Дене мүшелерін трансплантациялау медицина саласының ең ірі жетістігі болып саналады. Бүгінде әлемнің озық мемлекеттерінде бұл ота жиі жасалады. Біздің елімізде де жүрек, бауыр, бүйрек, өкпе трансплантациясы сәтті жүргізіліп келеді. Жуырда Алматы қаласындағы А. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының дәрігерлері облыстық көпбейінді ауруханаға келіп, бауыр аурулары және оны трансплантациялау бойынша шеберлік сағатын өткізді.

Елімізде бауыр трансплантациясы 2010 жылдан бері жүргізіледі. Біздің өңірдің тоғыз тұрғыны Алматы қаласындағы А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығында бауырын ауыстырған. Бүгінде олар отбасының жанында, еңбек етіп жүр. Аталмыш орталықтың гепатолог-гастроэнтеролог дәрігері Бибігүл Ильясованың айтуынша, бауырдың барлық аурулары алғашқы кезеңде симптомсыз өтеді. Егер сырқатты дер кезінде анықтап, оған сәйкес терапияны қабылдаса, бауыр циррозы және гепатоцеллюлярлық карциноманы, яғни бауырдың бастапқы қатерлі ісігі секілді күрделі асқынулардың алдын алуға болады. Сондықтан бауыр сырқатының бар-жоғын анықтау мақсатында тексерістен өтіп тұрған абзал.

- А.Сызғанов атындағы Хирургия ғылыми орталығында ағзаларды алмастырып қондырудан бастап, кесіліп-бөлініп қалған аяқ-қолды тігіп, жандандыруға, сондай-ақ қан-тамырды емдеу оталары іске асырылады. Орал қаласына келудегі мақсатымыз – өңірдегі бауыры ауыратын науқастарға диагностикалық кеңес беріп, гепатитке шалдыққандарға генетикалық сараптама жүргізу. Бауыр ауруларын анықтау үшін ультрадыбыстық зерттеулер, биохимиялық қан талдауы, компьютерлік томография жүргізіледі. Кей жағдайда бауыр биопсиясын жасау керек.
Әсіресе, этиологиясы вирустық емес бауыр ауруларын анықтау кезінде бауыр биопсиясын жасау – «алтын стандарт». Сондай-ақ бауыр ауруының қаншалықты асқынғанын білу үшін эластометрия жасалынады. Бұл – бауырға биопсия сараптамасын жүзеге асырмай-ақ, фиброздың сатысын анықтауға мүмкіндік беретін зерттеу, - деді Бибігүл Сапарбекқызы.
503 науқастың бауыры зақымданған
Бауыр трансплантациясы –зақымдалған немесе қызметін тоқтатқан бауырды алып тастап, оны сау бауырға ауыстыру үшін жасалатын хирургиялық ота. Бұл ота әдетте бауыр ауруының соңғы сатысында, емделмейтін жағдайда ғана жасалады.

– Бауыр адам ағзасындағы қанды сүзгіден өткізіп, зиянды токсиндерді залалсыздандырады және қанның тазалығын қамтамасыз етеді. Дені сау адамның бауыры өзін-өзі тазалайды. Бірақ адам ағзасына түсетін токсиндердің мөлшері тым көп болса, бауыр өз қызметін атқарып үлгермейді. Осылай бауыр зақымдала бастайды. Мұны медицинада токсикалық гепатоз дейді. Сондай-ақ кез келген адам дәрігердің нұсқаулығынсыз дәрі ішпеуі қажет. Қан сұйылтатын, буын ауруларына қарсы ішетін, неврологияда қолданатын кейбір дәрілер бауырға өте зиян. Антибиотикті жиі тұтыну да аса қауіпті. Өйткені бауыр сырқатына шағымданғандардың дені сәл басы ауырса, цитрамон, аспирин ішуге дағдыланғандар. Бауыр циррозына алып келетін екінші фактор – спирттік ішімдік. Оның кесірінен созылмалы гепатит бірден бауыр циррозына айналады. Ал ағзадағы токсиндер адамның өмір сүру салтына және жұмыс орнына байланысты пайда болады. Мысалы, кейбірі сырлаушы, дәнекерлеуші немесе химиялық зауыттарда еңбек етуі мүмкін. Сол жердегі ауаны жұтқан адамның ағзасында токсиндер көп болады. Бауыр сырқатының алғашқы белгілеріне беймезгіл уақытта шаршау, әлсіздік, ұйқының қашуы, түнгі мезгілде дененің қышуы жатады. Денеге жара шықпай қышығанда көбі аллергия деп ойлайды. Сондықтан жиі тексеріліп тұру қажет. Облыста 503 науқас бауыр циррозына, 3323 тұрғын вирусты гепатитке шалдыққан. Бауыр циррозымен ауыратындардың дені өмірден түңіліп жатады. Ал науқастың көңіл күйі мен өмірге деген құлшынысы болмаса, дерт өрши бастайды. Дәрігер ретінде айтқым келетіні, әр аурудың емі бар. Ең бастысы, ауруды асқындырмауға тырысу керек, – деді облыстық көпбейінді ауруханадағы №1 терапия бөлімінің меңгерушісі, облыстың штаттан тыс бас гастроэнтерологы Гүлнара Мұқанова.
«Шөппен шаю» әдісі
Бауыр зақымдалғанда бас себепсіз жиі ауырып, оң жақ қабырға астынан ауырсыну сезіледі. Үлкен дәреті жиі қатады. Терісі сарғыш немесе жер түстес бола бастайды. Сондай-ақ көз қарашығының айналасы сарғыш тартады, кейде жүрегі айнып, адамның құсқысы келеді.
Жиі кекіру, іш кебуі, ауыздан темір иісін немесе ащы дәм сезіну де бауырдағы қалыпсыздықтан хабар береді. Міне, осы аталған белгілер білінсе, дәрігерге көрініп, тексерілген абзал. Бауырды емдік шөптер арқылы да тазартуға болады. Мөлшерін салмағыңызға байланысты дәрігермен кеңесіңіз.
Бауырды тазартуда сізге мынадай шөптер көмекші бола алады: салаубас (бессмертник), бақбақ, жусан, жүгері шашағы, сүйелшөп (чистотел), жалбыз, итмұрын, мыңжапырақ (тысячелистник), цикорий, қалақай, жолжелкен. Бұлардың өт қуатын қасиеті бар, оған қоса әрқайсысы бауырдың әр бөлігіне өзіндік әсерін тигізеді. Сондықтан оларды кезегімен немесе бәрінен араласқан тұнба жасап қолдануға болады. Сонда бауыр толық әрі жан-жақты тазаланады. Бұлардың ішіндегі ең мықтысы – салаубас (бессмертник).
Тұнбаны былай әзірлейді: ыдысқа әр шөптен (кептірілген, уақталған) бірдей мөлшерде салып, араластырасыз. Сосын уақталған шөптерді термосқа ас қасықпен 3-4 мәрте салып, үстінен жарты литр қайнаған су құясыз. Бұл – бір күндік мөлшер. Ішу тәртібіне тоқталсақ, 1 стакан тұнбаны таңертең жылы күйде, екіншісін ұйқыға жатар алдында ішіңіз. Осы әдісті бір ай бойы қайталаңыз. Бұл шөптердің бәрін қоспай, әрқайсысын жеке ішуге де болады. Бірақ кезегімен ішіңіз, қайсысы жақсырақ әсер етіп жатқанын аңғарып, ой түйіңіз. Тұнбаны қолданғанда сіз күн сайын әжетханаға барасыз. Сонда ішіңізден токсинмен бірге қақтың түр-түрі шығады. Егер шөп шайдың дәмі ащы болса, оған бір шай қасық бал қосуыңызға болады. Қант қоспаңыз. Бауырды бұлайша тазартуды, жоғарыда көрсетілгендей, бір ай бойы жүргізесіз. Сосын үзіліс жасайсыз. Тазарту жылына 1-2 мәртеден аспағаны дұрыс.
Гүлсезім Бияшева,
zhaikpress.kz