13.12.2022, 12:50
Оқылды: 109

Биыл облыста 19 білім беру нысанын күрделі жөндеуден өткізу үшін қаражат бөлінген

Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов облыстағы Балалар жылының өтуі туралы баяндады.

9624E6FB-AD44-4554-A1C8-3F8C4AFDC2A4

«2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялау туралы Мемлекет басшысының Жарлығы қабылданып, осыған сәйкес жыл аясында атқарылатын іс-шаралар жоспары ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілді. Облыс бойынша да жыл аясында атқарылатын шаралардың жоспары жасақталды. Іс-шаралар балалардың сапалы білім алуы үшін жағдай жасауға, олардың денсаулығы мен қауіпсіздігі, ерекше білімді қажет ететін балаларды қолдауға, балалардың арасында спорт пен салауатты өмір салтын насихаттауға, шығармашылықты дамытуға бағытталды. Облыста 219 мыңнан астам бала бар. Сонымен қатар Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен еліміздің барлық облыстарында балалар құқығы бойынша Уәкілі енгізілді», - деді Бақытжан Хаберұлы.

БҚО-да биылғы жылы әлеуметтік саладағы мекемелердің инфрақұрылымын жақсарту бағытында көптеген шаралар атқарылған.

«Ағымдағы жылы Бәйтерек ауданы Жамбыл ауылында 308 орындық және Щапов ауылында 420 орындық, Орал қаласында 300 орындық, Казталов ауданы, Сарықұдық ауылында 60 орындық мектептердің құрылыс жұмыстары аяқталды. Жеке инвестор есебінен 1 мектеп ашылды. Шағын жинақты мектептердің мәселесін шешу мақсатында ағымдағы жылы облыс әкімдігі тапсырмасына сәйкес 16 мектептің жобалау-сметалық құжаттамалары жасақталды. Олардың 15-і КПО б.в. компаниясының әлеуметтік міндеттемелері шеңберінде, 1-і төтенше жағдайлар салдарынан бұзылған мектептің орнына салынады. Қазіргі таңда 2 мектептің құрылыс жұмыстары басталды (Теректі ауданы Пойма ауылында 108 орындық, Қаратөбе ауданы Шалғын ауылында 60 орындық мектеп), қалған 14-і бойынша мердігерді анықтауға конкурс өткізілуде. Сонымен қатар, облыс бойынша «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы аясында қуаттылығы 18 000 орындық 18 мектептің, оның ішінде қалада 14 700 орындық 13 мектеп, ауылда 3 300 орындық 5 мектептің құрылысы 2023 жылдан бастап жүргізіледі», - деді Бақытжан Нарымбетов.

Батыс Қазақстан облысы әкімі орынбасарының мәлімдеуінше, жаңа мектептерде оқушылар мен педагогтар үшін барлық жағдай жасалатын болады. Бастауыш және жоғары сынаптар үшін бөлек блоктар қарастырылып, жаңа үлгідегі жиһаздар, яғни трансформер парталар мен пән кабинеттері, әмбебап акт залы, қауіпсіздік шараларымен толық қамтылады. Спортпен шұғылдануға, сабақтан бос уақытта демалатын және кітап оқуға, шығармашылықты дамытуға арналған бұрыштармен жабдықталады. Педагогтар үшін кабинеттер, кәсіптік аймақтар, қосымша оқуға немесе кеңестер өткізуге арналған залдар, әр кабинетте интернетке бөлек қосылған компьютерлер болады.

Биыл жалпы облыста 19 білім беру нысанын күрделі жөндеуден өткізу үшін қаражат бөлінген.

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале