8.08.2022, 17:44
Оқылды: 101

Банктердің экономикадағы маңыздылығы артып келеді – Ұлттық Банк

Биыл базалық мөлшерлеменің көтерілгеніне қарамастан, жылдық мәнде маусым айында бизнеске берілген несие 12,7%-ға, халыққа берілген несие 40%-ға өскен. Отандық іскерлік БАҚ-қа сұхбат берген Ұлттық Банк Төрағасы Ғалымжан Пірматовтың сөзінде осындай дерек бар.

1645029315_1-kartinkin-net-p-ekonomika-kartinki-1

Оның айтуынша, жиынтық несие портфелі 27,5%-ға, яғни, 20,1 трлн теңгеге дейін көбейіп отыр. Корпоративтік секторға ұлттық валютадағы несиелердің жыл сайынғы өсуі 2012 жылдың қазан айынан бері алғаш рет максималды 19,4%-ға өскен.

Кәсіпорындарға берілген жаңа несиелердің де көлемі ауқымдырақ болды. Олар, негізінен, айналым қаражатын қаржыландыруға (2021 жылы 76%) және экономикадағы ағымдағы іскерлік белсенділікті қолдауға бағытталып отыр. Мәселен, өткен жылы кәсіпкерлік субъектілеріне 11,1 трлн теңгеге жаңа несиелер берілген.

«Салыстырып қарасақ, былтырғы республикалық бюджеттің шығыстары 14,8 трлн теңгеге шықты, яғни, бизнеске берілген несиелер бюджет шығыстарының ¾ бөлігіне тең болды. Бұл – банктердің экономикадағы маңыздылығын көрсетеді»,  – дейді Ғалымжан Пірматов.

Экономика сапалы өсуі үшін негізгі капиталға инвестицияның маңызы зор. Қазақстанда, жалпы, бұрыннан келе жатқан үрдіс, негізгі капиталға салынатын инвестицияның негізгі көзі – несие емес, кәсіпорынның өз қаражаты саналады (2021 жылы негізгі капиталға салынған инвестициялардың үлесі –71%, бюджет қаражаты – 15%, ал ЕДБ кредиттері мен қарыз қаражатының үлесі – 2,6%).

2020-2021 жылдары нормативтік есеп беру сапасын арттыру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды. Ұлттық Банк қазір экономикаға берілген несиелер бойынша статистиканы кеңейтілген анықтамада жасап жатыр және оларды тоқсан сайын жариялап тұрады.

Мұнда екінші деңгейлі банктер, квазимемлекеттік сектор субъектілері (Қазақстанның Даму Банкі, агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне несиелендіретін ұйымдар), ипотекалық ұйымдар, микроқаржы ұйымдары, несиелік серіктестіктер және ломбардтар берген несиелер ескеріледі.

ulysmedia.kz

фото ашық дереккөзден

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале