жатқан бала ағзасында психикалық және физикалық бұзылуға соқтыруы мүмкін. Бойының өсуі төмендеп, жыныстың жетілуін тежейді, есте сақтау қабілетін төмендетеді. Ішек құрттары ішекте мекендеп, дәрумендерді сіңіру қызметін бұзады. Сол себепті балада мазасыздық, ұйқысыздық оқу қабілеті төмендегені байқалса, міндетті түрде дәрігерге қаралып, нәжісті тексертіп, ем  дәрігердің бақылауымен жүргізілуі керек. Аурудың алдын алу үшін қолды сабынмен жиі тазалап жуып, қайнатылған су ішіңіз.  Жеміс-жидектерді де ыстық сумен шаю керек. Сондай-ақ жоғарыда айтқандай, шикі балық өнімдері салынған сушиді балаға бермеген абзал.

Стоматит те жиі ұшырасады

Стоматит – ауыздың шырышты-кілегей қабығының қабынуы. Алдымен ауыз қуысы, тіл, таңдай, еріндердің үстіне аппақ жаралар шыға бастайды. Кейін ауыз қуыстары ауа, су, тағам тиген сайын аши түседі. Стоматит кезінде шайнау, жұтыну, сөйлеу қиындайды. Балалар стоматит жұқтырса, дене қызуы көтеріліп, тамақ ішуден қалады.

– Ауыздың шырышты қабығының ауру-сырқауына көбіне ағзасы  әлсіреген, аурушаң, иммунитеті төмен балалар және бала күтімі бойынша гигиена сақталмаған отбасылардың перзенттері жиі шалдығады. Аурудың көзі сandida туыстас саңырауқұлақтар мен бактериялар. Бұл микроағзалар ауызға лас ыдыстардан, ойыншықтардан  түседі.

Стоматиттер кілегей қабаттарының зақымдалу дәрежесіне байланысты катаральды, жаралы, афтозды (герпестік) және саңырауқұлақты (кандидозды) болып бөлінеді. Катаральды және жаралы стоматит көріністеріне тоқталсақ, ауыз қуысы кілегей қабаттарының гиперемиясы және ісінуі, сілекей ағуы байқалады. Кілегей қабатта жаралар пайда болады. Бала тамақ жегенде ауырсынады. Науқастың дене қызуы көтеріліп, интоксикация симптомдары пайда болады. Перифериялық лимфа түйіндері үлкейеді. Ал герпестік (афтозды) стоматит кезінде де сілекей ағуы білінеді. Содан кейін кілегей қабатта дақ, көпіршік (везикула), афта пайда болады. Афталар сары-ақ түсті, көбеюге бейім болады. Ауру ұзақтығы 7-10 күн. Саңырауқұлақты стоматитпен (молочница) емшек жасындағы сәбилер жиі ауырады. Бұл дерт те басқа стоматит түрлері секілді пайда болады. Еріннің кілегей қабығында, тілде, жақта ұйыған сүт тәрізді ақ дақ пайда болады. Балалар емшектен бас тартып, мазасызданады. Балалардың стоматиті де ересектердікіндей. Бала тамақ,су ішкенде аузының ауыратынын айтып шағымдана бастайды. Алғашқы шағым кезінде ауыз қуысын мұқият қарап шығу керек. Стоматит кезінде шырышты қабық қызарып, ақ дақтар немесе қошқыл нүктелер пайда болады. Кейде баланың қызуы көтеріліп, бөртпе шығады. Кішкентай сәбилер емгенде де аузын ауырсынады. Сондықтан емізіп тыныштандырудың орнына ауыз қуысын қарап шығу қажет. Стоматит жұқтырған баланы емдеу ең бірінші оқшаулаудан басталады. Науқасты сау баладан оқшаулау керек. Бөлек ыдыс, ойыншық беріңіз.   Тамақ ішкізердің алдында ауыруын басу үшін шырышты қабығына 2-5%-тік анестезен (вазелин) ерітіндісін жағыңыз. Ауызды аз-маз марганцовка, фурациллин, сутегі асқын тотығы ерітінділерімен, 1-2%-ті трипсин, панкреатин ерітінділерімен шайып, 0,25%-ті оксалин немесе 5%-ті метилурацил, интерферон майларымен майлау керек. Баланың қорғаныш қабілетін күшейту үшін оған метилурацил, пентоксил беріледі. Баланың иммунитетін көтеру үшін құнарлы тамақтандырып, дәрумендер ішкізген жөн. Бұл кезде ыстық, ащы, қышқыл тағамдарды беруге болмайды, – дейді Лена Еламанқызы.

Балалар асханасы неге жоқ?

Дені сау бала — отбасының бақыты. Өкінішке қарай, қазір дұрыс тамақтанбаудың салдарынан балалар арасында гастрит секілді асқазан-ішек жолдары аурулары да көбейіп тұр. Мұның соңы өзге кеселдің өршуіне душар етуде. Кейінгі кезде бір жасқа толмаған балалар мен жасөспірімдер арасында қаназдық, дәрумен жетіспеушілігі  жиі кездеседі. Дәрігердің айтуынша,  ата-аналар жергілікті жерде өндірілген және табиғи тағамдарды тұтынбайды. Жартылай дайын өнімдерді жиі пайдаланады. Осының кесірінен алдымен балалар зардап шегеді.

–  Бұрын балалар асханасы болды. Түрлі сүт тағамдарын жас аналар сол жерден алатын. Қазір де қалада сондай асхана ашылса, артық болмас еді. Әлгіндей асханадағы азық-түлік өнімінің сапасы қатаң бақылауда болады. Ата-ана тағамды ешқандай күмән-күдіксіз сатып алады. Сол жерде балаға қандай тамақ беру қажет, қалай тамақтандыру керектігін айтатын дәрігер-кеңесші болса, тіпті жақсы. Ондай маманның ақыл-кеңесі, әсіресе, жас аналарға керек-ақ. Емханаға  келген әрбір жас анаға баланы қалай қоректендіру керектігін үнемі айтамыз. Бала алты айға дейін тек қана ана сүтімен қоректенуі шарт. Кейде келіншектер «сүт шықпайды» деп қосымша тағам береді. Мұндай кезде шыдам-ды болған жөн. Көп жағдайда сүт екі айға дейін толық шықпайды. Ол үшін  сұйық тамақты жиі ішіп, қозғалысты шектеу керек. Ал бала алты айдан асқасын жемістердің езбесін беруге болады, – дейді Орал қалалық №5 емхананың салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының маманы Ләззат Қожакелдина

Жапония балалары қалай тамақтанады?

Жапонияның көптеген мектебінде асхана жоқ екен. Балалар мектепке түскі астарын үйден арнайы ыдысқа салып апаратын көрінеді. Ал мұғалімдер болса, балалардың үйден әкелген тағамдарын тексеріп, денсаулыққа зиян емес пе, соны мұқият қадағалайтын көрінеді. Сол себепті, жапон әйелдері арнайы сабақтарға қатысады. Ол жерде баланың ағзасына қажетті дәрумендер тамақпен сіңу үшін қандай ас әзірлеу керек және қалай даярлау керектігін түсіндіріп, үйретеді деседі.

Орал қалалық №6 емхананың педиатры Лена Әдиетованың  айтуынша, аурушаңдықтың көбеюінің тағы бір себебі – қимыл-қозғалыстың аздығы.

–  Балалар қолы босай қалса телефон, планшет ұстауға бейім. Спортпен шұғылданбайды. Соның әсерінен қазір балалар арасында гипокция, гиподинамия аурулары жиі байқалады және көз ауруы көп, – дейді дәрігер. Гипокция дегеніміз – қанға оттегі жетіспеуінен ұлпалардың өзгеріске ұшырауы. Ал гиподинамия – қозғалыстың аздығы, яғни соның салдарынан қан айналым, тыныс алу, ас қорыту жүйесінің бұзылуы.

P.S.

Тибет медицинасында «Барлық аурудың қақпасы – ауыз» деген көзқарас бар. Ал қазақ халқы «Ауру – астан» деп бірауыз сөзбен түйіндеген. Ендеше, ұрпағымыздың дені сау, қимылы ширақ, өзін жеңіл де сергек сезінгенін қаласақ, не ішіп-жегенін жіті қадағалағанымыз абзал.

 

Гүлсезім Бияшева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале