7.06.2021, 17:39
Оқылды: 272

Бес инвестжоба қолдау тапты

Бүгін облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен өткен инвестициялар тарту, инвестициялық ахуалды жақсарту және экспортты ілгерілету бойынша өңірлік кеңестің кезекті отырысында ауқымды бес жоба мақұлданды.

A45A4760-935A-418E-9738-085024995A74

Онлайн форматта өткен кеңесте алдымен «Кайнар-Акб» ЖШС ұсынған аккумулятор батареяларын өндіретін зауыттың жобасы таныстырылды. Аталған кәсіпорын бас директорының орынбасары Тұрар Жолмағамбетовтың айтуынша, бұл жабаның жалпы құны 40 млн. АҚШ долларын құрамақ. Жылына 1,2 млн. дана аккумулятор батареяларын өндіруге қауқарлы зауыт 300 адамды тұрақты жұмыспен қамтитын болады. Шикізаттан бастап дайын аккумулятор өндіретін зауыттың өнімі Еуро Одақ елдеріне, Ресей мен Кавказға экспортталады деп жоспарланған. Қуаттылығы жоғары зауытта аккумулятордың Kainar. Unikum. Bars. Nonad. Вожак секілді танымал түрлері шығарылмақ. Тың жобамен таныстырған кәсіпорын өкілі қала аумағынан жер телімін бөлуді, оған темір жол желісі, су, газ, кәріз жүйесі секілді инфрақұрылымды жеткізіп беруді сұрады.

DF2E9DA8-5C05-44D4-B87F-0C7AB78063D4

Аталған жобаны кеңес мүшелері бір ауыздан қолдап, облыс әкімі мен «Кайнар-Акб» ЖШС бас директоры Серікбай Әжмағамбетов екі жақты меморандумға қол қойды.

DAC747D8-2F07-4E7E-844C-0651D23F3CB6

Александр Ким жетекшілік ететін «Dariyn Pro Invest Group» компаниясы Орал қаласындағы ескі спирт зауытының аумағынан өңірдегі кәсіпкерлікті дамыта түсетін өндіріс базасын жасақтауға ниетті. Бұл компания сонымен қатар еліміздің ішкі нарығындағы және алыс-жақын шет мемлеттердер арасындағы сауда-саттық қарым-қатынасты дамыта түсуді көздеп отыр. Алдағы екі жыл ішінде 500 млн. теңге инвестиция тартады деп жоспарланған өндіріс базасы кем дегенде 40 шақты адамды жұмыспен қамтымақ. Облыс орталығынан 5 шақырым қашықтықтағы 9 гектардай қоршалған жерде 20 мың шаршы метрдей өндіріс алаңқайлары жасақталмақ. Бұл жерден бой көтеретін  қоймалар мен сауда орындары, кеңсе ғимараттары келушілерге жалға берілмек. Кәсіпорын өндіріс базасы аумағынан жылыжай салып, онда өсірілген жеміс- жидекті өңдеп, кептіретін орын салуды да өз жоспарларына енгізген.

Ал «SRPM Resources Ltd» ЖШС Ақжайық ауданындағы Сатимола және Теректі ауданынан қарасты Шалқар кен орындары маңынан калий тыңайтқышын өндіретін зауыт салу жөніндегі инвест жобасын ұсынды. Аталған кәсіпорын бұл жобаға өз қаражаты есебінен 436 млрд. теңге қаржы құймақ. Зауыт салынып, толық қуатты жұмыс жасағанда жылына 4,7 млн. тонна калий тыңайтқышын өндіретін болады. Сонымен қатар кәсіпорынан 1300-ден астам жұмыс орынын ашу көзделуде. Серіктестік инвестициялық жобаларын жүзеге асыру үшін аталған аудандар аумағынан жер телімін бөлуді сұрады.

Кеңес мүшелері назарына ұсынылған келесі жоба – Орал қаласынан «DiVera» момология және аллергология бағытында емдейтін медициналық орталығын салу. Бұл жобаны «КДЛ ОЛИМП» ЖШС ұсынды. Аталған серіктестік бұған дейін Қарағанды, Атырау, Шымкент, Ақтөбе, Талдықорған өңірлерінен дәл осындай емдеу орталықтарын іске қосқан. Шаһардағы «Алтын ғасыр» мейрамханасын медициналық орталық ретінде қайта жабдықтау жұмыстарына 30 адам, ал пайдаланылуға берген кезде 50 маман жұмыспен қамтылмақ. Бұл медициналық орталық әйел адамдардағы сүт безі ауруларын ерте анықтауға, аллергиялық дерттерді емдеуге, сол арқылы халықты басқа қалаларға сабылтпай, жергілікті жерден сапалы қызмет көрсетуді көздейді.

Сонымен қатар басқосуда Орал қаласындағы «Куксов» жеке кәсіпкерлігі Шалқар көлі жағасынан туристік демалыс орынын жасақтау жобасымен таныстырды. Бұл бағытқа кәсіпкер 3 млрд. теңге өз қаражатын жұмсауға ниетті. Бес жылға есептелген инвест жоба аясында көл жағасынан демалыс орындарын салынып, киіз үйлер мен заманауи шатырлар тігілмекші. Сонымен қатар көлге шабақтар жіберу арқылы балық шаруашылығын дамытуды жоспарлауда.

-Бүгінгі аймақтық кеңес отырысына жалпы құны 458 млрд. теңгені құрайтын бес жоба ұсынылды. Бұл инвест жобалар сәтті жүзеге асырылған жағдайда екі мыңнан астам жұмыс орыны ашылатын болады. Ауыл шаруашылығын өркендету, машина жасау саласын жетілдіре түсу, туризмді дамыту, миниралды тыңайтқыштар өндіру секілді жобалар біздің өңір үшін өте маңызды. Сондықтан аталған инвестжобалардың барлығын жан-жақты қолдайтын боламыз,-деді Ғали Есқалиев.

Сонымен қатар аймақтық кеңес отырысында өткен жылдары қолдау тауып, бірақ күні бүгінге дейін өз жұмыстарын тиісті деңгейде орындамай отырған инвесторларға ескертулер берілді.

Нұрбек Оразаев,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале