8.07.2026, 11:15
Оқылды: 12

Бас прокуратура Біріккен Араб Әмірліктерімен құқықтық ынтымақтастықты нығайтуда

Бас Прокурор Берік Асылов Бас прокуратура ғимаратында Абу-Даби Сот департаменті басшысының орынбасары Юсеф Аль Абри бастаған Біріккен Араб Әмірліктері делегациясымен кездесу өткізді.

_gluster_2026_7_8_b1f65d83c255eb52ff6aeb9272cfbb7c_1280x720

Кездесуге Қазақстан Республикасындағы Біріккен Араб Әмірліктерінің (бұдан әрі – БАӘ) Елшісі Мохамед Саид Альарики, Абу-Даби Бас Прокуроры Али Аль Блоши және Абу-Даби сот қадағалау басқармасының басшысы Али Аль Шаер қатысты.

Құқықтық және сот салаларындағы өзара іс-қимылды дамыту Мемлекет басшысының Әділетті Қазақстанды құру, Заң мен Тәртіп қағидатын орнықтыру және адам құқықтарын жан-жақты қорғау жөніндегі стратегиялық бағытына сәйкес жүзеге асырылуда.

Осы бағыт аясында Қазақстанның Таяу Шығыстағы маңызды серіктестерінің бірі – БАӘ-мен құқықтық саладағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Екі ел арасындағы стратегиялық әріптестік экономикалық, инвестициялық және құқықтық бағыттарда белсенді дамып келеді.

Кездесу барысында БАӘ-нің өкілдеріне Қазақстанның прокуратура органдарының негізгі міндеттері, қызметінің басым бағыттары және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету саласындағы атқарылып жатқан жұмыстар таныстырылды.

Тараптар екіжақты ынтымақтастықты күшейту аясында заң үстемдігін қамтамасыз ету, адам құқықтарын қорғау, сондай-ақ қылмыстық істер бойынша іздеуде жүрген адамдарды беру мәселелерін талқылады. Аталған бағыттағы ынтымақтастық қылмыстық жауаптылықтың бұлтартпастығын қамтамасыз етудің және екі ел азаматтарының заңды мүдделерін қорғаудың маңызды тетігі болып табылады.

Бұдан бөлек, шетелдік әріптестерге Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының цифрлық трансформациясының деңгейі және оның негізгі нәтижелері таныстырылды. Олардың арқасында прокуратура органдары цифрлық есепке алудан құқық бұзушылық тәуекелдерін алдын ала болжау, талдау және олардың алдын алу құралдарына көшті.

«Бүгінде қылмыстық істердің 94% арызды тіркеуден бастап сот үкімін орындауға дейін электрондық форматта жүргізіледі. Іс жүзінде сот төрелігі толықтай цифрлық жүйеге көшірілуде», – деді қадағалау органының басшысы.

Сонымен қатар әкімшілік іс жүргізу, бизнесті қорғау, азаматтардың өтініштерін қарау және басқа да бағыттар толық цифрландырылған.

Қазіргі уақытта мемлекеттік органдардың 300-ден астам ақпараттық базасымен интеграцияланған 7 ведомствоаралық IT-жүйе жұмыс істейді.

Қазақтелекоммен бірлесіп бүкіл ел бойынша алаяқтардың қоңырауларын анықтап, тоқтатуға бағытталған Антиколл-орталық іске қосылды. Бір жыл ішінде оның көмегімен 1 миллионнан астам күмәнді қоңырау бұғатталды.

Қабылданып жатқан шаралар қылмыс деңгейін төмендетуге оң ықпал етуде.

Қазақстанның Бас прокуратурасының цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын енгізу бағытындағы тәжірибесі шетелдік әріптестер тарапынан жоғары бағаланды.

Кездесу екі елдің құқық қорғау және сот органдары арасындағы өзара сенімнің жоғары деңгейін көрсетті.

Қол жеткізілген уағдаластықтар Қазақстан мен БАӘ азаматтарының мүддесі үшін трансшекаралық сот төрелігі тетіктерін одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді.

Соңғы үш жыл ішінде БАӘ Қазақстанға іздеуде жүрген 15 адамды тапсырды.

Қылмыскерлерді беру, қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету және инвесторлардың құқықтарын қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жалғасуда.

«Қазіргі заманда қылмыскер үшін қауіпсіз орын жоқ. Қазақстан барлық халықаралық серіктестерімен заң үстемдігі мен адам құқықтарын қорғау қағидаттары негізінде өзара іс-қимыл орнатуда», – деді Берік Асылов.

Прокуратура органдары халықаралық деңгейде Қазақстанның мүдделерін қорғау және ел ішінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жүйелі жұмыстарын жалғастырады.

 

Бас прокуратураның баспасөз қызметі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале