5.01.2023, 9:29
Оқылды: 110

Барыс жылы бағындырған межелер

2022 жыл да тарих қойнауына енді. Бұл жылы білім саласында ел-жұртты елең еткізер жақсы жаңалықтар көптеп орын алыпты. Балалар жылы деп жариялау туралы Мемлекет басшысының Жарлығы қабылданып, осыған сәйкес жыл аясында атқарылатын іс-шаралар жоспары Үкіметтің қаулысымен бекітілді. Осы бағытта облыс бойынша да жыл аясында атқарылатын іс-шаралардың жоспары жасақталып, балалардың сапалы білім алуына жағдай жасалды.

qar-barysy

Фото дереккөзі: egemen.kz

Сондай-ақ ерекше білімді қажет ететін балаларға қолдау көрсетіліп, бүлдіршіндердің арасында спорт пен саламатты өмір салтын насихаттау, олардың шығармашылық қабілетін дамыту басты назарда болды. Облыста 219 мыңнан астам бала бар. Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен еліміздің барлық облысында балалар құқығы бойынша уәкіл сайланды.

Жаңа мектеп, жаңа алаң

Облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі ұсынған мәліметтерге сүйенсек, 2022 жылы әлеуметтік саладағы мекемелердің инфрақұрылымын жақсарту бағытында көптеген жұмыс атқарылды. Мәселен, Бәйтерек ауданындағы Жамбыл ауылында 308 орындық және Щапов ауылында 420 орындық, Орал қаласында 300 орындық, Казталов ауданының Сарықұдық ауылында 60 орындық мектептердің құрылыс жұмыстары аяқталды. Жеке инвестор есебінен 1 мектеп ашылды.

Шағын жинақты мектептердің мәселесін шешу мақсатында  облыс әкімдігінің тапсырмасына сәйкес 16 мектептің жобалау-сметалық құжаттамалары жасақталды. Олардың 15-і «ҚПО  б.в.» компаниясының әлеуметтік міндеттемелері  шеңберінде, 1-еуі төтенше жағдайлар салдарынан бұзылған мектептің орнына салынады. Қазіргі таңда екі мектептің  құрылысы басталды (Теректі ауданының Пойма ауылында 108 орындық, Қаратөбе ауданындағы Шалғын ауылында 60 орындық мектептер), қалған 14-і бойынша мердігерді анықтауға конкурс өткізілуде. Сонымен қатар облыс бойынша «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы аясында қуаттылығы 18 000 орындық 18 мектептің, оның ішінде қалада 14 700 орындық 13 мектеп, ауылда 3 300 орындық 5 мектептің құрылысы 2023 жылдан бастап жүргізіледі. Жаңа мектептерде оқушылар мен педагогтер үшін барлық жағдай жасалмақ. 19 білім беру нысанын күрделі жөндеу үшін қаражат бөлінді. «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасы аясында Жаңақала ауданының Мәстексай ауылында мәдениет үйінің құрылысы мен 14 нысанның жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл балалардың бос уақытын тиімді пайдаланып, өнер бағытында сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Орал қаласының Зашаған кентінде жастар мәдениет сарайының филиалы ашылды. Ақжайық ауданының Чапаев және Тайпақ ауылдарында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыс жұмыстары басталды. Сонымен қатар Тасқала ауданының Тасқала ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысына конкурстық рәсімдер, ал Казталов ауданының Казталов ауылындағы кешен құрылысының жобалау-сметалық құжаттамасы мемлекеттік сараптамадан өтуде. Орал қаласында 2 спорт алаңы, аудандарда 24 спорт алаңы және 1 хоккей қорапшасы пайдалануға берілді. Бұл нысандар балалардың спортпен шұғылдануына мол мүмкіндік береді. Жыл ішінде әлеуметтік нысандардың материалдық-техникалық базасын нығайту шаралары да қолға алынды. Орал қаласындағы  41 мектептің асханасы автоматтандыру жүйесіне қосылып (қолмақол ақшасыз төлем жасау), 63 мектепке жиҺаз, 241 пәндік кабинет сатып алынды.

WhatsApp Image 2022-10-24 at 21.00.47 (1) (1)

Оқушылардың тасымалын сапалы ұйымдастыру мақсатында лизинг арқылы 54 аутобус сатып алынуда. Қазіргі таңда 25 аутобус жеткізілді. Облыс бойынша 8 мыңға жуық бала жалпыға бірдей білім беру қорынан көмек түрлерімен қамтылды. Бұл мақсатта 2022 жылға арналған жергілікті бюджет қаражаты есебінен 370 млн теңге бөлінді.

Балаларды сауықтыру – басты назарда

2022 жылдың наурыз айынан бастап аутизмі бар балаларды қолдау орталығы ашылып, аутистикалық спектрдегі бұзылыстары бар балаларға қызмет көрсетуде. Былтыр профилактикалық тексеруден 172 мыңға жуық  (93,3%) бала өтіп, оның 21 мыңнан  астамында (12,3%) ауру анықталды. 18 мыңнан астамы (87,7%) сауықтырылды, қалғаны есепке қойылды. Сонымен қатар 12 аудан және шалғай ауылдық жерлерге облыстың штаттан тыс бас бейінді мамандары іссапарға шығып, жылжымалы медициналық кешенді  қолдану арқылы 26 мыңнан астам балаға медициналық тексеру жүргізіліп, үш  мыңға жуық мүгедек баланың 91,1%-дан астамы оңалту емін алды. 18 жасқа дейінгі 9 мыңнан астам балаға атаулы әлеуметтік көмек көрсетіледі. Мүгедектігі бар тұлғаларды медициналық сауықтыру бойынша тірек-қимыл жүйесінің аппараты бұзылған 403 бала түрлі протез-ортопедиялық құралдармен және 8 бала шипажай емімен қамтамасыз етілді.

Аудандық, қалалық мәслихаттардың шешімдерімен бекітілген ережелерге сәйкес жергілікті бюджет қаражаты есебінен 2800-ден астам балаға 222 млн теңгенің әлеуметтік көмегі берілді. Балалар жылына орай балалардың қатысуымен жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында облыс бойынша жаңа жоба – «Қауіпсіз балалық шақ – 2022» атты ведомство-аралық акция жарияланды. Акция барысында жазғы мезгілде балалардың жарақаттануы мен түрлі жазатайым оқиғалардың алдын алу бағытындағы  іс-шаралар ұйымдастырылды.

Білім бәйгесінде оза шапқандар

ҚР Оқу-ағарту министрлігіне қарасты «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының  базасында  XVIІI халықаралық Жәутіков олимпиадасы оффлайн сипатта өтті. Олимпиадаға әлемнің 21 елінен 1000-нан астам оқушы, 146 команда құрамында қатысып, әр команда 3 математиктен, 2 физиктен, 2 информатиктен құралды. Олимпиаданың қорытындысы бойынша информатика пәнінен қатысқан облыстық  дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Білім-Инновация» мектеплицей-интернатының 11-сынып оқушысы Жамбыл Мақсотов жеңімпаз атанып,  алтын жүлде иеленді. Сондай-ақ облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Білім-Инновация» мектеп-лицей-интернатының 11-сынып оқушысы  Тимур Уксукбаев  физика пәнінен ІІІ орын алып, қола жүлде иеленді.

«Үздік педагогтер» әріптестеріне үлгі

«Үздік педагог» республикалық байқауына қатысуға облыстан  48 педагог өтініш беріп, оның 9-ы республикалық байқауға жолдама алды. Облысымыздан  үш  педагог республикалық кезеңнің жеңімпазы атанып, 3 млн теңге сыйақы және төсбелгімен  марапатталды.

Зауреш Қошанова – Орал қаласындағы  Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжінің педагогика-психология кафедрасының  оқытушысы.

Эльмира Қазиханова – Дарынды балаларға арналған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының химия  пәні  мұғалімі.

Саид Әлиев – Жаңақала ауданындағы Жаңақала жалпы орта білім беру мектебінің тарих пәні мұғалімі.

9 білім ошағы Қазақстанның үздік  мектептері қатарында

2022 жылдың ҰБТ қорытындысы бойынша облыстағы тоғыз білім ошағы «Үздік 100 мектеп» тізіміне енді.

1. Абай атындағы облыстық мектеп-гимназиясы ;

2. «Сәулет» мектеп-лицейі (Тасқала ауданы);

3. Дарынды балаларға арналған С. Сейфуллин атындағы №11 мектеп-интернаты;

4. «Жаңақала» мектеп-гимназиясы (Жаңақала ауданы);

5. «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» ЛИЦЕЙІ;

6. М. Мәметова атындағы №27 мектеп-лицейі (Орал қаласы);

7. 125 HIGH SCHOOL (Орал қаласы);

8. Қаратөбе мектеп-гимназиясы (Қаратөбе ауданы);

9. Абай мектеп-гимназиясы (Ақжайық ауданы).

Түлектері – 100% грант иегері

Ақжайық ауданындағы Абай атындағы мектеп-гимназиясын 2021-2022 оқу жылында 26 түлек бітірді.  Олардың бәрі де ҰБТ-ға қатысып, Алматы, Астана, Қарағанды, Ақтөбе, Ақтау, Орал қалаларындағы жоғары оқу орындарының мемлекеттік гранттарын жеңіп алды. Олардың бірқатары Астана қаласындағы «ІТ University»,  Алматы қаласындағы Қ. Сатпаев атындағы ұлттық университеттің, Ақтөбе қаласындағы М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университетінің студенті атанып, білім алуда.

Жыл жаңалығы

Оралдық оқушы Данил Ягузов суға батып бара жатқан адамды құтқарды. Ол – қаламыздағы №20 мектептің оқушысы. Оқиға былай болған.  Данил әдеттегідей достарымен қала іргесіндегі Шаған өзеніне шомылуға барған. Бір мезетте достарының бірі суға түскен ер адамның қимылдамайтынын, оның тыныс алмайтынын байқағанын айтқан. Данил дереу ер адам жатқан аумаққа жүзіп барып, оны  арқасына салып, жағаға дейін жүзіп келеді. «Жедел жәрдем» келгенше достарымен бірге алғашқы көмек  көрсеткен.

Гүлжамал Жолдығали,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале