11.03.2020, 17:39
Оқылды: 175

«Батыс су арнасында» еңбек етіп жүрген арулар

      «Батыс су арнасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 852 қызметкер еңбек етсе, оның 189-ы – нәзік жандылар. Кәсіпорындағы әйел адамдар өндірістің ең жауапты учаскелерінде бақылаушы, есепші, кассир, инженер, зертханашы, диспетчер, өндірістік орындарды жинаушы, құрылысшы, электромонтер, машинист-оператор сияқты түрлі мамандықтар бойынша қызмет етеді.

Наталья Николаевна Аверина кәріздік тазалау құрылыстарында тормен тазалаушы оператор болып 10 жылға жуық уақыт еңбек етеді. Кәріздік тазалау құрылыстары учаскесіндегі жұмыс ауыр, әрі зиянды еңбек түріне жатады. Соған қарамастан Наталья Николаевна аталған учаскеде үздіксіз, ұзақ уақыт адал жұмыс істеп келеді. 2019 жылдың желтоқсан айында ҚР Тәуелсіздік күніне орай «Құрылыс комплексі және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің «Елеулі еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Ұжымда сыйлы әріптес және ұл тәрбиелеп отырған ардақты ана.

Averina

Лариса Георгиевна Дмитриева абоненттік келісімшарт бөлімінде кәсіпорындармен жұмыс бойынша бақылаушы болып 20 жылдан бері қызмет істейді. Қаламыздың өндірістік кәсіпорындарының суды пайдалануына, олардың көрсетілген қызметтерге уақтылы төлем жүргізуіне, суды есептегіш құралдардың дұрыс пайдаланылуы және ақаусыз жұмыс жасауына бақылау жүргізу – Лариса Георгиевнаның тікелей міндеті.

Лариса Георгиевна әріптестері арасында сыйлы және оның жұмысқа деген жауапкершілігі мен адалдығы жас мамандар үшін үлгі. Сонымен қатар ол жастармен өзінің көп жылғы тәжірибесімен бөлісіп, үйретіп отырады.

Dmitrieva

 

Венера Ғалиахметқызы Амирова абоненттік келісімшарт бөлімінің филиалында оператор ретінде 2009 жылдан бері еңбек етіп келеді. Бұл филиал тұрғындарының саны жыл сайын көбейіп келе жатқан Зачаганск кентінде орналасқан. Венера Ғалиахметқызының жұмысы мен жауапкершілік деңгейін осыдан байқауға болады. Өйткені оператордың күнделікті жұмысы тұрғындардың суды есептегіш құралдарының жұмысы, көрсетілген қызметтер, төлем, берешектері бойынша туындаған сұрақтарды реттеуден ғана емес, аталмыш аудан бойынша өткізілген судың мөлшері сияқты өзекті мәселелерден тұрады.

Amirova

 

Жұлдыз Тілекқабылқызы Ерекешова 2011 жылы кәсіпорынның кеңсесіне  іс-жүргізуші  ретінде қабылданды, 2012 жылы сол кездегі кәсіпорын басшылығының шешімімен кәсіпорын есебінен сумен қамту және суды бұру саласына мамандар дайындау бағытында оқуға жолданатын қызметкерлер тізіміне еніп, 2012 жылы РФ Самара қаласындағы Самара мемлекеттік техникалық университетіне оқуға түсті. 2019 жылы сумен қамту мен суды бұру инженері мамандығын алып шықты. 2014 жылдан бастап кәсіпорынның Трекин ауылында орналасқан жер асты су тартқысы учаскесінде техник, 2019 жылдан бастап инженер-гидрогеолог ретінде еңбек етуде. Сонымен қатар Жұлдыз Тілекқабылқызы кәсіпорынның қоғамдық өміріне белсенді қатысады, әр кез ізденіс үстінде жүреді. Жаңашыл, бастамашыл, еңбекқор маман. Кәсіподақ комитетінің мүшесі, БҚО кәсіподақтар орталығы жанындағы Еңбекші әйелдер кеңесінің мүшесі.

Erekeshova

 

Гүлсара Камалетденқызы Аяуова кәсіпорында 23 жылдан бері еңбек етуде. Біздің ұжымдағы еңбек жолын 1997 жылы абоненттік келісімшарт бөлімінде бухгалтер-кассир болып бастап, 2005 жылы осы бөлімнің өнеркәсіп орындарымен жұмыс бойынша бухгалтері қызметіне ауысты. 2012 жылдан бері кәсіпорын бухгалтериясында бухгалтер ретінде қызмет етуде. Қазіргі күні кәсіпорын қызметкерлерінің еңбекақысының дұрыс есептеліп, уақтылы қызметкерлерге жетуі – Гүлсара Камалетденқызының тынымсыз еңбегінің нәтижесі.

Ол осы 23 жыл ішінде кәсіпорынның қоғамдық өміріне, түрлі мерекелерге орай өткізілетін мәдени-спорттық шараларға үнемі белсенді қатысып келеді. Кәсіподақ комитетінің белсенді мүшесі, кәсіпорындағы қызметкерлердің еңбек мүдделерін қорғау бойынша комиссиялардың мүшесі, адамгершілігімен осы азаматтық ұстанымдарына беріктігі үшін ұжымда сыйлы тұлға.

Ayauova

Любовь Александровна Ломакина 2009 жылы кәсіпорынға байланыс желісінің электромонтері болып жұмысқа қабылданды. 2012 жылы сол кездегі мекеме басшылығының шешімімен кәсіпорын есебінен сумен қамту және суды бұру саласына мамандар дайындау бағытында оқуға жолданатын қызметкерлер тізіміне еніп, 2012 РФ Самара қаласындағы Поволжье телекоммуникация және информатизация мемлекеттік университетіне оқуға түсті. 2016 жылы инфокоммуникациялық технологиялар мен байланыс жүйесі мамандығын алып шықты.

Өз ісін жаны сүйетін, әрқашан тың идеялар мен бастамаларға ұйытқы болып жүретін тынымсыз қызметкер.  Люба кәсіпорында өткізілетін кез келген мерекенің безендірілуі мен әдемі өтуі үшін жауап беретін шебер және кәсіпорындар арасындағы қалалық және ұжымдағы (үстел теннисі) спорттық сайыстардың жүлдегері.

 zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале