11.07.2026, 16:30
Оқылды: 5

Балалар денсаулығын бақылайтын бірыңғай жүйе құрылады

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елде мектеп медицинасын жаңғырту шеңберінде биыл жаңа стандарттар енгізілуде.

жп медицина 111

Бұл бағыттағы жұмыстар оқушыларды профилактикалық тексеруден өткізуді цифрландыруды, алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарын диагностикалық жабдықтар жиынтықтарымен қамтамасыз етуді және орта буын медицина қызметкерлерін оқытуды көздейді.

Министрліктің Ана мен бала денсаулығын сақтау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова бүгінде профилактикалық тексерулердің жай ғана өткізілуі емес, олардың жоғары сапасын қамтамасыз ету маңызды екенін, ол үшін қызметкерлерді жаңа тәсілдерге оқытып, заманауи диагностикалық құралдармен жабдықтау қажеттігін атап өтті.

Жаңа стандарттар аясында балаларға хирургия, офтальмология, оториноларингология және стоматология бағыттары бойынша профилактикалық тексерулер жүргізуге қатысатын 2054 мейіргерді оқыту жоспарланып отыр. Министрлік мамандарды даярлау барысына апта сайын мониторинг жүргізіп, өңірлерді бұл жұмысты жандандыруға шақырады.

Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігінің есептеуі бойынша, мектеп оқушыларына сапалы профилактикалық тексерулер жүргізу үшін медициналық ұйымдарға 900-ден астам арнайы жабдық жиынтығы қажет болады.

Мектеп медицинасын цифрландыру да жеке бағыт ретінде жүзеге асырылып, профилактикалық тексерулердің нәтижелерін автоматты түрде тіркеуге, баланың кейінгі тексерілуін қадағалауға, медициналық ұсынымдардың орындалуын бақылауға және ата-аналарды цифрлық сервистер арқылы хабардар етуге мүмкіндік беретін бірыңғай жүйе құрылмақ.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале