26.05.2022, 15:15
Оқылды: 107

Батыс Қазақстанда қасқырдың малға шабуы жиілеп кетті

Батыс Қазақстан облысында қасқырдың малға шабуы жиілеп кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

6

Облыс орталығынан ең шалғайда орналасқан Бөкей ордасы ауданында қасқыр мал баққан шаруалар үшін бас ауыртар мәселеге айналды.

Хан ордасы ауылдық округіндегі «Береке» шаруа қожалығының басшысы Еркін Жабасовтың айтуынша, соңғы екі-үш жылда қасқыр ауланған жоқ. Соның салдарынан олардың саны көбейіп отыр.

«Қазіргі таңда малшыларда мылтық жоқ. Күн сайын бір бас малды «жаманауыз» әкетіп жатыр. Жыл сайын құлынның елу пайызы ит-құсқа жем болады. Бұрын қыста қаршанамен аулайтын еді, ол да тыйылды. Еңбегін төлеп, түз тағысын аулататын қасқыршы да жоқ қазір. Жиындарда осы мәселені айтудай-ақ айтып жүрміз, бірақ нәтиже жоқ», деді Е.Жабасов.

Ұялы ауылдық округінің әкімі Ерлан Ермекқалиевтің сөзіне қарағанда, соңғы он-он бес күнде қасқырдың малға ауыз салуы жиіледі.

Округте 62 шаруа қожалығы болса, солардан күніне 4-5 бас бұзауды жеп кетіп жатыр деген хабар түседі.

«Бір аңшыға үш қасқыр аулауға болады деген лимит бар, біздіңше, соның санын көбейту керек», деді ауыл әкімі.

БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы Арман Ізімғалиевтің мәлім еткеніндей, бір жылға 196 бас қасқырды аулауға лимит белгіленген. Күні бүгінге дейін Egov порталы арқылы 186 бас бөріні атуға рұқсат берілді. Енді биыл 10 бас қасқырды ғана атуға рұқсат қалды.

«Аңшыларда арнайы куәлігі, тіркелген мылтығы болуы керек. Әр аңшыға 3 қасқырды атуға рұқсат беріледі. Егер түз тағысының саны көбейсе, лимит саны келесі жылы артады», деді А.Ізімғалиев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда төрт адамға қасқыр шапқанын жазған болатынбыз.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале