22.07.2022, 13:00
Оқылды: 55

Батыс Қазақстанда коронавирус жұқтыру көрсеткіші 99,1 пайызға өсті

Батыс Қазақстан облысында шілде айында 207 адамнан коронавирус табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

9

БҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы Арман Қалибековтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, өткен аймен салыстырғанда, індет жұқтыру көрсеткіші 99,1 пайызға өсті (маусымда 4 науқас тіркелді).

Пандемия басталғаннан бері 49 794, биыл 9 797 адам сырқаттанды.

Арман Талғатұлының сөзіне қарағанда, инфекциялық стационарға түскендер саны да күрт артып келеді. Мысалы, 14 шілдеге дейін ауруханаларда 1 адам ем алса, бір аптаның ішінде науқастар саны 33-ке жетіп, 97 пайызға өсті.

Сонымен қатар КВИ-ге шалдыққан жағдайда балалар мен жүкті және екіқабат әйелдерге медициналық көмек көрсету мақсатында облыстық перинаталдық орталықтан, қалалық көпбейінді аурухананың босандыру бөлімінен және облыстық көпбейінді балалар ауруханасынан 32 төсек-орын қайта бейімделді.

Қазіргі таңда жансақтау бөлімінде жатқан ауыр науқастар жоқ. 165 адам амбулаторлық ем алуда.

Басқарма басшысының айтуынша, КВИ-ге қарсы күрестің ең тиімді әрі сенімді жолы вакцинация екендігі жалпыға мәлім. Облыс бойынша «Pfizer» компаниясы өндірген Comirnaty вакцинасының 1 500-ге жуық, қытайлық Vero Cell вакцинасының 50 мыңға жуық және отандық QazVac вакцинасының 12 мыңдай дозасы бар. Соның ішінде Comirnaty және Vero Cell вакциналары Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымымен (ДДҰ) мақұлданған.

Күні бүгін өңірде 278 186 адам (жоспардың 67,1 пайызы) І, 269 729-ы (65,1 пайызы) ІІ компонентпен егілді.

«Pfizer» компаниясының вакцинасын 20 215 адам алса, 456-сы – жүкті, 5 291-і – бала емізетін әйелдер, 6 511-і – жасөспірімдер, 16-сы – мүгедектер, 7 941-і – басқа санаттағылар.

Облыс бойынша 102 792 адам (51,3 пайыз) ревакцинациядан өтті. 6 443 адам (42,3 пайыз) қайта ревакцинация жасады.

«Ведомствоаралық комиссияда көтерілген тағы бір мәселе – ревакцинациялау. ҚР өңірлері рейтингісінде ревакцинация бойынша 17 аймақтың ішінен 15-орында тұрмыз. Бұл – басқа өңірлермен салыстырғанда, ревакцинациялау деңгейі айтарлықтай төмен деген сөз. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратына сәйкес ауырғандардың 89 пайызы – вакцина алмағандар немесе екпе алғаннан кейін алты айдан астам уақыт өткен адамдар. Министрлік ұсынысына сәйкес тұрғындар арасында ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін ревакцинациямен қамту деңгейі 65 пайыз болуы шарт. Сондықтан екі компонент алғаннан кейін алты ай мерзім өткен адамдар ревакцинациядан өтуі қажет. Ал ревакцинация алғаннан кейін алты ай өткендер қайта екпе алуы керек. ЖРВИ белгілері, ентігу, құрғақ жөтел пайда болып, иіс сезу жоғалған жағдайда бірден медициналық көмекке жүгінген дұрыс. Облыстың барлық емханаларында бетперде режимі, сүзгі кабинеті мен мобильді бригадалар жұмысы қалпына келтірілді», - деді А.Қалибеков.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да соңғы аптада коронавирус жұқтыру көрсеткіші 72 пайызға өскенін жазған едік.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале