27.02.2022, 11:00
Оқылды: 166

Балалар әдеби уызға жаруы тиіс

Жақында Ж. Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында биылғы «Балалар жылына» орай «Балалар әлеміндегі әдебиеттер»  атты  балаларға арналған кітап көрмесінің ашылуы өтті. Аталмыш іс-шара республикалық байқаулардың жүлдегері – «Гүлдер» би ансамблінің орындауындағы «Қара жорға» биімен ашылды.

Іс-шараға ақын, Қазақстан  Жазушылар одағының мүшесі, Орал қаласының  құрметті азаматы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Айтқали Нәріков және балалар әдебиетіне қалам тербеп жүрген ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Әлішер Науаи атындағы және «Тұран Биримдиги» медалінің иегері, «Ақберен» жас ақындар мектебінің жетекшісі Талап Таймасұлы, жазушы-журналист, ҚР Ақпарат саласының үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, облыстық «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан  Ғұбайдуллин қатысты.

Салтанатты шарада сөз алған ақын-жазушылар «Бала­лар жылымен» құттықтап, кішкентай кезінен кітап оқудың маңыздылығы жөнінде әсерлі әңгімелер айтып, балаларға арналған шығармаларды топтастырып, кітап шығарудың қиындықтары бар  екенін де жасырмады.

Қаламыздағы №41 мектеп лицейдің оқушылары – Ару Артурова, Алуа Бауыржанқызы, Қарақат Айғали, Бейбарыс Жанәлиев кітаппен қалай дос болғандары жөнінде  қызықты  әңгімелеп  берді.

Балалар жылына орай ұйымдастырылған «Балалар әдебиеті – ұлт болашағы» және «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында биыл ел болып оқуға таңдалған Ахмет Байтұрсынұлының шығармаларына арналған «Ұлтымыздың ұлы ұстазы» тақырыбындағы кітап  көрмелерге кітапханашылар  шолу  жасады.

Кездесуге зиялы қауым өкілдері, ұстаздар, ата-аналар, оқушылар және «Дарын» қосымша білім беру орталығының жетекшілері мен оқушылары қатысты.

Айтқали  Нәріков, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері:

WhatsApp Image 2022-02-27 at 09.05.19

 

– 1917 жылы Ресейде революция болып, қоғам өзгеріп жатқан кезде граф, князь, барон деген титулдар алынып, В. И. Лениннің «Барлық халық бірдей» деген мазмұндағы декреті шықты. Сол кезде Америка Құрама Штаттарына іссапарға барған белгілі жазушы М. Горькийге «Кешегі князь, граф, барон деген титулдарды жойдыңыздар. Енді сіздерде артықшылыққа ие халықтың қандай бөлігі бар?» деп сұрапты. Сонда М. Горький «Бізде халықтың ерекше артықшылыққа ие бөлігі бар, ол – балалар» деп жауап беріпті. Иә, балалар – біздің болашағымыз. Сондықтан биылғы жылдың «Балалар жылы» болып белгіленуі тегін емес.

Өзім де немере-шөбере өсіріп отырғандықтан, бала тәрбиесі бәрімізді толғантады. Осы бағытта білмегенімізді мамандардан сұрап, кеңес алып жүреміз.

Талап Таймасұлы, ақын, Қазақстан  Жазушылар одағының мүшесі, «Ақберен» жас ақындар мектебінің жетекшісі:

WhatsApp Image 2022-02-27 at 09.12.57

– Ертеректе бір ақсақал кішкентай баланы жетелеп келе жатса, кездескендер  одан  «Немерең бе?» деп сұрайды екен. Сол кезде қария «Бұл бала – елімнің болашағы» деп жауап беріпті. Сондықтан болашағымызға бей-жай қарауға болмайды. Қазір балалар әдебиетінде балаларға арналған кітап шығару өте қиын. Біріншіден, ақын-жазушыларды балаларға қандай кейіпкер керек деген сұрақ толғандырады. Біз қазіргі балаларды Қожамен таңқалдыра алмаймыз. Оларды Б. Соқпақбаевтың «Балалақ шаққа саяхат», С. Мұратбековтың «Жусан иісі» кітаптарымен қызықтыра алмаймыз. Өйткені қазіргі балалардың ойлау өресі ауқымды. Әлемдік әдебиет комикстік бағытты бетке ұстап отыр. Алайда бұл қомақты қаржыны қажет етеді. Мәселен,  қарапайым бір  кітап шығаруға тек сурет салу үшін 800 мың теңге қажет. Бір беттік суреттің өзі оңай емес. Дегенмен тоқырауға болмайды. Қазіргі күнде балаларға арналған «Балдырған» журналы мазмұнымен, түрлі-түсті дизайнымен  көзтартарлықтай әдемі шығып жүр. Сондықтан ата-аналарға осы журналды жаздырып, балаларына  алып  беруге  кеңес  беремін.

 Бауыржан Ғұбайдуллин, жазушы, облыстық «Орал өңірі» газетінің бас редакторы:

1 (13)

– Бала балабақшаға барып жүрген кезден кітап оқуға дағдыланғаны дұрыс. Әлеуметтанушылардың зерттеуінше, ұл болсын, қыз болсын он жасқа дейін кітап оқуға дағдыланса, олардың санасында өзін жамандықтан сақтандыратын түйсік қалыптасады екен. Сол себепті ата-ана мен кітапхана қызметкерлері баланы әдебиеттің  таңғажайып әлеміне жетелеуі қажет.

Қаңтар оқиғасы кезінде бірнеше қалада бұзақылықтар орын алды. Өкінішке орай, жазықсыз адамдар қаза тапты. Осы оқиғаның себеп-салдарына үңіле келе, белгілі жазушы-драматург, Қазақстан мемлекеттік сыйлығының иегері Дулат Исабеков: «Біз ұлттық идеологиясыз мемлекет құрамыз деп 30 жыл бойы бос әуреге түстік. Ұлттық идеология дегеніміз – ұлттың әдебиеті еді.

Біз әдебиетті үлкен-кішінің назарынан, жалпы қоғамның тыныс-тіршілігінен тыс қалдырдық» деген еді. Сондықтан мемлекет басшысының биылғы жылды «Балалар жылы» деп атауын, балалар әдебиетін насихаттауға көңіл бөлінуін, өз басым, үлкен стратегиялық қадам деп қабылдаймын. Мұндай көзқарас балалардың әдеби уызға жаруына жол ашады.

Гүлжамал  Жолдығали,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале