17.08.2021, 9:51
Оқылды: 290

Баланы мектепке дайындаудың машақаты

Мектепке қызу дайындық науқаны басталып кетті. Қай сауда орнына барсаңыз да бала жетектеген ата-ананы кездестіресіз. Қарапайым халықтың баратын жері – базар. Соған орай біз өткен сенбі күні Орал қаласындағы "Мирлан" орталық базары мен сауда үйлеріндегі мектеп формалары мен оқу құралдарының бағаларын бағамдадық. Жалпы, бір баланы мектепке дайындауға қанша қаражаттың жұмсалатынын білдік.

базардагы мектеп куралдары

«Мирлан» орталық базарының іші ығы-жығы екен. Баласын ерткен ата-ана көп. Біз де перзентіне киім іздеген ата-анаға ұқсап, киім-кешектің бағасын сұрастырдық. Осы кезде ақ кофтаны ұстап қызықтап, анасына: «Мама, осы кофтаны алайыншы, былтырғымды кигім келмейді», - деп қиғылық салып тұрған 10-11 жас шамасындағы қыз баланың дауысына елең еттім. Анасының қасында өзінен үлкендеу екі әпкесі де бар екен. Үш қызына киім-кешек іздеген әйелдің шаршағаны байқалып тұр.

– Қойшы қызым, сенің былтырғың жақсы ғой, болмаса Айымдікін киесің.

– Анашым, жаңасын алғым келеді.

– Саған кейінірек алайық, бұл жолы Айымға әперейік.

Анасы кіші қызын көндіре алмай әлек. Осы кезде анасын әңгімеге тарттым.

– Кешіріңіз, журналист едім, биылғы оқу жылына дайындық туралы жазып жүрмін. Құпия болмаса балаларыңызды киіндіруге қанша қаржы жұмсадыңыз? - деп жанына жақындадым.

– Мектеп жасында үш перзентім бар. Әзірге оларға шамамен 150 мың теңгедей қаржы кетті. Әлі де алынбаған заттар бар. Базардағы баға былтырғымен салыстырғанда қымбаттаған. Былтыр қызыма ақ кофтаны 2500 теңгеден алғаным есімде. Биыл сапасына қарай 3500 теңгеден жоғары болып тұр. Кіші қызым Әйгерім де әпкесінің кофтасын кигісі келмей тұр. Бұларға жыл сайын жаңасы керек. Амал жоқ, ренжітпей алып беруге тура келеді, - деп саудагерге қарай бұрылды.

Базардың ішін аралай жүріп, бала-шағасына киім-кешек алып жүрген бірнеше ата-ананы сөзге тартып, бәріне ортақ «Бір баланы мектепке дайындауға қанша теңге кетеді?» деген сұрақ қойдым.

– Екі ұлымды киіндіруге шықтым. Ұлдарым Орал қалалық №40 ЖОББМ-да оқиды. Біреуі 7-сыныпқа, екіншісі 5-сыныпқа барады. Үлкен ұлымның өзі мен алып берген киімді жақтырмайды, өзі таңдап алғысы келеді. «Московский», «Адал» сауда үйлерін аралап келе жатырмын. Екеуінің киім кешегіне  90 мың теңгедей алып шығып едім, жетпейтін түрі бар. Өйткені әлі оқу құралдары секілді  ұсақ-түйегіне де біраз ақша жұмсалайын деп тұр. Оның үстіне ұл бала тез өседі. Былтырғы костюмдері кәдімгідей тар. Жыл сайын жаңасын алып беріп жүрміз. Костюмдердің бағасын салыстырып келе жатырмын. Сапасы дұрыстау дегендері 20 мың теңгеден  жоғары, - дейді Айдана Аренова есімді қала тұрғыны.

Ал Гүлзара Бисемалиева мектеп жасындағы ұлдарын киіндіру үшін қаладағы бірнеше дүкенді аралап шыққанын айтты.

– Ресей және Түркияда шығарылған ұл балаға арналған мектеп формасының бағасы өлшеміне қарай 30-35 мың теңге. Оған костюм мен шалбары кіреді. Ақ көйлек 5-10 мың теңгенің арасында. Дара шалбар – 10-15 мың теңге. Қыздардың киімі ұлдармен салыстырғанда 2-5 мың теңгеге қымбат. Әр балама аяқ киімді жеңілдікпен алты мың теңгеден алдым. Дене шынықтыру сабағына киетін аяқ киімнің бағасы да осы. Спорт киімі 10 мың теңге тұрады. Сөмке 6-10 мың теңге болып тұр. Бала ғой, бір киімді бір апта кие алмайды. Ең болмағанда екі ақ көйлек пен екі шалбар алу керек. Бәрін қосқанда киімінің өзіне әр балаға 100 мың теңге жұмсадық. Әлі күздік, қыстық киімдерін алу керек. Қалған 20 мың теңгемізді жеткізейік деп, оқу-жазу құралдарын базардан алу үшін келдік, - дейді ол.

Базардағы баға

Орал қаласындағы орталық базардан байқағанымыз, ата-аналардың дені  балаларына керек-жарағын ертерек алып қойған. Оқу жылы жақындағасын тек қажет-ау деген заттарын алып жүр. Ал кейбірі барлық баласын ертіп алып, бастан аяқ киіндіруде. Десек те, көпшілігінің қалтасы қалың емес, нарық заманында бірнеше баланы киіндіру ата-анаға оңай соқпасы анық. Базардағы мектеп киімдерінің бағасы жылдың осы айында қымбаттайтыны белгілі. Төменде мектеп оқушыларына арналған киім-кешектің базардағы орташа бағасын назарларыңызға ұсынып отырмын. Осыған қарап бір баланы мектепке дайындауға қанша қаражат қажеттігін бағамдай аласыз.

Орталық базарда ер балаларға арналған костюмдер 20 мың теңгеден басталады. Сапалы деген аяқкиім 11 мың теңгеге түссе, көйлек 3500 теңгеден жоғары. Спорттық аяқ киім 6500 теңгеден, спорттық костюм 10 мың теңгеден басталады. Сол секілді бастауыш сыныпта оқитын қыз балаларға арналған сарафандар 8 мың теңге, ақ жейде 3500 теңгеден басталады. Белдемшелер 6 мың теңгеден жоғары, шұлық, бантик, галстук, белбеулер 2 мың теңгеден асады. Қыздарға аяқкиім бес мыңнан 15 мың теңгеге дейінгі аралықта. Бастауыш сынып қыздарына алты мың теңгеге туфли табуға болады. Шыны керек, тұрғындар қытайлық арзан киімдерге көп жолай бермейді. Олар тез тозады, тігістері сөгіліп, жыртылып қалады. Орталық базар аумағындағы «Адал» дүкеніндегі мектеп киімдерінің бағасы «Мирландағымен» шамалас. Тауарлары қымбат дүкендер де бар. Мысалы, орталық базар маңындағы «Атриум» сауда үйінде пиджактың құны 23-25 мың, шалбары 15-16 мың, жейдесі 8-12 мың, аяқ киімдердің ең арзаны 15-16 мыңнан, спорттық аяқ киімдер 13-14 мыңнан басталады. Қыздардың сарафандары 15 мың, белдемшелері 9-10 мың, жейденің ең арзаны – 10 мың теңге. «City Center» сауда орталығындағы бағалар да осы деңгейде. Өйткені бұл жердегі тауарлар Түркия, Ресей, Германия, Италия елдерінен тасымалданатын көрінеді.

Онлайн дүкендердегі сауда

Бүгінде облысымыздың шалғай аудан тұрғындарының өзі Алматыдан, әрісі Қытайдан «Қазпошта» арқылы тапсырыспен киім-кешек алдыруда. Олар мекенжайын жазып, ақшаны «Каспий» карточкасы арқылы аударуда. Осы орайда бірқатар онлайн-дүкендегі кеңсе тауарларының бағасын тексерген едік. Қыздарға арналған рюкзакты сапасына қарай 2 мың теңгеден 50 мың теңгеге дейінгі аралықта сатып алуға болады екен.

Онлайн дүкендердегі оқу құралдарының орташа бағасы:

  • қаламсап – 15-250 теңге;
  • қарындаштар жинағы – 200-1 160 теңге;
  • түрлі-түсті бояу жинағы – 400-3 950 теңге;
  • фломастерлер – 300-2 270 теңге;
  • қылқалам – 469-1 450 теңге;
  • сызғыш – 65-400 теңге (бір данасы);
  • сурет салуға арналған бояу – 289-3 100 теңге;
  • жай дәптер – 15-100 теңге (бір данасы)
  • қалың дәптер – 80-625 теңге (бір данасы, парақ санына қарай);
  • сурет салуға арналған альбом – 269-850 теңге (бір данасы);
  • пенал – 400-5 000 теңге аралығында.

Осы орайда 1 қыркүйек қарсаңында қазақстандық онлайн-дүкеннің кез келгенінде «Мектепке дайындық» бөлімін табуға болатынын атап өту керек. Мұнда мектепке қажетті барлық тауар түрі жинақталған. Сондай-ақ жеңілдіктер бар.

«Мектеп формалары бірыңғай болғаны абзал»

Бүгінде мектеп оқушыларына жаппай бірыңғай формадағы киім кигізу ережесі енгізілмегенмен,  әр мектеп  өз ерекшеліктеріне  орай мектеп киімдерін таңдаған. Орал қаласындағы орта мектептердің көбінде оқушылар ақ кофта мен қою көк түсті костюм киеді.

- Әрине, мектеп жасындағы балалар сабаққа бірыңғай киінгендері дұрыс. Бұл барлық оқушыны бірдей етіп көрсетеді. Олардың арасындағы тұрмыстарына байланысты айырмашылықтар білінбейтін болады. Бір кездері мектепте еркін киіну үрдісі пайда болғаны белгілі. Сол кезде мұғалім мен  оқушыны ажырата алмай қалған едік. Қазіргіміз дұрыс. Бірдей формада киіну, әсіресе, біз секілді көп балалы отбасыларға тиімді. Жеті перзентім бар. Оның бесеуі мектеп жасында. Егер оқушылар бірдей киінбесе, сән қуып кетеді. Ал  ана-ана перзентінің қамыққанын көргісі келмей, қолындағы соңғы ақшасын жұмсап, киіндіреді. Балаларыма  сабаққа қажетті құрал-жабдықтар мен киім-кешегін әлі сатып алған жоқпыз. Өзім бала күтімімен үйдемін. Жұбайым – мемлекеттік қызметкер. Оның еңбек демалысына шығуын күтіп жүрміз. Кезекті еңбек демалысының ақшасы түссе, балаларды киіндіреміз, - дейді «Алтын алқалы» ана Айымгүл Абайқызы.

Көпбалалы ата-аналар перзенттерін жаңа оқу жылына дайындауда біраз қаржылық қиындыққа тап болатыны белгілі.  Бұл шығындар тамыз айының соңында отбасы бюджетіне айтарлықтай салмақ түсіреді. Осы орайда көршілес Ресейде биылдан бастап «1 қыркүйек капиталы» енгізілді. Яғни мектепке дайындық үшін әр бала басына әлеуметтік жағдайына қарамастан 10 мың рубльден бір реттік  материалдық көмек берілуде. Оны 6-дан 18 жасқа дейінгі 17 миллион бала алып үлгеріпті. Бұл қолдау еліміздегі балғындарға да берілсе, көпбалалы, табыс-кірісі аз отбасыларға қолдау болар еді.

Биыл облыс бойынша «Мектепке жол» акциясы қалай ұйымдастырылып жатырғанын білу үшін облыстық білім басқармасына хабарластық. Облыстық білім басқармасының баспасөз хатшысы Үміт Жәңгірованың мәліметінше, www.atameken.kz порталында "Мектепке жол" платформасы іске қосылған. Онда көмекке мұқтаж ата-аналар балаларының ЖСН-ін жазып, өтініш қалдырады. Содан соң ата-аналар мен оларды алмастырушы тұлғалардан түскен өтініштер ұлттық білім беру дерекқорының мәліметтерімен салыстырылады. Одан кейін көмек атаулы түрде бөлінеді. Демеушілер мен меценаттар ақшалай қаражатты осы платформа арқылы онлайн аударады екен. Бұл өз кезегінде балалардың ұнатқан киім-кешегін, оқу құралдарын  сатып алуына мүмкіндік береді.

Мақала жазу барысында сауда үйлері мен базарлардағы бағаны бағамдадық. Мектепке қажетті тауарлар өткен жылмен салыстырғанда біраз қымбаттаған. Арзан деген дүниенің сапасы да соған сай болатынын ескерсек, олар жыл  бойы киюге жарамайды. Ал әр баласын бағасы шарықтап тұрған сапалы өніммен қамтуға екінің бірінің шамасы жетпейді. Бұл жағдайда, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мен көп балалы, табыс-кірісі аз отбасылардың перзенттеріне қолдау көрсетер, «бар жақсылық – балаларға» деген қағидаға берік қайырымды жандар қатары артса игі.

Гүлсезім Бияшева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале