22.06.2020, 16:01
Оқылды: 75

БҚО әкімі Ғали Есқалиев құрылыс саласындағы мердігер компаниялардың басшыларымен және техникалық бақылау мамандарымен кездесті

 Облыс әкімі Ғали Есқалиев пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы Рүстем Ақмырзаев құрылыс саласындағы мердігер компаниялар басшыларымен және техникалық бақылау қызметкерлерімен кездесті.

3B0BC9C4-FA7E-41AD-9FC2-513BD3F6723A

– Биыл облыстық және аудандық маңызы бар 333 шақырым автожолдар құрылысына 30 миллиард теңге бөлінді. Бұрын мұндай қомақты қаражат бөлінбеген. Ең басты мақсат – бюджет қаражатын уақтылы игеру, автожолдары қайта жаңғырту немесе күрделі жөндеу. Жобалық-сметалық құжаттамалардың сапасыз дайындалуы, техникалық бақылау мамандарының жауапсыздығы секілді құрылыстың жүргізілуіне кері әсерін тигізетін мәселелермен қатар, мемлекеттік қызметкерлердің пара беруге итермелейтіні де анықталып отыр. Елде карантин режимінің енгізілуі нәтижесінде мердігерлердің ішінде жергілікті компаниялардың үлесі 90 пайыздан асты. Сондықтан осы жерде жұмыс істейтін, құрылыс жобасын аяқтаған соң өңірде тұрақтап қалатын компания өкілісіздер. «Осы автожолды мен салдым» деп ұялмай айтатындай деңгейде қызмет атқару керек. Қала аумағы мен аудандарда жұмыс сапарымен жүріп, автожолдардың өте нашар салынғанын байқаймын. Алдымен, құрылыс жобасын тиянақты дайындау керек. Басы артық бөлінген қаражатты үнемдеп, басқа нысандар құрылысына жұмсаймыз. Кейбір жобалар әуел бастан ақсап жатады. Мәселен, қаладағы бір автожол құрылысында арық салу қарастырылған. Тексере келе, арық тартатын жердің жоқтығы анықталды. Бұл жағдайды техникалық бақылау қызметкері қадағаламаған. Жобалық-сметалық құжаттаманы басқа қаладағы маман дайындаған. Мердігерлер жобалаушылармен аптасына бір мәрте кездесіп, құрылыс жобасын ерте пысықтап алуы керек. Құрылыс компанияларына әкімшілік кедергіні қолдан жасайтындар болса, маған тікелей хабарлассын! Одан әрмен құзырлы құрылымдар тексеріп, сыбайлас жемқорлық қылмысының алдын алады. Сіздерге жол-жөнекей құрылысты қалай жүргізу керектігі жөнінде ешкімнің бұйрық беруге қақы жоқ. Құрылыс сапасына өздерің тікелей жауап бересіздер. Мердігерлер жөніндегі мәлімет «Құрылыс жобаларының интерактивті картасы» сайтына енгізіледі. Сондықтан барлық жоба бақылауда болады, – деді мердігерлерге Ғали Есқалиев.

C0C4103E-90CF-465F-9984-7C7D70B4A42B

Облыс әкімі  кейде жол сапасын тексеретін мамандар келіп, құрылыс материалының үлгілерін алған соң, апталап жауап бермей жүріп алатыны жөнінде мердігерлер шағымданып жататынын айтты. Яғни осындай айла-шарғымен құрылыс компанияларын бопсалайтындар бар. Өңір жетекшісі Орал қаласында құрылыс материалдарына талдау жүргізетін зертханалардың көбейіп кеткеніне де назар аудару керектігін айтты. Жиынға қатысқан ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша департаментінің басшысы Рүстем Ақмырзаев мемлекеттік сатып алу саласында тіркелген жемқорлық фактілеріне мысал келтірді. Биыл осы салада тоғыз қылмыстық іс тіркелді. Департамент «Сатып алудың бірыңғай терезесі» ақпараттық-талдау жүйесі арқылы мемлекеттік сатып алудағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне мониторинг жүргізуде.

7BDC6A86-0976-4C35-B44E-61C26235675F

Рүстем Ақмырзаев автожолдардың сапасы үнемі қоғам назарында екенін айтты. Соңғы бес жылда республикалық бюджеттен автокөлік жолдарын салуға, қайта құруға және күтіп ұстауға шамамен 1,8 триллион теңге бөлінген. Мемлекеттік қолдау шараларына қарамастан, құрылыс жобаларының іске асырылуы көпшілік көңлінен шықпайды. Бюджет қаражатын жымқырып, сыбайлас жемқорлық қылмысына барған мамандар әрекеті әшкереленуде. Биыл «Сапалы жол – Адалдық алаңы» жобасы аясында департамент қызметкерлері «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК БҚО филаидары мамандарымен бірлесіп, жеті реті мониторинг жүргізді. Оның үшеуі облыстық маңыздағы, қалғандары қала ішіндегі жол учаскелеріне қатысты. «Жолдың сапалы салынуына тапсырыс беруші мемлекеттік мекеме ғана емес, мердігер компания, техникалық қадағалаушы, құрылысшылар да жауапты. «Сапалы жол – Адалдық алаңы» жобасының басты мақсаты – қоғамдық бақылауды жүзеге асыра отырып, халықтың игілігі үшін сапалы жол салуды қамтамасыз ету. Өткен жылы облыстық автомобиль жолдары басқармасының бас маманы пара алу кезінде ұсталды. Мұндай жайттарға жол бермеу үшін, сіз бен біз ашық жұмыс жасауымыз қажет», – деді Рүстем Ақмырзаев.

DD093376-2B74-492E-AB8D-A62745B5923F

Жиында мердігерлерге облыс әкімінің орынбасары Тимуржан Шәкімов Орал қаласындағы автожол құрылысын төрт сатылы бақылау жүйесін таныстырды.

C30C777E-05CC-4830-820A-E17C463AB4C6

– Заң аясында пара беруші де, пара алушы да жазаға тартылады. Тендер шарттарымен келісіп, сатып алу конкурсына өз еріктеріңізбен қатыстыңыздар. Құрылысты сапалы жүргізу қажет. Мердігерлер компаниялардың біразына өңір жұртшылығына  танымал, беделі зор адамдар иелік етеді. Халық алдында осы абырой-беделден айырылып қалмаңыздар. Егер құрылысты сапалы атқару қолдарыңыздан келмесе, автожолды жаңғыртудан немесе күрделі жөндеуден бас тартуға мүмкіндік бар. Кемшілікке көз жұма қарап, арандатуға еріп, тексеруші тарапқа пара беріп жүрмеңіздер. Бәріміз де өңіріміздің көркейіп, гүлденуіне жауап береміз,  – деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.

 Нұртай Текебаев

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале