1.04.2021, 12:02
Оқылды: 259

Биыл жазда оралдықтар судан тапшылық көрмеуі тиіс

Орал қаласының тұрғындары өткен жылдан бастап су тапшы­лығын сезіне бастады. Бұған облыс орталығында халық саны арт­уы және соңғы кезде Жайық өзенінің деңгейі төмендеуі де се­беп болған.
Қала тұрғындары әсіресе жаз мезгілінде ауыз судан таршылық көруде. Осы мәселе төңірегінде өткен жиындарда облыс әкімі Ғали Есқалиев тұрғындарды ауыз сумен қамтудың жаңа жолын қарауды тапсырған болатын. Бүгінде аталған түйіткілдің түйінін шешу жөнінде жоспар жасалып, қаражат та қарастырылған.

  IMG-20210401-WA0020

Сейсенбі күні Ғали Есқалиев Тасқала топтық су құбыры мекемесінде болып, шаһардың кәріз жүйесін жөндеу жұмыстарын көрді. Кейін «Батыс су арнасы» ЖШС-да өңір басшысының қатысуымен жиын өтіп, қала тұрғындарын ауыз сумен қамту жобалары талқыланды.

- Орал қаласын жаз мезгілінде ауыз­сумен қамтамасыз ету мәсе­лесі бойынша бірнеше кеңес өт­кіз­ілген болатын. Осы салада бол­ған кем­ші­ліктерді алдағы уа­қыт­та қай­таламау, келешекте тұр­ғын­дарды ауызсумен үздіксіз қам­та­масыз ету үшін тиісті шаралар қолға алынуда. Орал қаласы қазір ауызсуды екі көзден – Жайық өзеніндегі су таза­­ла­ғыш қондырғыдан және Тре­кин ауы­­лы маңындағы жер­ас­ты су көзінен алып отыр. Жайықтағы қондырғы 1963 жылы іске қосылған, тәулігіне 30 мың текшеметр су алатын қуаты бар. Ал Трекин ауылындағы жерас­ты су көзі қондырғысы – 1973 жылдан бері қолданыста. Ол жер­­­ден тәулігіне 26 мың текшеметр су алудамыз. Облыс орталығының солтүстік аймағының өсуі және Ақжайық шағын ауданының құрылысы басталуына байланысты алдағы уақытта қаланың су тұтынуы 25 мың текше метрге артқалы отыр, - деді Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков.

IMG-20210401-WA0022

Шаһар басшысының айтуынша, қала тұрғындары тәулігіне 70 мың текше метр су тұтынады екен. Оның 30 мың текше метрін Орал өзені, 28 600 мекше метрін жерасты су көздері қондырғылары қамтиды. Ал ауыз судың жеткіліксіз мөлшері - 11 400 текше метрді құрап отыр. Үш жылдық орташа есеппен су жетіспеушілігі маусым шілде, тамыз айларында қатты байқалуда. Осы қажеттілікті жою мақсатында Орал жер асты су көздерінен қосымша алты ұңғыма қазу жоспарланған. Жалпы құны 466 миллион теңгені құрайтын бұл жобаның құжаттары мемлекеттік сараптамадан өткен. Алдағы мамыр айында байқау шарттары онындалып, мердігер компания анықталған соң ұңғыма қазу жұмыстары басталмақ. Сонымен қатар 30 ұңғымасы бар Трекин ауылындағы жерас­ты су көзінен қосымша бес ұңғыма қазу үшін конкурс жарияланған. Ал Орал жер асты суы көзінен су айдайтын 18 ұңғыма бүгінде толық қуатта жұмыс жасамай тұр. Ол жерден тәулігіне 65 мың текше метр су алыну керек болса, бүгінгі тәуліктік көрсеткіш 22 мың текше метрді ғана құрап отыр. Аталған 18 ұңғыманың екеуі өткен жылдың желтоқсан айында жөндеуден өткен. Қалған 16 ұңғыманы жөндеуге конкурс жарияланған. Бұл жұмыстар толықтай атқарылған кезде қосымша тәулігіне 20 мың текше метрге жуық су алынбақ. Сол ұңғымаларға жаңадан су сорғылар алу үшін де байқау жарияланған. Бұл мақсатқа 116 миллон теңге қаражат бөлінген.

IMG-20210401-WA0019

- Тасқала топтық су құбыры мекемесін коммуналдық меншікке алу жөнінде тапсырма берілген болатын. Өткен жылдың желтоқсан айында аталған мекеме облыстың коммуналдық меншігіне алынды. Жыл басында мекеме «Казводхоз» мекемесіне сенімгерлік басқаруға берілді. Осы су құбыры арқылы Зашаған кентіне қосымша бір мың текше метр су алуға мүмкіндік жасалды. Ол үшін былтырғы жылы бір ұңғыма қазылған. Биылғы жылдың мамыр айында қосымша екі ұңғыма қазу көзделуде. Бұл жұмыстар жүзеге асқан жағдайда Зашаған кентіне берілетін судың мөлшері тәулігіне 2,5 мың текше метрге жетпек. Сонымен қатар Тасқала топтық су құбыры қайта жаңғыртуды қажет етіп отыр. Бұл жұмыстарға да мемлекеттік конкурс жарияланды. Мамыр айында мердігер компания анықталып, жыл соңына дейін жаңғырту жұмыстары аяқталмақ. Бұл жерде Балаған-Зашаған, Переметный-Балаған аралығындағы су құбырларын жаңарту, екі су жинағышты жаңарту, қосымша 15 су ұңғымасын қазу жұмыстары жүргізіледі, - деді шаһар басшысы.

IMG-20210401-WA0024

Қала әкімі өз баяндамасында су тұтыну көлемін үнемдеу жобасына да тоқталып өтті. Бұл бағытта шаһардағы автокөлік жуу орындары тексетілген. Қалада 70 көлік жуу орны болса, соның тек үшеуі көлік жуған суды тазартып, қайта пайдаланатыны анықталған. Жүргізілген тексерістен соң сегіз көлік жуу орындары су тазартқыш құрылғысын орнатқан. Қалған кәсіпкерлерге ескертулер берілген. Ауыз суды тиімді падалануды қадағалау бойынша 5206 жеке тұлғаларға және 218 заңды тұлғалар тексерілген. Олардың қатарында 27 сауна, 70 көлік жуу, 84 тамақтану мен 37 өндіріс орны бар. Жүргізілген тексеріс нәтижесінде суды тиімсіз пайдаланудың 76 дерегі анықталып, оның 47-сі қалыпқа келтірілген. Суды есептегішсіз пайдаланған 50 дерек анықталған. Сондай-ақ 39 заңды тұлғаға 22,7 млн. теңге, 97 жеке тұлғаға 25,5 млн. теңге айыппұл салынған.

IMG-20210401-WA0026

- Орал қаласын сумен үздіксіз қамту мақсатында бірқатар жұмыстардың атқарылғандығына куә болудамыз. Биылғы жазда қала тұрғындары судан тапшылық көрмеуі тиіс. Ол үшін басталған жұмыстарды уақытылы және сапалы атқару керек. Судың мақсатсыз жұмсалуын да қатаң бақылау қажет. Ресторандар мен көлік жуу орындарынан шыққан сулар кәріз жүйесін бітеп тастап, істен шығаруда. Кәсіпкерлерден қатты қалдықтар мен  майларды сүзіп, ұстап қалатын құрылғылар қоюды қатаң талап етуіміз керек. Таза ауыз судан таршылық көрмеуіміз үшін тіршілік көзін барынша тиімді пайдалауымыз қажет. Осы мәселені өңірдің әр тұрғыны естен шығармаса екен, - деді жиынды қорытындылаған облыс әкімі Ғали Есқалиев.

 

Нұрбек Оразаев,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале