11.05.2022, 17:45
Оқылды: 419

Басшы-қосшы ауылдарға жиі ат басын бұруы тиіс

Өткен айда Бәйтерек ауданының тұрғындарымен облыс әкімі Ғали Есқалиев Переметный ауылында кездесті. Осы жиында Дариян ауылдық округіне қатысты мәселелер жиі көтерілді. Белсенді азаматтардың талап-тілегін мұқият тыңдаған облыс әкімі дарияндықтармен жуырда бөлек кездесетінін мәлімдеді. Кеше Ғали Есқалиев уәде бойынша ауылға келіп, округ тұрғындары баяндаған түйткілдер мен ауылдық елді мекендерді дамыту жайындағы ұсыныс-пікірлеріне қанық болды.

19

Алдымен сөз алған Дариян ауылының тыл ардагері, қоғамдық кеңес төрағасы Александр Старцев Приурал ауданын қайта құру туралы бастама көтерді. Орал қаласының солтүстік-шығыс беткейінде орналасқан ауылдық округтер 1935-1997 жылдары Приурал ауданының құрамында болған. Аудан орталығы Дариян елді мекені болғаны  мәлім. Әкімшілік аумақтық бөлініс кейін таратылып, оның аумағы бұрынғы Зеленов, қазіргі Бәйтерек ауданы әкімдігінің қарамағына берілген. Бәйтеректің бір ерекшелігі – оның аумағы облыс орталығын айналдыра қоршай орналасқан. Сол себепті солтүстік беткейдегі елді мекендердің тұрғындары Орал қаласын көктей өтуіне тура келеді. Әр түрлі жағдайда құжаттар рәсімдейтін кезде олар аудан орталығы – Переметный ауылына сабылады екен. Дарияндықтар аракідік бұрынғы Приурал ауданын қайтадан жандандыруды қолай көретінін жеткізген Александр Старцевке облыс әкімі Ғали Есқалиев арнайы жауап берді.

16

– Облыс тарихында бұған дейін аудан-ауылдарды оңтайландыру бірнеше мәрте жүргізілгені белгілі. Қазіргі уақытта да мемлекеттік аппарат құрамын және әкімшілік лауазымдарды қысқарту жүргізілуде. Менің бес орынбасарымның үшеуінің ғана штаттық бірлігі сақталады. Мемлекеттік саясаттың басты ұстанымы – шенеуніктер санын қысқарту. Сондықтан ауыл тұрғындары әлдебір қағазға қол қойдырту үшін аудан орталығындағы мекемелерге сабылып келіп, әуре-сарсаңға түспеуі тиіс. Керісінше, шенеуніктер осы жаққа келіп, құжат рәсімдеу жолын түсіндіріп, өздері қол қойып кетуі керек. Ал жаңа аумақтық-әкімшілік бөлініс құру мәселесін қарастыру менің құзырыма жатпайды. Облыста тағы бұрынғы екі ауданды қайтадан  алу  жөнінде  мәселе  көтеріп  жүргендер  баршылық. Қазақстан бойынша осындай мазмұндағы ұсыныс айтып жүргендер де жетіп артылады. Өңір жетекшісі ретінде жалпы бәйтеректік тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық мәселесін шешуге басым назар аударуды дұрыс деп санаймын. Кәсіпкерлік даму көрсеткіші жақсы ауылдарға тікелей қолдау көрсетеміз. Бәйтерек ауданының бірнеше елді мекенінде аутожолдар жөнделіп, су құбырының желісі жүргізіліп, білім және мәдениет ошақтары салынуда. Сөз түйініне келсек, біріншіден, елді мекендерді дамыту бағытында бөлінген бюджет қаражаты тиімді жұмсалуы тиіс. Екіншіден, аудан орталығының алыс болуына байланысты тұрғындар қолайсыздық сезінбеуі керек. Тұрғындар жиі жолығатын мекемелер – халыққа қызмет көрсету орталығы, жер қатынастары бөлімі,  сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімдері және тағы басқа құрылымдардың басшы-қосшылары ауылдық округтерге келіп, күні бойы қызмет көрсетуі тиіс. Аудан әкімінің орынбасары аптасына екі мәрте келіп, тұрғындар сұрағына жауап берсін. Мекемелер қызметін үйлестіру үшін арнайы комиссия құруды тапсырамын, – деді Ғали Есқалиев.

18

Облыс әкімімен кездесуде Дариян ауылдық округіндегі Озерный ауылының тұрғыны Самиғолла Жұмағалиев аталмыш кіреберіс аутожолды жөндеу және бала санының артуына байланысты жаңа мектеп салу мәселесін көтерді. Оған қоса озерныйлық азамат округ аумағындағы шағын көл жағалауына иелік етушілер көбейгенін, олар ауыл тұрғындарының малын суаруға кедергі келтіретінін айтты. Өңір жетекшісі Ғали Есқалиев аталған мәселелерді назарға алуды тиісті құрылым басшыларына тапсырды. Малға суат табу мәселесіне қатысты аудан әкімі Марат Тоқжанов кеңінен түсініктеме берді.

 

- Көл жағалауын ортақ пайдаланудан тыйым салуға ешкімнің құқы жоқ. Жер иеленушілер санитарлық-экологиялық қорғау аймағы ретінде су айдынынан 30-50 метр арақашықты сақтауы тиіс. Егер мал суаруға әдейі кедергі жасап жатқандар болса, жергілікті билік өкілдеріне немесе полиция бөліміне хабарласыңыз, – деді Марат Тоқжанов.

Дарияндықтар мал моласын салу мәселесі де ұзаққа созылып кеткенін айтты. Соған байланысты жауап берген ауылдық округтің әкімі Тілек Кәкенов жыл соңына дейін ветталапқа сай мал моласы салынатынын хабарлады. Кездесуге келген тұрғындар ауылды абаттандыру, күл-қоқысты тасымалдау, көшелерді жарықтандыру, елді мекендер атын ауыстыру мәселелерін тілге тиек етті. Дариян ауылының кейбір жастары бизнес ашу туралы сала мамандарынан нақты жауап ала алмай жүргендерін айтты.

17

– Кәсіпкерлікті қолау – ауыл әкімінің міндеті. Сондықтан жаңа қарқынмен жұмыс істеймін деп жалындап тұрған жастарға дер кезінде қолдау білдіру қажет. Қала маңындағы үлкен ауылдық округте бизнес саласына байланысты сауалдар туындап жатса, бұл бағытта түсіндіру іс-шаралары жөнді жүргізілмей келе жатқанының айғағы. Сондықтан жастар арасындағы жұмыссыздықты азайтуға, олардың кәсіпкер болуына жәрдемдесуге белсенді түрде атсалысуға міндеттісіздер, – деген Ғали Есқалиев жергілікті атқамінерлерге тұрғындар уәжін назардан тыс қалдырмай, нақты міндет-меже аясында белгіленген тапсырмаларды  уақтылы орындау керектігін ескертті.

15

Облыс басшысы Дариян ауылдық округіндегі бірнеше кәсіпкерлік нысанды аралап көрді. Ауыл орталығындағы шұжық цехы мен наубайхана басшылары облыс әкіміне өздерінің жұмыс жоспары жөнінде баяндады. Ғали Есқалиев мемлекеттік бағдарлама аясында қолдау тетіктерін қарастыратынын айтып, кәсіп иелеріне өз өнімдерін «Ел ырысы» агротауарлардың көтерме-бөлшек сауда  базарына тікелей жеткізіп, делдалсыз жолмен әрі бастапқы бағамен саттыққа қоюды ұсынды. Содан  кейін облыс әкімі Дарияндағы сумен жабдықтау нысанының құрылысымен танысты. Мердігер мекеменің өкілі Әлихан Камановтың айтуынша, өтпелі жоба аясында былтыр басталған 31 шақырым су құбырының құрылысы бірер айда аяқталады. Жоба құны – 1 146,8 млн теңге. Облыс басшысы құрылыс мердігері – «Алихан ойл» ЖШС-ның филиалын өңірде тіркету керектігін ескертіп, салық төлемін жергілікті бюджетке тездетіп аудару мақсатында жұмыстануды тапсырды. Ғали Есқалиев Трекин ауылдық округіне қарасты Жайық ауылының аумағында монша-сауықтыру кешені бар ойын-сауық саябағы мен жағажай салып жатқан инвестор жұмысымен танысып, жергілікті тұрғындарға арналған жұмыс орнын көбейтуге басымдық беруді ұсынды.

 

Нұртай Алтайұлы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале