27.09.2023, 19:36
Оқылды: 106

Бекзат бабына енді

Бірінші лига командалары арасындағы ел чемпионатының 27-ші турын өз алаңында өткізген «Ақжайық» алматылық «Жас Қыран» командасынан басым түсті.

c0b71d81-ea0e-4a34-81b0-7aba87223803

Осыған дейін оңтүстік астанада өткен матчта 4-0 есебімен есе жіберген оралдық футболшылар өз алаңында қалай да есе қайтаруды ойлады. Алғашқы ойын нәтижесі кездейсоқ болмағанын дәлелдегісі келген «Жас қыран» футболшылары ойын басында тегеурінді қарсылық көрсетті.

1b5b4dfc-662d-4421-b821-64588eee7738

Бірақ Радион Сямук қорғаған «Ақжайық» қақпасына қауіп төндіре алмады. Өйткені орталық алаңды Денис Яскович пен Максим Гладченко, қорғанысты Мирам Сапанов пе оралдық жас талант Роман Божко өз қарамағына алды. Матч басында шабуылдан түк шықпайтынын түсінген алматылық ұжым бақытын қарымта шабуылдан іздемек болып еді. Бақдәулет Көңілімқос пен Мұқағали Пангерей, Бекзат Иманғазеев пен Микола Агапов қонақ команданың ойын жүзеге асыруға мүмкіндік бермеді. Толассыз шабуылдардың бірінде Мұқағали Пангерей сол қапталдан ашыла білген Бекзат Иманғазеевке сұңғыла пас шығарды. Сол аяғына келген он пастың тоғызын голға айналдыратын Бекзат қақпа алдында мүлт кетпеді. Қақырата теуіп, алаң иелерін алға шығарды.

f6c2110c-af59-4c66-b803-9eea0f35dc8f

Одан кейін де гол соғатын біраз мүмкіндік болғанымен «Ақжайық» ойыншыларына сәттілік жетіспеді. Екінші таймда алаңға Ваагн Айрапетян мен тағы бір жергілікті жас ойыншы Роман Чирков шықты. Бірі Денисті енді бірі Мұқашты жоқтатпаған қос футболшы қонақ команда қорғанысының құтын қашырды. Тегеуріні қатты «Ақжайық» ойыншыларын тоқтатудың басқа амалын таппаған алматылықтар өз алаңында ереже бұзып, төреше пенальти белгіледі. Оны сәтті орындаған Микола Агапов қорытынды есепті белгіледі. 2-0 «Ақжайық» кезекті үш ұпайын қанжығалап, астаналық «Жеңісті» өкшелей түсті. Премьер лигаға берілер үшінші жолдаманың тағдыры маусым соңында бір-ақ шешілетін секілді. Сол себепті Бауыржан мен оның командасы соңғы демі қалғанша айқасуға бел буып отыр.

f12ef009-a586-42b0-b4d9-1e88adf8df47

Айта кететін тағы бір жайт соңғы екі ойында екі голдық пас беріп, үш мәрте қарсылас қақпасын дәл көздеген жас талант Бекзат Иманғазеевтің ойынына жан бітті. Оралдық оғланның ойқастай түскені қалың жанкүйерді қуантуда. Басқа жігіттер жинақталса игі еді.

Түгелбай Бисен,

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале