23.05.2023, 12:15
Оқылды: 57

Банкрот болғыңыз келе ме?

Берешегі қордаланған, төлем қабілеті жоқ жеке кәсіпкерлер, түрлі мекеме-кәсіпорындар банкроттық «кепеш» киіп жатады. Оларды банкрот деп тану тиісті заңдарда қарастырылған. Естеріңізде болса, 2017-2019 жылдары екінші деңгейдегі банктер «Девальвация «тоңдырды», теңге әлсіреді, сыртқы қарызды қайтармасақ, мемлекет имиджі құриды» деп байбалам салды.

акша1

Осыған байланысты мемлекет «Банк секторының қаржылық тұрақтылығын арттыру туралы» бағдарлама қабылдады. Соның негізінде халыққа қымбат несиесін беріп, 54 пайыздық мөлшерлемемен ақша «сауып» отырған коммерциялық банктерге қазынадан триллиондаған қаржы бөлінді. Алайда осындай жомарттық әлеуметтік, экономикалық жағдайы төмен жеке адамдарға жасалмайтын. Қаржы вице-министрі Ержан Біртановтың мәлімдемесіне сүйенсек, Қазақстанда 1 миллионнан астам адам банкроттық туралы заң көмегімен қарызынан құтыла алады. Өткен жылдың басында барлық өңірде орын алған оқиғалардың бір себебі де сонда жатса керек. Сондықтан да Мемлекет басшысының бастамасымен өткен жылдың 30 желтоқсанында «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін және банкроттығын қалпына келтіру туралы» заң қабылданды. Жаңа заң биылғы 3 наурызда күшіне енді.
– Бұл заң несие алған азаматтарға шамадан тыс қарыз жүктемесінен құтылуға мүмкіндік береді. Ондай жеке тұлғаларды банкрот деп тану 3 рәсім арқылы жүргізіледі. Біріншісі – соттан тыс банкроттық. Мұнда өзін банкрот деп танытқысы келетін адамның екінші деңгейдегі банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлар алдындағы қарызы 5,5 млн теңгеге (1600 айлық есептік көрсеткіш) дейін болуы керек. Сонымен қатар қарыз 12 ай ішінде өтелмеуі тиіс. Ондай ақпаратты https://id.mkb.kz сайтынан алуға болады. Борышкерлердің атында мемлекеттік тіркеуге жататын мүлік (жылжымайтын мүлік, жер, көлік құралдары) болмағаны жөн. Банктен, микроқаржы ұйымдарынан борышты реттеу туралы құжат (қарызды өндіріп алу туралы сот шешімі, оны атқару құжаты) керек. Коллекторлардан ондай құжат талап етілмейді. Ерекше шарттар да қарастырылған. Егер де борышкер 6 ай бойы атаулы әлеуметтік көмек алып келсе, онда сотқа жүгінбей-ақ бізге өтініш бере алады. Қарызы 5 жылдан астам уақыт ішінде өтелмесе, онда басқа талап-шарттар ескерілмейді. Нақтылар болсақ, мүлкінің бар екеніне, берешек несие сомасының 5,5 млн теңгеден асып кеткеніне қарамастан, соттан тыс банкроттыққа құжаттарын рәсімдей алады. Осы рәсім бойынша өтінішті «Е-Salyq-Azamat» мобильді қосымшасы немесе Egov.kz порталы арқылы беруге болады, – деп түсіндірді Орал қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы Жанар Әубәкірова.
Маманның айтуынша, жалпы өтініштер 15 күн ішінде қаралады және 12 күнде азаматтардың өтініштеріне қатысты шешім электронды үкіметтің 1414 байланыс нөмірінен келеді. Банкроттық рәсім 6 айға дейін қаралады. Ал екінші рәсім «Сот банкроттығы» деп аталады. Өзінің атауы айтып тұрғандай, борышкер талап-арызды тұрғылықты жері бойынша сотқа береді. Оны сот орнына барып, кеңсе (канцелярия) арқылы не сот кабинеті арқылы жүгіне алады. «Егер де азаматтың несие қарызы 5,5 млн теңгеден артық және мүлкі банкте кепілдікте тұрған болса, онда банкроттық мәселені сот шешеді. Сот банкроттығы барысында борышкердің мүлкі сауда-саттыққа шығарылады. Сондай-ақ сіздің кепілге салынған үйіңізден басқа баспанаңыз болмаса, жалғыз үй сатуға шығарылмайды. Мұнда да банкроттықты жүргізу мерзімі – 6 ай, оны тағы 6 айға ұзартуға болады», – дейді Жанар Сағынғалиқызы.
Банкрот рәсімінің үшінші түрі – төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Бұл рәсім өзгелерімен салыстырғанда азаматтарға ең қолайлысы саналады. Несие борышы көп адам өзінің тұратын жері бойынша сотқа өтініш береді. Соттың шешімімен қарызды бір айдан 5 жылға дейін бөліп төлеу мүмкіндігін алады. Одан басқа мүліктің бір бөлігін сату, мүлікті жалға беру, жаңасын сатып алу арқылы үйді құны төмен баспанаға айырбастау секілді және басқа да жолдары қарастырылады. Бұл рәсім бойынша банкрот мәртебесі берілмейді. Азаматтың шетелге шығуына шектеу қойылмайды.
– Банкрот деп танылудың салдарына тоқталайық. Банкрот деп танылған адамға банктерден, микроқаржы ұйымдарынан 5 жылға дейін қарыз алуға тыйым салынады. Қайта банкрот деп тану рәсімі тек 7 жылдан кейін жүзеге асырылады. Банкрот болған азаматтың мүлкіне, қаржылық жағдайына 3 жыл бойы мониторинг жүргізіледі. Ал төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімінде мұндай шектеулер жоқ. Өйткені онда өтініш беруші банкрот деп танылмайды, – деп түсіндірді Жанар Әубәкірова.
Тұрмыс жағдайы төмен, қарызын жаба алмай жүрген азаматтар өтініштерін Орал қаласы бойынша
мемлекеттік кірістер басқармасына, ауыл-ауданда тұратындар тиісті аудандық мемлекеттік кірістер басқармаларына береді. Бүгінде облыс бойынша 1375 өтініш түскен, оның 79-ына банкрот деп тануға рұқсат берілді, 698 адамның өтініші мақұлданбады, 597 өтініш қаралуда. Ал облыс орталығы бойынша азаматтардан 884 өтініш қабылданған. Соның 53-ін банкрот деп тануға ше-
шім шығарылды, 404 өтініш мақұлданбады, 427-сі қаралып жатыр.

Файзолла ӘЛЖАНБАЙ,
Орал қаласының тұрғыны:
– Қара жұмыс істеймін. Ұл-қызым, жұбайыммен бірге пәтер жалдап тұрамыз. Пәтер-ақы қымбат, азық-түлік арзан емес. Біраз жыл бұрын «Каспий банктен», «Хоум кредит банктен» несие алып, бастамада төлеп жүрдім. Бірақ коронавирус індеті кезінде жұмыссыз қалып, содан бері төлей алмай жүрмін. Миллион теңгедей қарызым бар. Жұбайымның да атында несие бар. Азаматтардың банкроттығы туралы заң қабылданғанын естіп, Egov арқылы өтініш бердім. 15 күн ішінде мақұлданды деген хабарлама түсті. Тек бір қиыны, банкрот болғаннан кейін несие ала алмайды екенсіз. Өз азаматтарының хал-жағдайына қарасып жатырған мемлекетке рақмет дегім келеді.

 

Гүлбаршын Әжігереева,
«Орал өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале