Қарапайым ұстаздықтан басшылық дәрежесіне дейін көтеріліп, осы салада отыз екі жылға жуық абыройлы еңбек етіп келе жатқан Ләззат Қастуғанова – көпке тәжірибелі ұстаз, білікті басшы ретінде жақсы таныс. Бүгінде ол – Орал қаласындағы №26 жалпы орта білім беретін мектептің директоры.
Бала кезінен ұстаз болуды армандаған Ләззат Құрманбекқызы 1965 жылы 8 ақпанда Шымкент облысының Созақ ауданындағы «Құмкент» совхозында көп балалы отбасында бесінші перзент болып дүниеге келген. 1972-1982 жылдары Жамбыл облысының Жаңатас қаласында М. Әуезов атындағы орта мектепті, 1983-1986 жылдары Алматы қаласындағы кинотехникумда оқып, киноинженер мамандығын алып шығады. 1987-1992 жылдары А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтта қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі мамандығы бойынша білім алды. Ең алғашқы еңбек жолын 1992 жылы қалалық Гагарин атындағы балалар кинотеатрында педагог-ұйымдастырушыдан бастайды.
2006 жылдан бастап №26 мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі болып, шәкірттерге сабақ
бере бастайды. Ол өзінің іскерлігі мен ізденімпаздығының нәтижесінде педагог-зерттеуші маман атанды.
2010-2020 жылдар аралығында №26 орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып, қалалық білім бөлімінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
Ләззат Құрманбекқызы 2020 жылдан бүгінгі күнге дейін дәл осы №26 орта мектептің директоры қызметін абыроймен атқарып келеді. Осы жылдар аралығында ұйымдастырушы-басшы көптеген жетістікке жетті.
2020 жылы білім беру ұйымдарының педагогтері мен білім алушылары арасында өткен «Білім беру ісінің үздігі – 2020» атты республикалық байқауда жеңімпаз атанып, І дәрежелі дипломмен, сондай-ақ «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының БҚО ұйымы» қоғамдық бірлестігі Орал қалалық комитеті филиалының Құрмет грамотасымен марапатталды.
2023 жылы Ләззат Қастуғанованың мектеп басшысы ретінде атқарған үш жылдық еңбегі жоғары бағаланып, «Ұйымдастырушы-басшы» санатын иеленді. Ол – шын мәнінде, өз білімі мен кәсіби шеберлігін шыңдауда шығармашылықпен іздене білетін ұйымдастырушыбасшы. Әрдайым өзіне де, ұжымға да, оқушыға да
орынды талап қоя біледі. Мектептің дамуына, педагогтердің шығармашылықпен айналысуына толық жағдай жасады. Педагог басшының бойындағы қайырымдылық, кішіпейілділік, еңбекқорлық, жауапкершілік, талапшылдық қасиеттері әріптестер арасында ұстаз әрі басшы беделін ерекшелеп, сыйластық орнатты.
Ол – отбасында жұбайымен бірге екі қыз, бір ұл өсірген бақытты ана. Бүгіндері ұлын ұяға, қыздарын қияға қондырып, жиен сүйіп, немере күтіп жүрген әже.
Білікті басшы, ұлағатты ұстаз Ләззат Құрманбекқызы ел болашағын жас буынды тәрбиелеуде тынымсыз еңбектеніп келеді. Білім сапасының артуына, мектептің материалдық әлеуетінің көтерілуіне үлес қосып жүрген жаңашыл басшыны мектеп ұжымы мақтан етеді.
Ақмарал Нәбиева,
№26 орта мектеп директорының әдістеме ісі жөніндегі орынбасары,
ІІІ санатты педагог-зерттеуші,
Орал қаласы