23.05.2022, 11:00
Оқылды: 117

Батыс Қазақстан облыстық ардагерлер кеңесі төралқасының үндеуі

Батыс Қазақстан облыстық ардагерлер кеңесінің кеңейтілген төралқа отырысында Қазақстан Республикасы Конституциясына өзгертулер енгізу жөніндегі референдумды қолдау жайында бірауыздан шешім қабылданды. Мемлекет басшысының референдум өткізу жөніндегі бастамасы Ата заңымызда жазылған басты қағидаға негізделген.

6

Қазіргі Конституциямызда «Мемлекеттік биліктің бірден бір бастауы – халық» деп нақты атап көрсетілген. Ендеше, Ата заңымызға енгізілетін кез келген өзгерісті жалпыхалықтық референдум арқылы халықпен кеңесе отырып, заңмен бекітіп енгізу қоғамды демократиялық жағынан барынша жетілдіре дамытудың басты шарты болып табылады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алға қойған елімізді жаңарту және Жаңа Қазақстан құру міндеті халықтың жаппай белсенді қатысуы арқылы ғана жүзеге асады. Осы орайда ауқымды саяси, экономикалық және әлеуметтік реформалар қолға алынуда. Бұл маңызды қадамдарды толығымен жүзеге асыру үшін Конституциямызға өзгертулер енгізу қажет болғаны барша жұртқа аян. Бұл шаруа Президент немесе Парламент қана шешетін мәселе емес, еліміздің, халқымыздың айқын болашағын белгілейтіндіктен оған ел-жұрттың кеңінен қатыстырылуы заңды әрі демократиялық даму қағидатына толық сәйкес. Азаматтардың конституциялық құқын пайдаланып, мемлекетті басқаруға қатысуының адамзат қоғамы таңдаған тура жолы осы.

Олай болса, 5 маусымда дауыс беру учаскелеріне келіп, Конституцияға енгізілетін өзгертулер жайында азаматтық ұстанымымызды білдіру – әрқайсымыздың нақты парызымыз. Аталған өзгертулер халықтың мемлекеттік басқару ісіне белсене араласуына жол ашқалы тұр. Алдағы уақытта халық бір мандатты округтер бойынша Мәжіліс депутаттарын өздері таңдап сайлайды. Референдум нәтижесінде осынау халықтың қалауы, демократиялық үдерістер заң жүзінде бекітіледі.

Батыс Қазақстан облыстық ардагерлер кеңесінің төралқасы, өңірдегі 90 мыңнан астам зейнеткерлер атынан облыстың барлық сайлаушыларын демократиялық қағидаттарды қолдап, референдумда дауыс беруге шақырады.

Ортақ парыз-міндеттен шет қалмайық, әлеумет!

БҚО ардагерлер кеңесінің

төралқасы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале