2.02.2023, 9:45
Оқылды: 212

«Бармысың, педагогика?..»

Өткен жылдың желтоқсанында аяқ астынан бір жоба бастап кеткентін «Үзіліс» ұстаздар парағы. «Аяқ астынан» дейтінім – баспасөзге жазылу науқанын себеп қылып шыққан сапарым өз-өзінен лықсып барып шалғай ауылдардағы ұстаз ұжымдарымен жып-жылы кездесу, шырайлы жүздесулерге ұласты. Керек әңгімелер айтылды. Кеңестік. Күрсіністік. Күлістік. Қоғам алдындағы парасат жүгінің ауырлығын сезінісіп,  қалтарыстарда жіберіліп жатқан мәкіліктер сырына үңілістік. Себебін, салдарын  және оның алдын алу жолында не істеу керектігін ақылдасып, ой түйістік.

Дариға Мұштанова

Алғашқы сапар Казталовкада басталған. Одан Бәйтерек ауданында жалғасты. Ол  кездесулерді жаза қоймап едім... Енді ойласам,  жазылуы керек екен. Себебі  әр ауданда өткен кездесулер әр алуан болып шығады. Ұстаз атты зиялы қауыммен болған әңгіме, толғаныс,  түйіндер  жария болғаны жөн. Қамтылмай қалған әріптестер үшін. Ата-ана, бұқара халық үшін. Зейінді ұл, зерделі қыз үшін.

Сонымен,  өткен аптада «Үзіліс» Жаңақала еліне сапарлап қайтты. Әлқисса, алыстан қарағанда, қай-қай жағынан да еңселі көрініп, қалған елге ес боларлық тұлғалы мекен саналатын Жаңақала жеріне ат басын бұрғаннан ерекше бір сарын белгі береді санада. Құдіретті күй сіңген,  сол күйлер арқылы адам жанының кілтін тауып,  биіктік,  адамдық,  тереңдік мектептерін ерте қалыптастырып алған ел ғой бұл! Тарих қандай, құм қойнауынан жағалай сыр жамыратып жатқан...

Аудан орталығының төрінде маңғаз қалыппен керіле қалған келісті ғимарат – Жаңақала мектеп-гимназиясының алдына келіп тоқтағанда көңілде Құрманғазы бабамның «Серпер»  күйінен бір үзік  ойнап өткендей болды. «Серпер» естілсе, естілгендей бұл гимназия республикадағы озық жүз мектептің, оның ішінде бірінші отыздың,  ал облыс бойынша бірінші ондықта тұрған серпінді білім ошағы екен. Көздің жауын алғандай, кірсе-шыққысыз , жұтынып тұрған гимназияның ішін көріп, аралауға уақыт жоқ, орталықтағы үш мектептің мүғалімдері салтанат залында жиналып күтіп отыр екен.

20230130_091548 (1)

Кіре бастап кеттік әңгімені. Өйткені бар ғой,  мұғалімдер аудиториясының адамды сөйлететін қасиеті бар.  Тыңдай,  түсіне,  саралай білетін, деңгейлі жандар олар.  Жиналыс емес, ортақ тақырыбы бар, ойласар мәселесі бар, мақсаттас, мүдделес зиялылардың басқосуы болды бұл.

Айтпақшы,  (айтқан соң,  бүкпесіз, бәрін айтайын), директордың кабинетіне кіріп,  сырт киім шешіп дегендей, бес минут тізе бүгетін мезірет бар ғой, сол жерде  «Орал өңірінің» тігіндісін сұрап қалмаймын ба, ойда жоқ жерден. Мынадай әйбат гимназияның кітапханасында ол жоқ деп күтіппін бе, сынау,  тексеру үшін емес,  мұғалімдерге «Үзіліс»  беттерінен шағын шолу жасап, пікірлерін біле, талқылай отыру еді ғой ішкі жоспарым... Жоқ екен.  Мекеме алдырмайды. Алдырмайтын себебі, жазылмаған.

Жазылмаған себебі, қаржы қаралмаған. Қаржы қаралмаған себебі, газет көп, ақша жоқ...

«Ал, бәлем, керек болса!» дегендей, баспасөзге жазылудың бас ауруы алдымнан шыға келді осылай. Мұғалім өзі жазылса,  жазылғаны,  жазылмағанына мектеп кітапханасынан қайран жоқ, тігінді де жоқ, із де жоқ. «Үзілістің»  исі де шықпайтын шығар мұнда» деп,  бір сәт далаға келіп қалғандай күй кештім. «Мен-ақ жаздырып кетейін мектебіңізді, бір 6000 теңге ғой»  дедім де қойдым қынжылып.

Кездесуде әңгіме дәл осы жерден басталды...  Сырмінез, бір арнаның адамдары емеспіз бе, назымды түсінді. Қабыл алды зиялылар. Қабыл алғаны сол екі адам сол жерде тұрып, тура  ертең барып осы газетке жазылатындарын мәлімдеді. Тағы да біразының бас изесіп, мақұлдасып отырғанынан тез арада бұл олқылықтың орнын толтырмақ сыңайлары бар екені  байқалды.

Шынымен де,  басты құмға тығып, айналада болып жатқанның бәрінен мақұрым қалуға болмайды ғой бұл заманда. Әлеуметтік желі деңгейімен ұрпақты қай ұшпаққа жетелерсің?

Бұл ойды бір түйіп тастап, әңгіме ұлдар тәрбиесі тақырыбына ойысты.  Расын айту керек, азамат бейнесі дегеннің де деңгейі түсіп кетті ғой. Әйел, бала-шағасын қырып-жойып, күн көрсетпейтін «үйде батырлар» тіпті әйелін өз қолынан өлтіріп, балаларын жетім қалдырған,  ауру-сырқау,  мүгедек болып туған  балаларын әйеліне тастап,  басқаға кетіп қалған опасыз әкесымақтар, жұмыс істемей,  әйеліне масыл  болуды ар санамайтын көкжалқаулар... Айта берсең, көп-ақ.  Оған әскерде болып жатқан жантүршігерлік жағдайларды қосыңыз. «Осының бәрі мектепте ұлдар тәрбиесінің жеткіліксіздігінен басталмай ма?»  деген ойтамызық тасталды ортаға. Ер азса,  ел азатынына мысал көп.  «Жер тозса – тақыр,  ер азса – пақыр»  деп не үшін мақалдаған дейсіз халық... Ақыл айтар, басу айтар аузы дуалы қария аз, оны тыңдар жастар тағы да көп емес. Бұл тарапта қозғалған әңгіме бейжай қалдырмады жиылған ұстаздарды. Ашық диалогқа  ортадан шығып үш ұстаз ой тиегін ағытты.

Еңбек ардагері Рая Қайратқызы: «Еркек тәрбиесін (бұл менің лексиконым. Д.Ғ.) бала кезінен қолға алу керек екеніне бір бүгін ғана көзіміз ашылып отырған ештеңесі жоқ,  бұрыннан білсек те жақ ашпай, бұрынғы соқпақпен тартып келеміз. Ол рас.  Ұлға да, қызға да адами тәрбие беру ең басты негізіміз болуы керек еді ғой. Қай сабақтың да,  қай шараның да арқауы – адами  тәрбие болуы тиіс.  Айнымас  бағыт осы» – деп   толғанса, «Әскерде масқара жағдайға шыдамай,  намыстан асылып өлген жас сарбаз қайсар, мінезді болған» деген жазбаларды көзім шалды.

Сондай бір еті тірі, мінезді адамдар шықса, жабылып сағын сындыруға, жігерін жасытып, мұқап, тезірек басып тастауға ұмтылатын жаман әдет те бар біздің қоғамда. Не де болса, үнін шығартпай қоюға ұмтылудың ақыры осындайға апарып соқтырады.  Бұл жағын да зерттеп, зерделеп, тұжырым жасау, оны жоюдың әдіс-тәсілін табу да бүгінгі педагогиканың мойнында», – деді  тарихшы Қаһарман Зинуллин.

– Еркек тәрбиесі түзелуі үшін мектептерде ер мұғалім көп болуы тиіс.  Ал  біздің еліміздегі мектептерде азаматтар  өте аз.  Бұл, сөз жоқ, ұлдар тәрбиесіне  ықпалын тигізеді. Екінші бір мәселе, баспасөзбен байланыс... Ұстаздардың ілуде бір қолы тиіп жаза қалған мақалалары облыстық газетке жарияланбайды. Неге?  Қолдау екіжақты болуға тиіс емес пе?.. – деп бастап,  тағы да біраз көңілдегісін ақтарған Қазбек Әлмұхановтың пікірі әңгіменің әрі қарай өрбуіне мұрындық болды.

«Үзіліс»  бетіне бірлесіп жұмыс істеуге шақырып,  ұстаздық еткен жылдардағы іс-тәжірибе, баламен жеке жұмыс істеуде психологияның көмегі қалай тигенінен бір-екі этюд әңгімелеп бердім. Соның ішінде озғанды күндеу, көреалмаушылықпен аяқтан шалу сияқты мінезі байқала бастаған оқушыны қандай амал арқылы өзгерткенімізді, пейіл тәрбиесі дегенді де әңгімелеп өттім, мысалға. Қоғамның кеселін көріп отырып, одан айықтыру жолдарын мектептен бастамаған ұстаз ұстаз ба? «Адам жанының инженері» деуші еді ғой мұғалімді,  қазір ше? Мұғалімнің өзіндік жоспарымен, шығармашылықпен жұмыс істеуіне мүмкіндік қалмай бара жатқан жоқ па? Ағылып-төгілген бұйрық-шараларды орындаудан қолы босамаған ұстаздың алдындағы оқушылардың қажетіне қарай ауторлық жобамен еңбек етуіне мүмкіндік қалмай, «салпаңқұлақ»  орындаушыға айналып кетпей ме?» деген көкейтесті-риторикалық сұрақтарды жаудырдым  келіп.

«Сіздің жазбаларыңызды оқып тұрамыз, ұстаздың шығармашылықпен жұмыс істеу еркіндігін шектемеу, ауторлық жобаларына мүмкіндік беру туралы ойыңызға толық қосыламын», – деп шынайы қолдау білдірген Аманкелді Ғабиденұлы әріптестерін тың ізденістерге шақырды. Ұзақ та емес, қысқа да емес, керегінше отырдық гимназияның салтанатты залында. Риза болғаным, жалығу, шығып кету, яки бір келіспей жан-жаққа тарту сияқтылар байқалған да жоқ. Өйткені біз – педагогтерміз.

Мынау алмағайып заманда сара бағыттан адастырмас кәдімгі  ұстаз жолын іздеп, «Бармысың, педагогика?!» деп жүрген жандармыз біз...

Халықтық педагогиканың жұрнағын түгелдеп,  жоғын тапсақ деген мүддеге тоғысқан әріптестер алдында  «А. Л. Ж. И. Р.» атты өлеңімді шығу тарихымен оқып бердім. Көздерінде жас мөлтілдеді... Одан соң  шығу тарихы да әдемі, өзі де ойнақы «Нұргүлдің әні»  мен «Немеремді» орындап бердім әнімен. Зал жадырап, жүздеріне күлкі үйірілді. Осылайша тарастық. Жылы шырайлы кездесуден шыққанда Жаңақала да жылы жымиып тұр екен. Қыс ызғары жоқ. Самаладай жарқыраған көше шамдары көңілдене сәуле төгіп тұр. «Бірлік пен ынтымақ, жарастық сәулесі болғай!»  деп тіледім.

Дариға Мұштанова,

«Үзіліс» арнайы бетінің қоғамдық редакторы,

«Парасат» ордені, «Ерен еңбегі үшін» медалінің, «Ы. Алтынсарин»  белгісінің  иегері,

ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері,

ҚР Мәдениет саласының үздігі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале