19.09.2024, 15:15
Оқылды: 99

«Балалардың тамақтануы – ерекше бақылауда» – маман

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Орал қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Гаухар Дүйсеғалиева мен №45 орта мектептің директоры Алима Төреғалиева балалардың тамақтану тәртібі туралы баспасөз мәслихатын өткізді.

A48C9958-CCB6-48CD-9959-2059FE86E663

Сурет: freepik.com

Қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Гаухар Дүйсеғалиеваның берген мәліметіне сүйенсек, басқарма бақылауында 62 орта мектеп (жекеменшік мектептерді қоса алғанда) және 8 мектеп-интернат бар. 1-4 сынып оқушылары, сондай-ақ жалпы білім беретін мектептердің оқу-шылары мен тәрбиеленушілерінің жекелеген санаттары үшін тегін ыстық тамақ ұйымдастырылады. Сондай-ақ барлық мектептерде буфеттік тамақтану қамтамасыз етілген.

– Кешкі мектепте және №29 негізгі орта мектепте тек буфет қана бар, ыстық тамақ берілмейді. Жалпы барлық мектептер жеке асханамен қамтамасыз етілген. Бүгінгі таңда мектеп асханалары 10 жеке кәсіпкерге жалға берілді. Балалар мен жасөспірімдердің тамақтану рационында дәруменді-минералды кешенмен байытылған тамақ өнімдері болуына баса мән береміз. Ағымдағы жылдың өткен кезеңінде оқушылардың тамақтан улану жағдайлары тіркелген жоқ. Азаматтардан өтініштер түскен кезде әрбір жағдай қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес жеке қаралатын болады, – деп атап өтті Гаухар Дүйсеғалиева.

Білім беру мекемелерінің асханаларындағы тағамдардың сапасына ұйымның медицина қызметкері немесе жауапты маман тағамдардың сапасына органолептикалық бағалау жүргізеді. Тамақтану сапасын мерзімдік бағалауды бракераждық комиссия бақылайды. Оның құрамында медицина қызметкерлері, әкімшілік мамандары, өндіріс меңгерушілері мен ата-аналар комитетінің өкілдері бар.

Күн сайын тамақтану рационына ет, сүт, сары май және өсімдік майы, қара бидай және (немесе) бидай наны, көкөністер мен қант қосылады. Балық, жұмыртқа, ірімшік, сүзбе, құс етін күнтізбелік жеті күнде бір реттен сиретпей қосады. Барлық мектептер мен мектеп-интернаттарда Ұлттық аккредиттеу жүйелеріндегі аттестатталған және аккредиттелген сынақ зертханаларымен бекі-тілген және Еуразиялық экономикалық одақтың сертификаттау жөніндегі құрылымдары мен сынақ зертханаларының бірыңғай тізіміне енгізілген өндірістік бақылау ұйымдастырылады.  

Шаһардағы №45 орта мектептің директоры Алима Төреғалиеваның айтуынша, білім ошағында биылғы оқу жылында 1-4 сыныпта 246 оқушы және жекелеген санаттағы 85 оқушы тегін тамақтанумен қамтылған. Мектепте арнайы бракераждық комиссияның жұмыс жоспары бекітілген.  

– Бракераждық комиссияның асхананы тексеру актілері, отырыс хаттамалары мектеп сайтының «Тамақтандыру» айдарында орналастырылады.

Күн сайын жеткізілген өнімдердің, дайындалған тағамдардың сапасы тексеріліп, асхана жұмысшыларының денсаулығын бақылау журналы жүргізіледі. Жеткізілген шикі және дайын өнімдерді бақылау және оларды сақтау шарттары мен жарамдылық мерзіміне сәйкес пайдалану бақылауға алынған. Барлық тамақ өнімдерінің сертификаттары бар, – дейді Алима Төреғалиева.

Гүлжамал Кенжеғалиева

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале