8.10.2021, 17:08
Оқылды: 322

БҚАТУ-да жылқы шаруашылығы мамандары бас қосты

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде «Жылқы шаруашылығындағы технологиялар» тақырыбында семинар өтуде.

DSC02412

 

Бұл іс-шара Ұлттық аграрлық ғылыми білім беру орталығы мен Жәңгір хан атындағы БҚАТУ арасындағы келісімшартқа сәйкес ауыл шаруашылығы кәсіпорындары, шаруа қожалықтары мамандарының біліктілігін арттыруға бағытталды. Бүгін малдың патшасы саналатын түлікпен жұмыстанатын шаруалар мен мамандардан құралған 25 адам Жәңгір хан университетіндегі «AGROTECH HUB» жобалық кеңсесі ұйымдастырған жиында бас қосты.

Жобалық кеңсе жетекшісі, PhD докторы Дархан Смағұлов атап өткендей, семинарға Батыс Қазақстан облысынан өзге Атырау және Ақтөбе өңірлерінен Көшім жылқысын өсірумен көп жылдан бері айналысып келе жатқан ірі шаруа қожалықтарының өкілдері, осы салада енді жұмысын бастаған шаруалар қатысуда. Сонымен бірге Павлодар және Нұр-Сұлтан қалаларынан мамандар онлайн форматта тыңдаушылар қатарына қосылды.

Семинар барысында белгілі ғалым, ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты Алтай Зинуллин, университеттегі «Сынау орталығының» директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, биология ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор Индира Бейшова, «Сынау орталығының» зертхана меңгерушісі Александр Ковальчук жылқы тұқымын таңдау, оларды өсіру әдістері, сұрыптау және жұптау қағидалары, асылдандыру есебін жүргізу, бағалау мәселелері, сонымен қатар жылқының тұқымына генетикалық зерттеу жүргізу, ортақ базамен жұмыстану туралы баяндап, қатысушыларға қажетті ақпараттармен бөлісті. Ал күннің екінші жартысында семинардың тәжірибелік бөлімі «Көшім» ауылдық округіндегі жылқы шаруашылығымен айналысатын «Рысжан» шаруа қожалығында жалғасты. Семинар соңында қатысушыларға арнайы сертификаттар беріледі.

Бұл салада жұмысын енді бастаған атыраулық Әли Саматұлы өзі үшін бұл іс-шараның маңызы зор болғанын айтты.

– Оралдағы осы жоғары оқу орнында жылқының ата тегін анықтайтын зертхана бар екенін білдік. Бұл бізге асыл тұқымды жылқылар сатып алар кезде көп көмегін тигізері сөзсіз,  – дейді семинар қатысушысы.

2021-10-08 at 16.48.31

«AGROTECH HUB» жобалық кеңсесінің жетекшісі Дархан Бақытбекұлы мал және балық шаруашылығы саласындағы мамандардың біліктіліктерін жетілдіруге бағытталған мұндай семинарлар алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізді. Тағы бір айта кетерлігі, БҚАТУ-дың «Ветеринарлық медицина және мал шаруашылығы институтындағы» Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы жоғары мектебінде жылқы шаруашылығы бойынша дәрістер оқытылады. Сонымен бірге университеттің «Ғылым басқармасындағы» Сынау орталығының құрамында генетикалық мамандандырылған зертхана жұмыс жасайды.

БҚАТУ медиа-орталығы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале